ҚазҰУ-да жоғары оқу орындары арасында үстел теннисінен республикалық турнир өтті
2023 ж. 13 наурыз
5711
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Наурыз мерекесі қарсаңында жоғары оқу орындары арасында Ping Pong Challenge Almaty – 2023 деген атаумен үстел теннисінен республикалық турнир болып өтті. Турнирге 19 жоғары оқу орнынан 24 команда қатысты.
Ерекше атап өтерлігі, бұл чемпионат Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасы әрі қолдауымен өтіп отыр.
Спорттық доданы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде проректор қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.
«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын жаңаша атап өту және оның маңыздылығын арттыру жөнінде арнайы тапсырма берген. Осыған байланысты Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа Тұжырымдамасы дайындалған болатын. Оның басым бағыттарының бірі – бұқаралақ іс-шаралар мен спорттық ойындар ұйымдастыру. Бүгінгі үстел теннисінен ЖОО командалары арасындағы республикалық чемпионат осы Тұжырымдама аясында өткізіліп отыр. Шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау», - деді университет проректоры.
Еске сала кетейік, Қазақстанның үстел теннис федерациясы 1993 жылы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарды. Президент ресми іс-сапарлары барысында мемлекет басшыларымен пинг-понг ойнап тұрады.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға Сүлейман Демирель университетінің командасы ие болды. Екінші орынды Narxoz университетінің командасы жеңіп алса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы үшінші орынға көтерілді.
Жарыс жеңімпаздарына диплом мен чемпионат кубогы табыс етілді.