Қазақтың қос баласы Португалияның танымал футбол клубына қабылданды
2024 ж. 29 ақпан
4095
0
Қарапайым қазақтың қос баласы Португалияның танымал футбол клубына қабылданды. Біреуі отандық "Арландар" футбол клубының дайындаған футболшысы. Екеуі де Спортинг Браганың U13 командасына қабылданды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне белгілі футбол маманы Фазылбек Әбсаттарұлы хабарлады.
- Клубпен шартқа отырдық. Португалия футбол федерациясына тіркелді. Ресми түрде футболист. Екіншісі, Түркістан қаласындағы Тұран ФК-ның ойыншысы, Спортинг Браганың U12 командасына қабылданды. Қазақстанда ештеңе өнбейтін болған соң, амал жоқ, футболдың отаны деген - Португалияға барып жұмыстанып жатырмын. Әсіресе балалар футболында Португалияны әлемде №1 десем болады. Футболшылардың фабрикасы десем болады. Мені ешкім қаржыландырып жатқан жоқ. Өз маңдай теріммен ақша тауып, жеке қаржыма жасауға тырысып жатырмын. Бұл жерде басты айтатын нәрсе, Қазақ балалары да әлемдік жұлдыздар секілді футбол ойнай алатынына дәлел. Португалияға 7 жыл бойы балалар апарып жүріп, әбден көз жеткіздім. Қазақ балаларының еуропалықтардан артық футбол ойнамаса кем ойнамайтынына. Жалпы Қазақ халқының талантты халық екеніне көз жеткізген соң, осылай әрекеттеніп жатырмын, - деді ол.
Сонымен қатар, футбол маманы отандық футболдың даму деңгейіне қатысты ойларымен бөлісті.
- Футболды дамытуға арналған ешқандай жоспар, бағдарлама жоқ. Құжат жүзінде бірдеңелер бар шығар. Бірақ ол құжаттардың ешқайсысы өміршең емес. Яғни, қандай да бір құжат (бағдарлама, бұйрық, ереже, әдістеме, тб) қабылдаған кезде, оның жүзеге асыру жолдары қарастырылуы керек. Ол құжатқа ғылым гарантия беруі керек. Ғылымның гарантия беруі деген: ол құжатқа ғалымдар қорытынды беруі керек, эксперименттен өткен болуы керек, апробациясы керек, импирический деректер керек, тб.... Сол кезде ол құжаттың нақты жүзеге асатынына кепілдік болады. Бізде бұлардың ешқайсысы жоқ. "Қандай спортшы дайындайды, қандай мақсатта, қалай дайындайды, қандай бағытта дайындайды, мақсат не?" деген сияқты қарапайым сұрақтардың басы ашық. Бізде презентация керемет өтсе, әдемі сөздер сөйлесе болды, ол құжат қабылданады. Бірақ ол құжаттың ғылыми негіздемесіне ешкім мән бермейді. Ең қызығы, 33 жылда қабылданған кез келген құжаттың нәтижесі үшін ешкім жауапқа тартылмаған, жауап бермеген. Әрине одан кейін білгенін істейді. Біздегі жасалып жатқандардың көбі - эксперименттік жобалар. Адам кез келген зат, тауар, дәрі, тб. тұтынатын кезде - оның жүздеген эксперименттен өтіп, гарантия алған соң барып тұтынады ғой... Ал спорттағы пайдаланатын нәрсенің, қызметтің, жаттығудың адам денсаулығына қаншалықты пайда, нәтиже береді, зияны туралы ешқандай кепілдік жоқ. Қарапайым мысалы: спортына ешқандай бюджет бөлінбейтін Норвегия, АҚШ секілді елдердің нәтижесі мен бюджеті миллиардтаған соманы құрайтын Қазақстанның нәтижесі жер мен көктей, - дейді Ф. Әбсаттарұлы.
Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда еуропа футбол клубтарына балаларды апару үлкен бизнеске айналып кеткен.
- 33 жыл ішінде еуропаның үздік профессионал клубтарына апарып қабылдаттырған ешкім жоқ. Менің көрген, естігендерімнің бәрі өтірік. Егер "5-6 млн теңге беріңіз, балаңызды еуропаның клубтарына апарамын" десе, одан қашыңыз. Ешқандай профессионал клубтар іріктеу мен балалар байқауын ақылы өткізбейді. Барлығы тегін. Сол миллиондап шашып апарып жатқандар ішінен "қабылданды деген балалардың клубтағы ресми сайтынан ақпарат, сілтемесін жіберші" десе, ешқайсысы жібере алмайды. Қарапайым ғой, егер бала шынымен қабылданса, сайтындағы командада суреті, ақпараттары толық тұрады ғой, - деп ескертеді Ф. Әбсаттарұлы.