ТҮРКІСТАНДА БОКСТАН БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН XXII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
2024 ж. 12 сәуір
2887
0
Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің алғашқы иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы XXII халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген жігіттер мен қыздардан құралған 200-ден астам спортшы 19 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.
Жарыстың жабылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ел спортындағы жарық жұлдыз – Бекзат Саттарханов туралы ой қозғап, чемпионның есімі мәңгі ел есінде қалатынын айтты. Спортшыларды марапаттады. Сонымен бірге Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова мен бокс ардагерлері де естеліктерін айтып, жарыс жүлдегерлері мен чемпиондарына құрмет көрсетті.
Түркістан төріндегі бокс додасында Саттарханов турнирінің жүлделері бірнеше өңір мен мемлекеттің спортшыларына бұйырды. Дәлірек айтсақ, 15 команданың өкілдері медаль алды. Бейресми жалпыкомандалық есепте 13 медаль олжалаған Түркістан облысының өрендері бірінші орынға шықса, екінші орын Алматы қаласының боксшыларына бұйырды. Үшінші орынға Жамбыл облысының спортшылары иелік етті. Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы облыстары да жақсы нәтиже көрсетсе, Қырғызстан мен Өзбекстан боксшылары да Түркістаннан олжалы оралды.
Ринг қожайындарының нәтижесіне тоқталсақ, қыздар арасында бақ сынаған 54 келідегі Лия Абдуллаева мен 75 келіде Шұғыла Нәлібай барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын медальді мойындарында жарқыратты. Ал күміс жүлдеге қол жеткізген арулардың қатарында 54 келіде Бағжан Отынбай, 60 келіде Тоғжан Ыстыбай, 66 келіде Мерей Серікқызы сынды дарынды спортшылар бар. Сонымен қатар Мерей Тұрсынбек 57 келіде қола медальға қанағат етті.
Ал ерлер арасында шаршы алаңда жасындай жарқылдаған ұландар жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Бекзат Саттарханов ағасы сияқты олимпиада чемпионы болуды армандайтын, 57 келіде күш сынаған түркістандық жас спортшы Ерәділ Ұзақбай ақтық сында өзбек боксшысын қапы қалдырып, алтын медальдің иесі атанды. 63,5 келіде Ахмет Үсен де ринг төрінде атой салып, жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді. Сондай-ақ 67 келіде Сұлтан Тұрдалы күміс жүлдеге қол созды. Тартысқа толы өткен бокс бәсекесінде 80 келіде ел намысын қорғаған Қуаныш Жолдасбек пен +92 келіде жұдырықтасқан Мұхтархан Әріпхан қола медальды місе тұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне белбеу, медаль және диплом табысталды.
Дәстүрлі бокс бәсекесін Түркістан облысы әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебі жоғары дәрежеде өткізді.