БАҚЫТЫН КҮРЕСТЕН ТАПҚАН БАҚЫТ БАПКЕР

БАҚЫТЫН КҮРЕСТЕН ТАПҚАН БАҚЫТ БАПКЕР

Бақыт Жаңбырбаев туралы бір үзік сыр

Қазақстан Ресубликасының «Құрметті спорт қайраткері», Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Аса жоғары халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев жемісті жетпіс беске келіп отыр. Осынау мерейлі сәт қарсаңында қазақ күресінің әлемге танылуына өз үлесін қосқан ел ағасымен тілдесіп, оның өнегелі өмір жолына бір сәт үңіліп көрген едік.

Түркістан облысына қарасты Мақтарал ауданының тумасы Бақыт Жаңбырбаев күреспен айналысуды педагогикалық институт қабырғасында оқып жүргенде бастайды. Оның бағына орай ұстазы болып, өз ісінің хас шебері Георгий Христович кезігеді. Көзінде оты бар жігітті бірден танып, оны бар ықылас-пейілімен жаттықтыра түседі. Небәрі 42 келі келетін өрімдей Бақытты анағұрлым епті, кіл мықтылармен белдестіре отырып, шеберлігін одан әрі шыңдай түседі. Соншалықты ықыласы түсіп, өз жұмысына жан-тәнімен берілген жаттықтырушысының үмітін ақтау жолында ол да барлық күш-жігерін аямай жұмсайды. Осы орайда Бақыт Жаңбырбаев арада екі жыл уақыт өтер-өтпес қала құрамасына мүшелікке үміткер болып тіркеледі.

Ташкент қаласы құрамасының атынан күресе жүріп, өзі түрлі жарыстарда бақ сынайды. Сөйтіп, Республикалық құраманың негізгі мүшесі атанады. Одан әрі жігерлі жастың басқа мемлекеттерге жолы ашылады. Бішкек, Ашхабад, Душанбе қалаларында болып, кейін Орталық Азияның құрама командасына қабылданады. Жеңісі де жетістіктері де еселене түскен ол көп ұзамай Бақыт балуан атанады. 

Спортшы үшін бұдан кейінгі меже – әлемдік деңгейде көріну болды. Көп ұзамай, 1969 жылы Канада мемлекетінің жастар арасындағы әлем біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетеді. Ал 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына арналған Одақ бойынша өтіп жатқан жарыстардың бел ортасынан табылған балуан өзін үздіктер қатарынан көрсете білді. Одан әрі Болгарияның астанасы София қаласында социалистік мемлекеттердің ашық біріншілігінде, Грекияның астанасы Афина қаласында жеңімпаз атанып, жұлдызы жарқырай түседі.

– Институтты ойдағыдай бітіріп, Сырдария облысына қарасты мектептердің бірінде жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттім. Айға жетпей мені Өзбекстанға аға бапкерлікке жіберді. Онда да ереже бойынша өз жұмысымды бастап кеттім, – дейді Халықаралық «Алтын қыран» орденінің иегері атанған спорт саңлағы. 

1970 жылы өзі оқыған Ленин атындағы орта мектепке дене тәрбиесінің мұғалімі болып келеді. Мұнда да күрес үйірмесін үйлестіріп, жүйелі жұмыс жүргізуді қолға алады. Ал 1971 жылы Совет армиясы қатарына қабылданып, Свердловск қаласында әскери борышын өтейді. Еркін күрестен СССР спорт шебері Бақыт Жаңбырбаев әскерде жүргенде де өзін жақсы қырынан көрсетеді. Онда Орталық Орал әскери округінің құрамына алынып, абырой биігінен көрінеді. Әскерден оралған соң, мектептегі жұмысын жалғастырады. Бұрын өзі айналысқан мектеп оқушыларын қайта топтастырып, жұмысын одан әрі жүргізе бастайды. 

– Өзбекстанда институтта оқып жүрген кезімде құрамада қанша балуан болса, соның бәрі де тек қана өзбек тілінде сөйлейтін. Олардың өздерінің мемлекеттік тіліне деген ерекше құрметі мені таң қалдыратын. Осы орайда мен де өзіме серт бердім. Аға бапкер атансам, алдыма келетін адамдарды ұлтына қарамастан шешен, орыс, грек, бәрін, тек қана қазақ тілінде сөйлетемін дедім. Солай болды да. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне деген құрмет, оның қадір-қасиетін ұғыну әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп есептеймін, – деп сабақтады сөзін ұлтын сүйген арда азамат. 

