БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – БОЛАШАҚ ЖЕҢІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ
2022 ж. 13 тамыз
8516
0
Бұрындары – «Спорт – бейбітшілік елшісі» деген ұғым болатын. Әлемде капиталистік және социалистік жүйелер арасындағы мұздай қарулануға негізделген «қырғи-қабақ соғыс» күшейіп, мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастар тоқырап тұрғанда, олимпиада мен әлемдік біріншіліктерде түрлі ұлттардың спортшылары бас қосып, бір-бірімен араласып, сеңдей сірескен саяси жағдайға жылу беретін. Сондықтан да спортты бейбітшілік елшісі деп атайтын. Бүгінгі жағдай мүлдем өзгеше, бүкіл адамзат спортты өмірінің бұлжымас бөлігіне, күнделікті тіршілігінің тірегіне айналдырды десек те болады. Дүбірлі додаларды теледидарға телміре отырып тамашалап, жеңстерімізге қуанып, жеңілістерімізге өкініп те жатамыз...
«Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол да негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Сонау 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты мемлекет басшысының Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеп, бұқара¬лық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширату, оның ішінде спорт кешендерін қалпына келтіріп, жаңа нысандарды салу тап-сырылған-¬ды.
Бұл ша¬ралардың барлығы Қазақ¬стан спор¬тының әлемдік дең¬гей¬дегі бәсекеге қабілеттілігін көте¬ру¬ге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталғаны белгілі. Еліміздің көптеген аймақтарында спорттық инфрақұ¬рылымды дамытуға сол кезде қабылданған «Жол кар-тасы» бағдарламасы да өзінің игі ықпалын тигізді. Одан кейінгі VІІ Қысқы Азия ойындары мен Универсиадаға арнайы са¬лынған нысандар еліміздің спорт¬тық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. Осы бағдарламаның ая¬сын¬да спорт нысандары жөнделді. Дене шынық¬тыру¬мен, спортпен тұрақты шұғыл¬данатын қазақстандықтардың қатары өсті. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрық¬ша ден қойыла бастағанына куә болдық. Егеменді ел ретінде түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, елеулі табыстарға жетіп, еліміздің көк туын желбіреткен кездер де аз болмады.
Әрине, қандай істе болса да мемлекеттің қолдауы аса қажет. Ол алдымен ұйымдастырушылық және қаржылық қолдауды талап етеді. Бұл мәселе бүгінгі кезеңде де күн тәртібінен түскен жоқ. Мысалы, осы көктемде Үкіметте бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралғанын білесіздер. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен министрлер кабинетінің отырысында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сонымен қатар облыс әкімдері есеп беріп, аймақтардағы спортты дамыту барысы туралы баяндады.
Мәдениет және спорт министрі Д. Абаев Президент тапсырмасына орай мемлекеттің халықтың дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысуын үнемі қамтамасыз етіп отыруы маңызды екенін атап, оны іске асыру аясында министрлік әкімдіктермен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірқатар шараларды іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. «Жалпы аймақтық стандарттар жүйесі бойынша мың адамға арналған спорт залдың аумағы 80 шаршы метрді құрауы керек. Алайда өңірлердегі нақты жағдай бұл стандартқа сәйкес келмейді. Елді мекендерде спорт залға деген қажеттілік бір жарым миллион шаршы метрден жоғары, ал қолданыста 935 мың шаршы метр бар. Демек, спорт алаңдарының тапшылығы 39% немесе 574 мың шаршы метрді құрайды», – деді ведомство жетекшісі. Министрдің айтуынша спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатымен 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы жүзеге асырылған. Бұдан басқа, министрлік тарапынан Үкіметке 2025 жылға дейін спорттық инфрақұрылымды дамытудың арнаулы жоспары ұсынылған. Осы құжат аясында 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 113-і – жаңа нысандардың құрылысы, 21-і – реконструкциялау және 6 жоба – қосымша жарақтандыру.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс – азаматтардың әлеуметтік жай-күйін жақсартудағы маңызды құралдардың бірі, қаржыландырудың көзі. 2021 жылдың 1 мамырынан бастап спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру механизмі енгізілгені белгілі. Осы шара барысында 4 пен 17 жас аралығындағы 217 мың бала мен жасөспірім барлық аймақтарда тегін спорт секцияларына қатысып жүр. Алайда бұл механизм әлі де жетілдіруді қажет ететінін айтты министр. «Мұны уақытында шешпесек, Президенттің тікелей тапсырмасының орындалмай қалуының қаупі бар және әлеуметтік наразылық та артуы мүмкін. Ең алдымен, қаражат тапшылығы. Бірқатар өңірде бір жылға бөлінген ақша бір тоқсанда жұмсалған, artsport.kz порталының жұмысына қатысты мәселелер де жетерлік. Жергілікті атқарушы органдармен қатар, қызмет ұсынушылар да порталды теріс пайдаланған жағдайлар кездеседі», – деді Дәурен Әскербекұлы.
