Мергендік қазаққа тән қасиет
2022 ж. 28 наурыз
7701
0
Біздің халық садақ атудың қыр-сырын игерген сайыпқырандарды «Құралайды көзге атқан мерген» деп ертеден жоғары бағалаған.
Осының дәлеліндей бұл күндері бұл өнер жоғалған жоқ, қата бабалар жолын қуған қазақ садақшылары Азия кубогына биіктен көрініп, ел мерейін асыруда.
Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы садақ атудан Тайландта өтіп жатқан Азия кубогының финалына шықты. Қазақстандық садақшылар классикалық садақ атудан топтық жарыста табысқа жетті.
Шешуші кезеңде спортшыларымыз Үндістан құрамасымен кездеседі. Финалда Қазақстан атынан Санжар Мұсаев, Дәулеткелді Жаңбырбай және Ильфат Абдуллин қатысады.
Сондай-ақ, жекелей садақ атудан Дәулеткелді Жаңбырбай Азия кубогының финалына шықты. Отандасымыз классикалық садақ ату сайысында алтын жүлдеге таласады. Дәл осы спорт түрінен Илфат Абдуллин үшінші орын анықталатын кездесуде өнер көрсетеді.
Айта кеткен жөн, 1900 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына садақ ату өнері қосылған, бірақ 1920 жылы олимпиадалық спорт түрлерінен қайта шығарылып тасталған екен. Тек 1972 жылы әлемнің ең басты бәсекесіне қайта оралады.
Бүгінде садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы жеке және командалық біріншілікте төрт жүлде жинағы ойнатылады.
Садақ ату өнері елімізде 1968 жылдан бері ресми спорт түріне енген. Ал заманауи тарихымызда Қазақстан садақшылары 1992 жылы FITA халықаралық садақ ату федерациясына қабылданғаннан кейін жеке-дара өнер көрсете бастады.
Дос ОРЫНБЕКҰЛЫ,
Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ.
qazaquni.kz