Қай іске болсын жауаптылықпен қарайтын Бақыт Жаңбырбаев істі тындырымды атқаруымен өзгелерден дараланып тұрғанын айту ләзім. 1973 жылы Титов атындағы орта мектептке директордың орынбасары болып қызметке орналасқан кезде де осынау міндетті мінсіз атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа болатын. Себебі аталмыш мектептің ұл балаларының басым бөлігі тәртібі қиын оқушы ретінде есепте тұратын. Бұзақылық жасауға бейім тұратын балаларды да майдан қыл суырғандай етіп, темірдей тәртіпке үйретеді. Жаңбырбаевтың жетекшілігімен жұмыс істейтін спорт үйірмесінің белсенді мүшелеріне айналған олардың әрбірі қазақ күресінің абыройын асырып, беделін биіктетін азаматтар болып қалыптасты. Бақыт Жаңбырбаевтың тәлімімен аталмыш мектептен талай спорт саңлағы түлеп ұшты. Өзгесін айтпағанда, Дүниежүзілік қазақша күрес қауымдастығының президенті болған, қазақ күресінің майталман маманы, күресті әлемдік деңгейге көтерген азамат бір ғана Серік Төкеевтің өзі атан түйеге жүк боларлықтай. Айта берсе, биікті бағындырған бұдан өзге де шәкірттері қаншама?! Олардың әрбірінің қазақ спортына деген қызығушылығын оятып, жеңіске жету жолында шыдам мен төзім керек екенін саналарына сіңіре білді. Осы орайда Бақыт Жаңбырбайұлын тек қана кәсіби спортшы ғана емес, бар баланың тілін тапқан бала жанының бағбаны ма дерсің?!

Ол 1973-1976 жылдар аралығында облыста аға бапкер, аудандық спорт комиетінің бастығы, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, көп ұзамай бірінші хатшы қызметтерін абыроймен атқарды. 

Бір сәтте дамыл алмай, елі үшін ерен еңбек еткен азамат 1982 жылы Мақталы совхо­зының №3-ші бөлімшесіне басшылық қызмет­ке тағайындалады. Кейіннен ауданның ауыл­шаруашылығын құнарландыру мақ­сатында құрылған құнарлық өндірістік бірлес­тігінің бас директоры болып тағайындалады.

Одан әрі Киров ауданында жерді құнарландыру мақсатындағы өндірістік бірлестіктің бас директоры атанып, туған елінің ауыл­шаруашылығы саласының өркендеуіне өз қал-қадірінше зор үлесін қосады. Қоғам­дық қызметте де, жаттықтырушылық жұ­мыста да мемлекеттен жалақы алмағанына қара­мастан, өз жұмысын адал атқаратын азаматтың еңбегі ел алдында еленбей қалмады. Қазақстанда Социалистік жарыстың жеңім­пазы, Одақтың жеңімпазы атанды. Қырық жасында-ақ талай тындырымды тір­лік­ті атқарып үлгерген Бақыт Жаңбырбаевқа ми­нистр Александр Веляковтың өзі көлік мінгізіп, құрмет көрсетеді.

1993 жылы көлік апатына ұшырап, екі жыл, екі ай төсек тартып жатады. Тағдырдың мұндай сынағы да өр рухты азаматты бұдан әрі жігерлендіре түсті. Денсаулығы қалыпқа келіп, аяқтан тұрған соң, ол «Ақ алтын» акционерлік қоғамының президенті Айдархан Өтеновтың ұсынысымен зауытқа бөлім басшысы болып қабылданады. Балдақпен жүріп, осы қызметімен қоса балаларды қайта жаттықтыра бастайды. 

1995 жылы Бақыт Жаңбырбаевтың атында турнир ұйымдастырылып, көлік тігіледі. Осынау дүбірлі дода спорт саңлағына зор күш-қуат сыйлап, саладағы жұмысын одан әрі жандандыра түседі.

2001 жылы аудандағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы қызметіне тағайындалады. Аталған мектептен қаншама спорт саласы үздіктерінің түлеп ұшуына себеп болады.

2004 жылы Пусан қаласында 112 мемлекет қатысқан симпозиумда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрылуына мұрындық болады. Әлем жұртшылығының басын қосқан осынау ауқымды іс-шарада қазақ күресін дүниежүзіне таныстырып, дүниежүзілік күрес одағына кіруіне ықпал етеді.

Қазақ күресінің дамуының басы-қасында жүрген Бақыт Жаңбырбаев 11 рет Азия чемпионатын, 8 рет әлем чемпионатын өткізуге септігін тигізеді.

– Жаратылысынан қуатты Бақыт Жаңбырбайұлы қоғамдық-саяси жұмыстардың да бел ортасында жүреді. 2015-2017 жылдары Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Жетісай ауданындағы өкілі болып қызмет атқарады. 

– Ол кезде «Ақ жол» партиясының ОҚО филиалының төрағасы Анарбек Орманов болатын. Партияның орталық аппаратынан келетін барлық үндеулерін, арнайы бағдарламаларын, қабылдап алып, оның аудан көлемінде орындалуы жолында жұмыс істейтінмін. Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясының бастамасымен елдің ынтымақ-бірлігін сақтау мақсатында көптеген іс-шаралар өткіздік. Сонымен қатар, партияның қолдауымен жастар мен жасөспірімдер арасында қазақ күресінен халықаралық додаларды өткізіп жүрдік. Сонымен қатар, өз ауданымызда ғана емес, облысқа қарасты Отырар, Ордабасы және т.б көптеген аудандарда қазақ күресінен дүбірлі жарыстарды өткіздік. 

