“Ақ жолдың” қолдауымен ауыр атлетикадан чемпионат өтуде
2022 ж. 06 мамыр
7797
0
Бүгін Отан қорғаушылар күні мерекесін Қонаев қаласында қарсы алдық.
“Ақ жол” партиясы Алматы облыстық филиалының қолдауымен “Қазақстан” пауэрлифтинг ұлттық ассоциясы федерациясы ұйымдастыруымен қалалық күштік спорт түрлерінен Қапшағай қалалық ашық чемпионаты өтуде. Украина, Ресей спортшылары да қатысқан бұл чемпионат Қапшағай қаласының жаңа Алматы облысы орталығы болып және қалаға халқы сүйген дара тұлға Дінмұхамед Қонаевтың аты берілуіне арналуда.
Ауыр атлетика, қол күресі тб күштік спорт түрлерінен сайысқа кілең атан тұлғалы алыптар жиналыпты.
Чемпионатты астанадан арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса ашты.
-Қадірлі бұрынғы Қапшағай, бүгінгі Қонаев қаласы тұрғындары, чемпионатқа қатысушы спортшылар мен қонақтар! Сіздерді бүгінгі Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтаймын. Қапшағай қаласының Алматы облысы орталығы болуымен және еліміздің қадірменді тұлғасы, Қазақстанның өркендеуіне зор үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың аты берілуі құтты болсын! Біздің бүгінгі чемпионатымыз да Отан қорғаушылар күнімен қатар Қонаев атының қалаға берілу құрметіне де арналып отыр.
Қазір өткелі отырған күштік спрорт түрлерінен ашық чемпионат “Ақ жол” партиясы Алматы облысы филиалы қолдауымен өтіп отыр. “Ақ жол” партиясы үнемі спортшыларға қолдау жасап келеді. Келесі аптада Шымкент қаласында да күрестен еліміз бойынша чемпионат өтеді.
Отан қорғау неден басталады? Ең алдымен ұлттық-патриоттық тәрбиеден басталады. Отан қорғайтын, күшті, қуатты жігіттер қандай болатынын қазір күштік спорт түрлері сайысынан көретін боламыз.
Күрес, ауыр атлетика, зілтемір көтеру қазақ халқында бұрыннан келе жатқан спорт түрлері. Аты аңызға айналған Қажымұқан, Балуан Шолақтардың жетістігіне әлемде ешкім жете алған жоқ осы уақытқа дейін.
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиылып орыс-қазақ таң қалысты,
Болды деп қаһарманнан мынау басым.
Залок сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.-
деп жырлаған Балуан Шолақ 816 кг көтерген.
Әлемде Қазақ Елінің көк туы тек мемлекет басшысы мен чемпион спортшылар құрметіне ғана көтеріледі.
Сіздердің араларыңыздан да еліміздің көк туын көтеретін чемпиондар шыға беруін тілеп, Ақ жол тілейміз. - деді Қазыбек Иса.
“Қазақстан” пауэрлифтинг ұлттық ассоциясының федерациясы ережесі бойынша өтіп жатқан чемпионат 5 категория бойынша өтуде.
Чемпионаттың ашылу салтанатына “Ақ жол” партиясы Алматы облысы филиалы төрайымы Мейраш Шынасыл, жергілікті мәслихат депутаттары Сергей Гореной, Абзалбек Сағынбекұлы, Амангелді Құдайберді, Дмитрий Бек және партия белсенділері қатысты.