Сметовтың жеке бапкері: Шәкіртімнің қасында жүруіме көп адамдар қарсы болды
2024 ж. 02 тамыз
8063
0
Франция астанасы Парижде журналист Аслан Қаженовке сұхбат берген Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің Олимпиада алдындағы қиындықтары туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Елдосты 2012 жылғы Олимпиада ойындарына дайындадық. Одан кейін 2016 жылғы Рио, 2021 жылғы Токио додасына қостық. Осылай ақырындап мақсатқа жеттік. Кішкентайынан ызақор болатын. Сонысын біліп, әдейі ызаландыратынмын. Ызақорлығы Елдостың мінезін қайрады, - деп Ғалымжан Жылгелдиев екеуінің ара-қатынасы әке мен баладай екенін де айтты.
Бала «әкем не дейді екен» деп аузына қарап отырады ғой. Елдосты баламдай көрем. Керек кезде мақтаймын, қажет кезде ұрысып та аламын. Сүйектен өткізіп айтатын уақытым да болады. Қалжыңдасып та жүреміз. Кейінгі уақытта «Елдос, сенің өзіңнің бес балаң бар, саған қашанғы ұрса беремін» деп қалжыңдасатын болдым.
Олимпиада ойындарының алдында Сметов Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатына қатысып, 5-орын алып қалды. Сол сәтсіздіктен кейін жанкүйерлердің ғана емес, мамандар арасында да үлкен дау болып, Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын кім қорғайды деген мәселе көтерілді. Нәтижесінде Алматыда басты үміткер үш дзюдошы: Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин арасында қосымша мини-турнир бәсекесі өтті.
Үш үміткерді күрестіру туралы әңгіме шыққанда Елдос бұлқан-талқан болды. Мен де ашуландым. Екеуміз де демалыста болатынбыз. Ақыры сабырға келіп, Елдосқа күресесің дедім. Олар да жау емес. Елдостың өзінің інілері. Біршама жас дзюдошылар. «Біреуін оңға таста, екіншісін солға лақтыр» дедім.
Сол жекпе-жектерде Елдос екеуін де жеңіп, Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Дегенмен, дайындық барысында кедергілер аз болған жоқ.
Екі жыл бұрын Қазақстанған Франциядан мамандар келіп, ұлттық құрамаға кеңесші-бапкер ретінде біздің дзюдошыларды жаттықтыра бастады. Басында мен де көрсін дедім. Бірақ бағдарламасы өзіме ұнаған жоқ. Бізді жақындатпады. Содан Елдостың өзі «маған бұл бағдарлама ұнап тұрған жоқ, сізбен дайындалам» деп төтесінен айтты. Алайда шәкіртімнің қасында жүруіме көп адамдар қарсы болды. Жанына жолатпауға тырысты. Сол кезде төраға Ербол Мырзабосынов (ҚР Спорт және туризм министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – автор) көмектесті. «Ғалымжан, сізге не керек? Қандай жағдай керек? Өзіңізге сенеміз» деп маған Елдосты жеке шығарып берді. Жаттығуымызға барлық жағдайды жасады. Тіпті, Олимпиаданың өзінде жарыс өтіп жатқан залға кіріп-шығуымызға дейін көмектесті, - деді Елдостың жеке бапкері.
Ғалымжан Жылгелдиевтің пікірінше, Сметов Олимпиададан кейін де спорттан кетпеуі қажет. Олимпиада чемпионын тәрбиелеген маман әлі де Елдосты ел спортына берері мол дзюдошы деп есептейді.
Елдосқа қарап, өзге жастар үлгі алып, алдағы үлкен додаларда зор тәжірибе жинайды. Ұлттық құрамада жүріп-ақ, Сметов басқа ізбасарларын соңынан ерте алады – деді Жылгелдиев.