Сондай-ақ облыс орталығында өтетін ауқымды жиындардың барлығының басы-қасында болып, түрлі келелі мәселелерді талқылауға үн қосып жүрдім. Елімізге белгілі халық қалаулылары Азат Перуашев, Қазыбек Иса бастаған «Ақ жол» фракциясы депутаттарының елмен жүздесулерінде де бірге жүріп, елді толғандырған мәселелердің шешімін табуына да септігімізді тигізген кездеріміз болды, – дейді қоғамдық белсенді ел ағасы. Бүгінде өзінің жетпіс бесінші көктемін қарсы алғалы отырған Бақыт Жаңбырбаевты мәуелі бәйтерек десе болғандай. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші белді бапкерден тәлім алған шәкірттері бүгінде талай шыңды бағындырып келеді. Олардың бәрін тізбектеу әсте мүмкін емес, әрине. Десе де, солардың бірқатарын атап өтуін сұрадық.

 «Өзің бағындырған белестің қуанышы бір бөлек те, ал шәкірттеріңнің жеткен жетістігін сөзбен айтып жеткізу әсте ерекше. Олардың әрбірінің жеңісі менің де рухымды көтерді. Адал еңбек, маңдай термен елімнің алдында абырой биігінен көрінуден асқан бақыт жоқ. Алақанда аялаған еліме, халқыма, шексіз ризамын. Біздің негізгі ұстанымымыз – елден әлемдік деңгейдегі шәкірттерді шығару болды. Діттеген мақсатымызға жеттік те. Осы орайда бітқатар шәкірттерімді атап өтсем артық болмас. ҚР Олимпиадалық құрамының мүшесі Смайыл Дүйсебай, Астана қаласының бас бапкері Айтжан Айнабеков, Алматы қаласы бойынша Самбоның бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғалым Теміров және т.б шәкірттерім бүгінде спорт саласында еңбек етіп келеді. Бұлардың әрбір жетістігін көрген сайын кеудемді қуаныш сезімі кернейді», –дейді бүгінде Жетісай ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін абыройымен атқарып жүрген Бақыт Жаңбырбаев.

Қазіргі таңда Мақтарал, Жетісай аудандарының, Түркістан облысының Құрметті азаматы Бақыт Жаңбырбаев өңірдегі қоғамдық мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ете білетін елім деген ердің бірі. Күні бүгінге дейін қаншама орден, медальмен марапатталып, ел алдында еңбегі еленген жаны ізгі жанға жетпіс бес жасыңыз құтты болып, жарқын жүзбен жүзге жетіңіз деген ізгі ниетімізді білдіргіміз келеді. 

Гүлмира САДЫҚ,

Қазақ үні 

ӨМІР-КҮРЕС

Қазақстан Республикасынының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі төреші, еркін және қазақша күрестерден Қазақстанның, Өзбекстанның, Орталық Азияның бірнеше дүркін жеңімпазы, Түркістан облысының және Жетісай, Мақтаарал аудандарының Құрметті азаматы Бақыт Жаңбырбайұлына.

Тура келген апатқа бұл жоқ айла, 

Тар төсекке таңылдың сен көп айға... 

Боз кілемде ойнақтаған балуанға, 

Бозарып-ақ жату деген оңай ма?   

Қайрауында жігер менен намыстың, 

Сегіз жүз күн аурумен алыстың. 

Рухыңды түсірмедің жыр оқып, 

Әр ақыннан алып жаның әр ұшқын...  

Білектің жоқ... 

Жүректің көп дірілі... 

Сазға бөлер Сабырханның сыры, үні... 

Толғатады Төлегеннің жыры ұлы.

Қадыр қайрап, 

Мұқағали мұңдасып, 

Сезім шайқар Тұманбайдың тұнығы...   

Тағдырымен тайталасып тірескен. 

Ақын жанды ең жүрегінен жыр ескен.

 «Өмір күрес» дегендей-ақ, өр аға, 

Бақытыңды таптың ақыр күрестен.   

Келісті ерден кете қоймас бақ көшіп... 

Талай тарлан шәкірттерің жатты өсіп. 

Алыс-жақын жатыр бүгін дүрлігіп, 

Атыңдағы жарысқа да ат қосып...   

Қажымұқан қайрат берген қалпыңда, 

Нағыз бапкер атандың сен нар тұлға. 

Талай тойда қызмет еткен асаба ең, 

Тамашаңды тойлауда енді халқың да...   

Жемісін де төгеді ағаш жерінде, 

Ел ішінде ие болдың сенімге.

 Кілемде де көрмеп едің жығылып, 

Өмірде де ешуақытта жеңілме!   

Қазыбек ИСА

1995 жыл