Осы мәселеге қатысты Мәдениет және спорт министрлігі қызмет ұсынушылардың өтінімін қарастыру мерзімін 5 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін ұзартуды ұсынды. Бұл өтінімді сапалы түрде қарастыруға мүмкіндік беретін болады. Сол сияқты ғимараттың сыйымдылығы мен жаттықтырушы санына қарай, бір қызмет ұсынушыға спорт түрі, айналысатын топтар мен бала саны бойынша шектеу орнату, artsport.edu.kz платформасын мұқият жетілдіру керектігі де айтылды. «Ең алдымен, оны мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау қажет. Сондай-ақ порталдың ҰҚК Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне тестілеу жүргізу қажет. Жүйе жұмысындағы олқылықтар «өлі жандарды» қаржыландыруға, келу санын көбейтуге, жеткізушілер мен қаржыландырудың қайталануына, балаларды секциялар мен үйірмелерге жеткізушілердің өз қолымен қабылдауына мүмкіндік береді. Көп жағдайда бір жаттықтырушы әртүрлі жеткізушілердің өтінімдерінде кездеседі. Спорт мектептерінің оқушыларын жалпы тізімге тіркеу фактілері анықталды. Портал жұмысындағы осындай олқылықтардан адал жеткізушілер мен балалар зардап шегеді», – деді сала министрі.
Минист𠬬¬¬жергілікті бюджеттің жалпы спортқа жұмсалатын шығынының жыл сайынғы лимиті туралы сөз қозғап, оның кем дегенде 10 пайызы жан басына қаржыландыруға бағытталуын ұсынды. Бұл салаға бағытталған шығын аз болса, механизм әрі кетсе жарты жыл жұмыс істейді. Жан басына қаржыландыру механизмі шынайы пайда әкелмесе, оған адамдар сенімсіздік таныта бастайды. «Жүз мыңдаған бала мен жасөспірім уақытын сапалы өткізуге мүмкіндік алды. Алдағы он жылдың көлемінде біз мұның зор нәтижесін көреміз. Механизмді жетілдіру – шешілетін мәселе», – деді ол.
Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт – 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті түрде енгізілді. Қазір оқушылар арасында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» пен «Асық ату» сияқты халқымыздың ежелден келе жатқан спорттық ойындары кеңінен танылды. 2021 жылы 57 мың адам ұлттық спортпен айналыса бастаса, қазір елімізде төл спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар саны 500 мыңнан асты. Спортқа ынталандыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастыру ұтымды әдіс болып есептеледі. Ол әр адамның қызығушылығын ғана арттырып қоймайды, сонымен қатар өз күшін бағалап, жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылдырады. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында спорттық лигалар өткізіліп отырады. Ұлттық мектеп лигасының сайыстары баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, үш адамдық баскетбол, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстарға 1,5 млн-нан астам оқушы қатысады. «Ең алдымен, бұның үлкен идеологиялық әсері бар. Олар оқушылардың әлеуметтік капиталын дамытуға, мектептен, кенттен, ауданнан тыс байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді, тәртіпті, жауапкершілікті дамытады, кіші Отан үшін бірлік пен мақтаныш сезімін нығайтады. Сондай-ақ, бұл – талантты спортшыларды анықтаудың ең тиімді құралдардың бірі», – деді Дәурен Абаев.
