Туризм және спорт министрлігі спорт түрлерін іріктеу жүйесін өзгерту туралы заң жобасын әзірледі
2024 ж. 13 қараша
407
0
ҚР Туризм және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.
Құжатта еліміздің спорт саласында жаңа іріктеу жүйесін енгізу қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, басым спорт түрлері олардың әлемдік рейтингтері негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиа, Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама командаларының көрсеткен нәтижелері бойынша іріктелетін болады.
Бұл өзгеріс Қазақстанның спорттық құрамаларын дайындаудағы басымдықтарды нақтылайды және халықаралық деңгейдегі нәтижелерге негізделген жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің спортшыларын халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті ету үшін нақты және нәтижеге бағытталған саясат жүзеге асырылмақ.
«Бұл заң жобасы спорт саласындағы жаңашылдықтарды енгізуді, тиімділікті арттыруды және Қазақстанның спорттық құрамасының халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиа, Азия және Пара Азия ойындарындағы нәтижелерді басты бағдар ретінде алып, еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз», – деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Заң жобасының қабылдануы спортты дамыту жүйесін жетілдіріп, Қазақстанның әлемдік спорт аренада озық жетістіктерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.