Жетпістегі жанартау
2022 ж. 22 наурыз
6205
0
Қазақ еліндегі дене шынықтыру және спорт саласының қызметін дамыту туралы сөз қозғалса, көз алдымызға осынау бағытқа бүкіл өмірін арнаған саңлақтар еске түсер еді.
Солардың бірі – гирь тасын көтеру бойынша Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ауыр атлетикадан СССР спорт шебері, Гиннестің рекордын екі мәрте жаңартып, жетпістен асқан шағында әлемді жалт қаратқан – Әмірбай Рысқұлов болатын. Төмендегі әңгіме 2011 жылғы Қысқы Азиада ойындарында алау ұстап, жас ізбасарларға лайықты үлгі болған сол кейіпкер туралы өрбімекші.
Гирь тасын көтеруден әлемнің 2008-2010 жылдардағы бірнеше дүркін чемпионы жетпіс төрт жастағы Әмірбай Сламжанұлы бес минутта 2 тонна 16 келі гирь тасын көтереді. Тоқтамайды, не артына қайырылып бір қарамайды-ау, қарамайды. Тоқтамайтыны – пойыздан кешігіп қалмайын деген сақтық та, артына қарамайтыны – алдында үлкен жарыс тұр. Қаршығадай қария іргедегі алып елдегі айтулы жарысқа аттанып бара жатыр, арқасында – жол қапшығы. Құнжыңдап, қутыңдап, диірменнің тасындай дөңгеленіп заулап кеп жөнелгенде, желтұяқтыны жортқызбаса да бүлкекке салады-ау! Ұялғаннан, қариядан көз жазып қалмау үшін мен де намысқа қамшыны басып келемін. Ақсақалға сәт-сапар тілеп, пойызына отырғызуым керек. Жетпістің төртеуіне иек артқан қария жеткізбейді-ау, жеткізбейді...
Күлкісіз өткен балалық
Жар басында жалғыз қалды. Тағдырдың ызғары тұла бойын дір еткізіп қарып өткендей болды. Қаршадай бала қалбиып тұрып тұңғыш рет жетімдіктің ызғарын сезді. Дір етті де, тістерін шықырлатты... Ол бар-жоғы төрт-ақ жаста еді...
Асқар таудай әке сұрапыл соғыстан оралмады. Көп ұзамай анасы да жалған дүниеге қош-қош айтып кете барды. Қос жанары жаутаңдап, жыпылықтап қалған Әмірбайды немере ағалары Намазбай деген кісі маңдайынан сипап, шаңырағына әкеледі. Сол үйде жүріп, бауырын көтере бастайды. 1946 жылы әкесі Сламжанның інісі Тоқсанбай «еңбек армиясынан» оралды. Ағасының көзі, жаутаңдатып қойсын ба? Қолынан жетектеп, үйіне алып келді. Тоқсанбай – ферма меңгерушісі. Жалғыз бөлмелі үй. Қыс қатты. Шам жоқ. Төңкерілген кесе түбіндегі тоң майға батырылған мақтаны білтелеп жаққанда, үй ішіне болмашы жарық түседі. Өлетін қойдың көзіндей елеусіреген бозамық сәуле жарым көңіл Әмірбайдың жүзін одан әрмен жүдете түсетін. Жерге төселген сабанның үстінде көнетоз киіз. Сол киіздің үстінде көже құйылған жалғыз табақша. Сол табақшаға бірде Тоқсанбай, енді бірде бәйбішесі Сәрбидің, енді бірде имене қолын созған қаршадай Әмірбайдың шеттері кетік ағаш қасықтары ұмтылатын.
Сәрби апасы илеген қой терісінен шалбар тігіп берді. Судай жаңа шалбарды киді де, шікірейіп тоғыз жасында мектеп есігін ашты. Алғыр еді. Қамшы салдырған жоқ. Апасы кенеп сөмкесіне бір тілім нан салып беретін. Сабағында мін жоқ, мектеп бітіргенше «пәленшенің баласы» дегізбеді. Тәртібі ме? Біреуге қиянат жасаған жері жоқ. Бірақ ешкімге кеудесін бастырмады да.
Тоқсанбай ақсақал елге сыйлы адам еді. Өз кіндігінен бала жоқ. Буыны қатпаған Әмірбайға әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Тоқаңның үйленуі де қызық. Сегізінші класта оқып жүрген он төрт жастағы Сәрбиді алып қашады. Тоқаң сол кезде соқталдай жиырма төрттегі сақа жігіт екен. Елге сыйлы Кішім деген кісі ара түсіп, қыздың жасын ұлғайтып жаздырып беріпті. Қазір Еңбекшіқазақ ауылындағы мешіт сол кісінің атымен «Кішім апа» мешіті деп аталады.