Бұқаралық спорт деген атауы айтып тұрғандай, алдымен тұрғындарымыз барынша көбірек қамтылу қажет. Мәселе спорт кешендерін салып берумен ғана шешілмейді. Соның бірі – жаттықтырушылар мен спорттық нұсқаушыларды дайындау. Бұл бағытта 3,5 мың негізгі елді мекеннің барлығы 2025 жылға дейін штаттағы спорттық нұсқаушымен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ауылдық жердегі нұсқаушылар саны 1 232-ден 3 065 адамға өскен. Сонымен бірге сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Мысалы, 2020 жылдан бастап мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жететін болады. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық үйірмелерді жүргізгені үшін жүз пайыз көлемінде базалық қызметтік жалақы төленеді. Бұл шара қазірдің өзінде республика бойынша 26 мың дене шынықтыру мұғалімін қамтып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ажар Ғиният республика тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндап берді. Оның айтуынша, салауатты өмір салтының негізгі аспектілері темекі шегу, алкоголь тұтыну сияқты қауіп факторларының алдын алу, дене белсенділігін арттыру және дұрыс тамақтану. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеу деректері бойынша Қазақстан Республикасында 15 жастан асқан ересек адамдардың арасында темекі шегу 21,5% құрайды, бұл ретте ер адамдар арасында 38%-дан астамы, әйелдер арасында 6,4%-ы темекі шегеді. Темекі шегуді бастаудың орташа жасы – 17-18 жас. Сонымен 15 жастағы оқушылардың мінез-құлқын зерттеу нәтижелері бойынша ұлдардың арасында 10%, қыздардың арасында 6% темекі тартады. Жасөспірімдердің арасында электрондық сигареттерге деген әуестік жоғары. Осылайша, ұлдардың арасында 15 жасында қызғыш темекіні тұтынушылар 14%, қыздардың арасында 6% құрайды», – деді денсаулық сақтау министрі.
Зерттеулерге қарасақ, ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін шамамен 9 литрді құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату және басқа да сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып табылады.
Саламатты өмір салтының негізгі көрсеткіші – бұл дене белсенділігі, әсіресе спортпен айналысу. Ол біздің елімізде орта есеппен 34%-ды құрайды екен. 2019 жылдан бастап бұл көрсеткіш 4%-ға өскен, бұл әрине жеткіліксіз. Бүгінгі көп жұмыстар техникамен атқарылып, дене қозғалысы азайғаны белгілі. Сондықтан бір кезде тәжірибеде болған «Өндірістік гимнастиканы» қайта енгізген жөн сияқты. Жұмыс уақытының санаулы бөлігін дене шынықтыруға арнаған артықтық етпейді. Әсіресе күні бойы компьютерде отырғандарға пайдасы мол болар еді.
Спорттың адам денсаулығына оң әсері дау туғызбайды, ол әлдеқашан дәлелденген. Бұқаралық спорт кең қанат жайған сайын ұлт болашағына да сенімді боламыз. Дені сау әрбір тұрғын мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қоса алады. Сол себепті бұл мәселе басымдыққа ие болып отыр. Алдында айтқанымыздай, үкімет тарапынан түрлі шешімдер қабылданып, бұқаралық спортты дамытуға талпыныстар жасалуда. Бұл аздық етеді, себебі қоғам жағынан қолдау таппаса іс нәтижелі болмайды. Қоғамның әрбір мүшесі осыны жете түсініп, белсенділік көрсетсе деген тілек бар. Сонда ғана ұлтымыздың дені сау, жемісті еңбек етіп, спорттық жоғары жетістіктерге жететін боламыз.
Бек МЫРЗАҰЛЫ,
Алматы қаласы.