«Барыс» «Ак Барс» командасына есе жіберді
2023 ж. 07 қараша
5143
0
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді, - деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.
Кездесу барысында қазақстандық команда алғашқы минуттан белсенді қимылымен көзге түсті.
«Ак Барс» қақпасы маңында жиі бой көрсетті.
Нәтижесінде небәрі 1-минутта «Барыс» хоккейшісі Понтус Оберг есеп ашып кетті.
Оның командалас әріптестері Джозеф Лабейт 6-минутта есепті үстемелей түссе, Давид Скленичка 14-минутта мергендік танытты.
Бірінші кезеңнің соңына таман ресейлік клуб есеп айырмасын қысқартты. Бұл голды 16-минутта Дмитрий Яшкин өзінің еншісіне жазды.
Одан кейін Дмитрий Юдин — 25, 42, Дмитрий Яшкин — 40, Дмитрий Кателевский — 54-минутта төрт шайба соғып кетті.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберді.
Енді «Барыс» 7 қарашада елордада «Ак Барс» командасына қарсы тағы бір ойын өткізеді.