Ерді намыс өлтіреді
Бір жылдан кейін мектепті де бітіреміз деп ширығып жүрген күндер еді. Қазкен деген досы екеуі аудан орталығы Көксудағы асханаға кіре қалды. Үстел басындағы екі орындықты меншіктеп, Қазыкенді отырғызды да, өзі тамақ алуға кетті. Тамағын алып келсе, орындық жоқ. Орындығы – көрші үстел басындағы бір бұзақының астында. Өзі мұрны қоңқиған тау халқы өкілдерінің бірі секілді. Өр кеуделіктері сонша, Қазыкенді тыңдамай, тартып әкетіпті. Оның қасындағы жерлестері де даурығып, жан баласын адам ғұрлы көрер емес. Денелері сайдауыттай, ірі, кесек жігіттер. Бұл жетіп келді де, орындығын сұрады. «Мә, саған орындық!». Жүн сақал біреуі жағынан тартып жіберді. Әмірбай ойланбады, оң жұдырығымен иектің астынан сарт еткізіп бір-ақ ұрды. Қарсыласы шолжиып түсіп, екі бүктеле құлаған. Сол кезде екінші бір шоң танау селебесін суырып алды. Пышақ деген бәлекеттің жүзі суық. Әмірбай байқап қалды, әр-әр жерде отырған ауыл жігіттері сырғақтап, есікке қарай беттеп барады. Намысты ұл нан турайтын жерге тұра жүгірді. Абдырап қалған әйелдің қолындағы дәу пышақты жұлып алып, тұра ұмтылғанда, жаңағылар да дереу жылыстай берді. Өліспей беріспейтін жанкешті қазақтың тіріде намысын таптатпайтынын түсінсе керек. Әлгілерді шошытқан тек дәу пышақтың жүзі емес, рухты ұлдың қайсар, қайтпас мінезі еді. Келесі күні асханадан бас сауғалап қашып кеткен қазақ жігіттерін іздеп жүріп, бір-бірлеп сабамасы бар ма! Осыдан кейін-ақ «Бес тау халқы өкілін сабаған Әмірбай» деген атқа ие болды.
Әбекең жас кезінде сері еді. Сол оқиғадан кейін баянын құйқылжыта тартып Әмірбай көшеге шыққанда әлгі бұзақыла тығылып, үйлерінің бұрышыан сығалап тұратын көрінеді. «Өзіңнен зор шықса...» деген осы шығар!
Өзі – құда, өзі күйеу
Мектеп қабырғасында жүргенде трактор доңғалақтарын көтеріп әлекке түсті. Тауға шықса, өңкиіп-өңкиіп өз беттерімен жатқан тастарға тыныштық бермеді. Буырқанған бұла күш Алматы дене тәрбиесі институтының табалдырығын аттанғаннан кейін ғана өз арнасын тапқандай болды. Бойдағы бұла күш тыным таптырмады. Еркін күрестің есігін ашқан Әбекең грек-рим, самбомен де айналысты. Күрестің осы үш түрінен де спорт шеберіне үміткер деген атаққа қиналмай қол жеткізді. Кез келген түрінен жарысқа бара беретін. Сөйтіп жүріп бір күні ауыр атлетика залына бас сұқпасы бар ма! Жер бауырлаған штанганы жұлып алып, бір-ақ атты. Байқап қалған бапкер: «Сен қанша келі көтергенінді білесің бе?», – деді. Бұл басын шайқады. Сырттан келген біреудің ойланбай-ақ тоқсан келі штанганы бір-ақ атуы тәжірибелі бапкер Степан Ульяновтың назарын бірден аударған еді. «Қазақтың бәрі балуан, күресті қой да сен маған кел, екі жылда спорт шебері боласын», - деді. Сөйтіп, ауыр атлетиканың ауылынан бірақ шықты. Екі жылда спорт шебері болды. Жүз елу келі зілтемірді серпе көтерді. Жүз он бес келіні қиналмай-ақ жұлып алып лақтыратын.
Талантқа да дер кезінде дұрыс бағыт беретін, жөн сілтейтін білікті бапкер керек-ақ. Алматыда қал деген ешкім бола қоймаған соң, институт бітірісімен елге бір-ақ тартты.
Шұбар деген ауылда мектеп-интернат ашылған еді. Әмірбай Рысқұловтың дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жүрген кезі. Ойхой, шіркін, сал дәурен серіліктің де сайранын салды-ау! Гармонінің «кеудесінен» небір әуенді құйылта, қиялдата, құйқылжыта, жүз құбылта, емінтіп, емірентіп, емексітіп, екпіндете, есіңді ала мөлт-мөлт еткізіп қайырғанда сезім тамшылары талайдың буынына түсіп-ақ кететін. Төңірегіндегі жастарды үйіріп-ақ әкететін. Сол жылдары ғой, Қаратал ауданына қарайтын Бесағаш деген ауылдың кітапханашысы сәмбі талдай солқылдаған ару Жібектің бауырларын мектепке алып келе қалғаны. Қою қасты, тоқпақтай шашы тірсегін соққан, бота көз Жібекті көргенде сері жігіт, балуан жігіттің есі кетті. Мектеп-интернатқа жаңа ғана келген қаптаған қыздың тұсынан мойын бұрмай өтетін Әмірбай Жібекті көргенде тұсалды да қалды. «Мен саған үйленемін», – деп бір-ақ кесіпті сол жолы. Араға бір жеті салып, сопаң етіп жалғыз өзі Бесағаштағы Жібектің соңынан жетеді. Осылай да осылай... Құда да өзі, күйеу бала да өзі. Төрт қыз – төрт аққуының қонар айдынын ойлап жүрген Жібектің әкесі Қалданбай қария да, анасы Жамал да момын, еңбекқор жандар еді. Еті тірі, сөзі шымыр жігітті іш тартып қалыпты...
Буырқанған бұла күш
Жетпістің желкесіне шыққанда жастық кезде жіберген қателік, жеткізбеген бір арман Әмірбай ақсақалдың ұйқысын қашырды. Шүкір, балалы-базарлы, дуылдаған немерелер жүр шапқылап. Бірақ... бір өкініш маза бермейтіндей... Айызы қанып, арпалыса алмады-ау. Несі бар, мықтылығымды қазір де мойындатамын деп түйілді іштей. «Қартайып, қатардан қалып отырған жоқпын. Білсін бұлар, Әмірбайдың кім екенін!». Сөйтіп, Әмірбай ақсақал жетпісінде атқа қонды. Қолына түскенді көтерді. Темірі бар, тасы бар. Еденнің әр жері шұрқ-шұрқ бола бастады. Жібек апай шалының булығып жүріп-жүріп келіп тосын мінез көрсеткеніне таң. Ауылдағылар елеңдеп: «Бұл шал неге желікті?», – дейді. «Бұл шал неден бүлінді?» деушілер де бар. Әбекең селт еткен жоқ, тыным алмай өзі белгілеген жүйемен жаттыға берді.
«Жығылсаң нардан жығыл» деген. 2008 жылы Архангельск қаласында ардагерлер арасында өткен әлем және Еуропа чемпионатына тәуекел деп тартып кетті. Ормандай көп орыстың бура сан, көрік кеуде ардагерлері. Бір кезде ауыр атлетикамен талай биіктерге шыққан, жастық ғұмырларын осы спорт түріне арнағандар. Әмірбай ақсақал алпыс бес келі салмақта жетпіс-жетпіс төрт жастағылар арасында сынға түсті. Жарыстың ашылу салтанатында жанында тұрған өзімен бір салмақта сынға түсетін жас шамасы қарайлас қарияны таныстыра бастады. «Әлемнің он екі дүркін, Ресейдің он алты дүркін чемпионы Евгений Полуляхов!». Қалың жанкүйер ду ете түсті.
«Әмірбай Рысқұлов! Қазақстан!». Тақыр тулақтың үстіне төрт-бес құртты шаша салғандай. «Мыналардың жанында неғып тұрмын?!» Алғаш сананы шаншыған алғашқы сұрақ осы болды. Ал гирьге қолы тиген сәтте шамырқанып шыға келді. Қарияны намыс буды. « Ит өлген жерге мыналарға күлкі болу үшін келдім бе? Қой, болмас, сендерге күлкі болар мен емес! Кешегі Қажымұқандар жалғыз өзі небір мықтының ортасына киіп-жарып кіріп барды да, қоғадай жапырды емес пе?!». Он екі келілік қос гирьді бес минут ішінде елу сегіз рет серпе көтеріп, атақ-даңқтарын талмай таныстырған бағанағы мықтыларды шаң қаптырды. Қалың ел 24 келіні дамылсыз аспанға түйдектеге атқылаған мына қайсар қазақтың сүрапыл қимылына қарап естерінен танды. Атағы алысқа кеткен Е.Полуляхов жүз бес рет жүлқа көтеріп, демін басқанда Әмірбай ақсақал жүз жеті рет аспанға атып үлгерген еді. Сөйтіп, небір мықтыларды жолынан ысырып, гирь көтерудің осы екі түрінен де әлем жэне Еуропа чемпионы атанды. Оның сыртында гирьді қақпақылдай ойнатып өнер көрсету, әр елден келген командалардың эстафеталық сайысы сияқты тартыстар бар. Сонымен, Әбекең сол жолы Ресейдін бар қазба байлығын көтеріп келмесе де, үлкен абыроймен оралды. Архангельскіде төрт алтын, төрт күміс, төрт қола медаль жеңіп алды. М.Ломоносов атындағы жүлдені де ешкімге ұстатпады. Сол жеңісті сапардан кейін-ақ ақсақал ширығып жүре берді. Күн аралата жүйелі түрде бірде-бір жарым сағат жаттығу жасайды. Жібек апай үйде отырып, шалының тілеуін тілейді. «Шалым құлап қалған жоқ па екен?» деген суық ой сумаң ететіні бар кейде. Ондайда Жібек апай қораға қарай жүгіреді. Ақырын баспалап қарайды. Жоқ, Әмірбай ақсақалдың жауырынынан бу атқылап, бұлшық етгері буылтық атып, буырқанып жатқаны. «Менің шалым жиырма бестегі талай жігітті жолда қалдырады», – деп апайдың езуіне күлкі үйіріледі.
2009 жылдың мамыр айында Ресейдің Рыбинск қаласында ардагерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Әмірбай ақсақал жетпіс алты рет серпе көтерді. Тірі жан тіресе алмады. Бес минут ішінде жүз жиырма бес рет жұлқа көтеріп, өкшелей қуғандардың үмітін үзді. Қос алтын медальді мойынға тағып, менменсігендердің мысын басып, қуанышпен елге оралды. Сол жылдың қоңыр күзінде Киров қаласында өткен Григорий Кашеев атындағы халықаралық турнирге аттанды. Бұл жерде де бет қаратпады. Жүз жиырма алты рет жұлқа көтеріп, жеке-дара шықты. Алпыс бес келі салмақтағы ақсақал серпе көтеруде он екі келілік қос гирьді бес минут ішінде сексен мәрте аспанға атты. Мұның сыртында гирьді лақтырып, қақпақылдап ойнау, командалық эстафеталық жарыс, асықпай көтеру бар. Осы жарыстан бес алтын, бір қола медальмен оралды. Г.Кашеев атындағы арнайы жүлдені де жеңіп алды.
Әмірбай ақсақал жарыстан медальді уыстап әкелетін болды. Талдықорған қаласының іргесіндегі өзі тұратын Мәмбет ауылындағылар бұған үйреніп алды. Әбекеңнің алтынсыз оралмайтынына көздері жеткен. Жарыстан келгенде ауыл ақсақалдары қошаметпен дуылдаса қарсы алады.
2009 жылдың желтоқсаны есіктен енгенде Архангельск қаласында әлем және Еуропа біріншілігі басталды. «Тағы да келдің бе?» дейтін болды қазақтың қайсар қариясына тіресуге дэрмені жоқ ресейліктер. Осы жарыста алты алтын, төрт күміс, екі қола медальді сыпырып әкетті. Серпе көтеруде он екі келілік екі гирь тасын бес минутта сексен төрт еңсеріп, барлығы екі тонна он алты келіні төбесінде ойнатты. Қарсыластары тағы да дымы құрып қала берді. Әбекең барған жерде өзгелерге күміс пен қоладан басқасы бұйырмайтын болды. Гирь көтерудің негізгі екі түрінен алтынды ешкімге ұстатпай-ақ келеді. Ардагерлер арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әмірбай Сламжанұлы үшін келесі жыл да олжалы болды. Архангельск қаласында өткен әлем және Еуропа чемпионатынан төрт алтын, екі күміс медальмен оралды.
Түйін
Ақсацалдың өмірі тек темір көтерумен ғана өткен жоқ. Мектеп жанындағы интернатта меңгеруші де болды, «Ленин» совхозы Мәдениет сарайының директоры қызметін де атқарды. Кезінде «Шаған» ән-би ансамблімен де барып қайтқаны бар. Бәрі де күні кеше сияқты еді...
Ақсақалдың туған ағасы Әміртай, қарындасы Тамара жастай шетінеді. Өз кіндігінен тараған алты перзентінің екеуі жер қойнында. Баянсыз дүниеден тиянақ іздегендей жүрегі бар болғыр мазасыз күй кешті. Қартайғанда белгісіз бір күш Әбекеңді сәждеге бас игізді. Әбекеңнің қолына Құран ұстатқызды.
Ислам университеті жанындағы төрт айлық курсты бітіріп, иман-қатым дәрежесін алды. Велосипед тепті, жастармен жарысты. Қашан қарасаң, соңынан балалар шұбырып жүре еді. Әмірбай ақсақал жастарға үлгі болды. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде отыз алтын, он алты күміс, сегіз қола медаль алыпты. Ұлттың рухын асқақтатып, ұрпақтың намысын қайрапты.
Ал осындай қарттары барқазақ ұлты қалай осал болсын!
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ, журналист.
qazaquni.kz