КҮРЕСКЕР БАПКЕР, РУХТЫ СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ
2023 ж. 02 сәуір
6909
0
Қасиетті рамазан айында «Ақ жол» демократиялық партиясы басшылығы волейболдан паралимпиадалық Қазақстан құрамасымен жолығып, спортшыларға ауызашар берді.
Әлемдік рейтингте 7-ші орында тұрған спортшыларымыз алпауыт АҚШ құрамасынан да алда тұр. Құрама мүшелерінің барлығы “Ақ жол” партиясы мүшелері. Биылғы сайлауда құрама капитаны, әйгілі жаттықтырушы Бауыржан Тахауов “Ақ жолдан” тізіммен Атырау облыстық мәслихатына кандидат болды.
Құрама командада Атырау, Жаңаөзен, Кұлсары, Жетысай, Тараз, Талдықорған т.б. аймақтардың азаматтары тартысты ойын көрсетіп жүр.
«Ақ жол» демпартиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Ержан Бейсенбаев спортшылармен бірге паралимпиадалық спорт пен федерациясының ағымды мәселелерін талқылап, депутаттар Мәжілістегі фракция жұмысы жөнінде ақпарат берді.
Азат Тұрлыбекұлы жастарға олардың ерлігі мен қайсар мінездері үшін алғыс білдіріп, спорт аренасында да, өмір жолында да жеңістен жеңіске жетулерін тіледі.
- Расында, осы жігіттерден рух түсірмеуді, кез-келген қиыншылықтан бас имей өтудің үлгісін алған абзал, - деді А. Перуашев.
Өз кезегінде, спортшылар өзекті мәселелерін айтып, депутаттардың назар аударуын сұрады.
- Біздің жігіттер волейболды отырып ойнайтыны болмаса, классикалық волейболшылардан еш кем емес. Алайда, олардың айлығы бүгінде 3-10 миллион аралығында болса, біздің спортшылар 250 мың теңгені місе тұтып жүр. Бұл әділетсіздік ғой. Біздің ұлттық құрама 78 елден тұратын әлемдік рейтингте 7-ші орында, ал, классикалық волейболшылар құрамасы 117 орында, - деді Б. Тахауов.
Мәжіліс депутаттары спортшылардың көтерген мәселелерін назарға алып, тиісті министрлік алдында көтеретіндіктерін айтып, қолдайтындықтарын жеткізді.
Осы орайда, Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан параволейбол құрамасының басты нәтижелеріне тоқталайық:
2009 жыл. Дүние жүзінің жастар арасындағы чемпионаты. Иран. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.
2010 жыл. «Б» дивизионы бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионаты. АҚШ. Қазақстан құрамасы – алтын медаль.
2012 жыл. Ересектер арасындағы әлем кубогы. Египет. Қазақстан құрамасы – төртінші орын.
2014 жыл. Азия құрлығының лицензиялық іріктеу турнирі. Иран. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.
2014 жыл. Параазия ойындары. Оңтүстік Корея. Қазақстан құрамасы – төртінші орын.
2016 жыл. Лицензиялық әлем кубогы. Қытай. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.
2017 жыл. Азия чемпионаты. Қытай. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.
Бұл – республика құрамасының халықаралық деңгейде қол жеткізген белестері болса, Тахауов жаттықтыратын Атырау облысының командасы 2010 жылдан бері параволейболдан Қазақстан чемпионатының алтын медалін ешкімге ұстатқан жоқ.
Жалпы, Бауыржан Тахауовтың параволейболға келуінің өзі – тағдырдың сынағы. Бұл туралы белгілі спорт журналисті Қыдырбек Рысбек қазақтың әйгілі бапкерлері туралы кітабында былай деп жазады:
- 1990 жылы күзде Маңғышлақ теміржол стансасындағы түнгі кезекшілік кезінде оң аяғы поездың астында қалып, тізеден кесілді. Сол апат кезінде оң бармағынан да айырылып қалды. Жиырмадан жаңа асқан жігітке бұл жағдай оңай соққан жоқ. Содан бір күні Алланың қалауымен отырып ойнайтын волейболшыларға қосылды. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар азамат шеберлігін шыңдай келе Қазақстан құрамасынан орын тепті. Ал қазақ құрамасының сол тұстағы бас бапкері – бір кездегі даңқты волейболшы, 1966 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1965 жылғы әлем кубогының жеңімпазы, 1967 жылғы Еуропа чемпионы Жәнібек Сауранбаев болатын. Сауранбаев тізгінін ұстаған Қазақстан параволейбол құрамасы 1994,1998 жылдардағы Паразиада ойындарының жеңімпазы. Тоқсан сегізінші жылғы олжалы ойындарға Бауыржан да қатысты. Осы жеңістен кейін Тахауовқа «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді. Құрамында Бауыржан ойнаған Қазақстан құрамасы 2002 жылғы Паразиада ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Жәнібек Сауранбаевтай саңлақтан тәлім алған Бауыржан Тахауов ойыншы ретінде ғана шыңдалып қойған жоқ, бірнеше жыл бойы осы ойынның тереңіне бойлап, қыр-сырына қаныға түсті. Ұлттық құрамадағы жылдар Тахауов үшін есею әрі жетілу мектебі болды.
2005 жылы Бауыржан Тахауов баптаған Атырау командасы Қазақстан біріншілігінің қола медаліне қол жеткізді. 2007 жылы Б.Тахауов Атырау облыстық әкімдігінің алқалы жиынында мүгедектер спортын клубтық жүйе арқылы дамытуға болатынын шегелей айтып, нәтижесінде республикадағы алғашқы спорт клубы өмірге келді. 2009 жылы негізі атыраулықтардан тұратын Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатының қола медалін ұтып алды. Осы жеңістен кейін Атырау облысының әкімдігі Бауыржанның клубына спорт ғимаратын тұрғызып берді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Қазақстандағы тұңғыш дербес спорт ғимараты болатын.
Міне, бойында күрескерліктің өр рухы бар бапкер мен саңлақ шәкірттері от пен суды қатар кешіп жүріп, отандық параволейболды әлемдік деңгейге көтеріп отыр.
Біз де өз кезегімізде спортшыларға төзімділік пен табандылық тілеп, алдағы додаларда сәтті өнер көрсетуін, аталған түйткілді мәчелелердің ретін тауып шешілуін тілейміз.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні