Алматы облысында ұшқыр бәйгеден QAZAQ WORLD CUP турнирі бастау алды
2023 ж. 01 мамыр
6066
0
1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Алматы облысы Талғар ауданындағы Қобыланды батыр атындағы ипподромында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұшқыр бәйгеден Qazaq World Cup турнирі өтті.
Аталмыш жарысты ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Алматы облысының әкімдігі, республикалық «Бәйге» Федерациясы, «Қазақ Жокей Клубы» қоғамдық ұйымы мен «Bayserke Agro» холдингі ұйымдастырды.
Турнирдің ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов арнайы қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі М. Сұлтанғазиев көрермендерді 1 мамыр мерекесімен құттықтап, турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
«Бәйге беріп, ат шаптырту еліміздің ежелден келе жатқан дәстүрі. Шараға келген меймандардың қарасы соның айқын нышаны деп білемін. Бүгінгі таңда Алматы облысында Ұлттық спорт түрлерінен 39 291 спортшы жаттығатын 774 секция бар.
Qazaq world cup турнирі Алматы облысында Ұлттық спорттың кеңінен дәріптелуіне септігін тигізеді деп білемін» деп айтты өз сөзінде Марат Елеусізұлы.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзлік Көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары қазірден қызу басталып кеткенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы спорттың, оның ішінде ұлттық спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Біз келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өткіземіз. Оған әлемнің 100-ден аса елдері келеді деп күтілуде. Бұл іс-шараны біз өте жоғары деңгейге өткізуіміз тиіс. Ол – бізге артылған негізгі міндет болып табылады. Сондықтан бүгінгі ұйымдастырылып жатқан ұшқыр бәйгеден Qazaq World Cup жарысы Көшпенділер ойындарына дайындығымыз деп білемін» деді Сәрсен Абайұлы.
Ал, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов болса жарыстың маңыздылығына тоқталды.
«Жалпы, ат бәйгесі - қазақ даласында ертеден жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі екені баршамызға белгілі. Бүгінде бәйге спорты қанатын кеңге жайып, бұқаралық сипатқа ие болып отыр.
Бүгінгі таңда ұлттық спортымыздың дамуы, оның әлемге насихатталуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында. Атбегілік – атадан қалған кәсіп әрі өнер. Қазіргі таңда жастарымыздың арасында тай жаратып, жылқы баптауға ден қойғандар қатары көбейіп жатқанына өз басым өте қуаныштымын!
Осындай додалар арқылы біз әлемдік ареналарға шығатынымызға сенімдімін!» деп айтты Исламбек Төлейбайұлы.
Айта кетейік, бәйге жеңімпаздары Кубокпен және қомақты жүлделермен марапатталды. Одан бөлек көрермендер арасында «Ең үздік ұлттық киім», арқан тарту, қыз қуу, асық ату сынды ойындардан сайыстар өтіп, соңы елімізге танымал өнер жұлдыздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.