Мақсат қазіргі футбол сапасын көтеруге бағытталуы керек - Фазылбек Әбсаттарұлы
2022 ж. 26 ақпан
5740
0
Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне кандидат Berik Қаниевке
Қадірлі Берік Сералыұлы!
Бағдарламаңызды оқыдым. Құр сөзбен кез келген адам жаза алады. Мәселе шешу тетіктерінде.
1. Ең біріншіден, кез-келген саланы жақсарту ғылымға негізделген болу керек. Кез-келген ғылыми негіздің мәліметтер базасы болады. Аталмыш бағдарламада ағымдағы жағдайға жан-жақты талдау жасалмаған, мәліметтер базасымен күшейтілмеген. Ағымдағы жағдайға талдау қазіргі проблемалардың бетін ашады. Даму бағыттары проблемалар анықталған соң ғана жазылады.
2. Мәліметтер базасы сапалық (qualitative) және сандық (quantitative) көсеткіштерден тұрады. Сандық көрсеткіштер, санға негізделген статистикалық мәліметтер болса, сапалық көрсеткіштер зерттеу барысында жинақталады. Яғни, бірінші дереккөзден жиналған мәліметтер ағымдағы жағдайдың толық жай-жапсарын баяндайды.
Бағдарламаны әзірлегенде, сарапшылардың тәсілдеріне сай зерттелді ме, сала мамандарымен сұхбат жүрді ме, олардың көзқарастары ескерілді ме. Әдеттегідей top-down стилінде жазылған сыңайлы.
3. Бағдарламаның мақсаты өзінен өзі анықталмайды. Ол міндеттерден құралады. Бағдарламада міндеттер берілмеген. Яғни, бағдарламаны жүзеге асырудың жолдары көрсетілмеген.
4. Мақсатында айқындалған жаппай қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсат бола алмайды. Жалаң сан - сапа бермейді. Мақсат қазіргі футбол сапасын көтеруге бағытталуы керек. Мәселе санда емес, сапада. Ал сіздің бағдарламаңыз санға құрылған.
5. Сапаны көтеру тек ғылыми тұрғыдан жасалса ғана жүзеге асады. Ол басқару (management), экономикалық жоспарлау, қоғамдық саясат (public policy), спорт психологиясы (sport psychology) сияқты ғылыми салалардың тетіктеріне негізделеді. Айта кетерлік нәрсе, футболды дамытуға жаңа көзқарас интердисциплинарлық болуы керек.
Физиология, нейрология, медицина, психология сияқты мамандардың қатысуынсыз футболды дамыту мүмкін емес. Бұл салалардағы зерттеулер әлемде алға кетіп қалғанын ескерсек, кадр потенциалын көтеру қажеттілігі туындап отыр.
6. Тәуелсіздік алғалы бері футбол методикасы тақырыбында қорғалған бірде бір диссертация, ғылыми ізденіс жоқ. Альфа ұрпағымен жұмыс істеу жаңа методиканы талап етеді. Ол бұрынғыдай субъект-объект қағидасымен жүзеге асырыла алмайды.
7. Әр міндетке қол жеткізуді көрсететін индикаторлар жоқ. Ол әдетте үлеспен көрсетіледі. Үлеспен көрсету жалпы даму динамикасын түсінуге көмектеседі. Жалғыз рейтингке кіру көрсеткіш бола алмайды. Сол рейтингке апаратын индикаторлар жоқ. Ол үшін футбол саласындағы халықаралық индикаторларға бағдарланған жөн. Ұлттық көрсеткіштер әдетте қолдан жасалады және жалаң есептілікке әкеледі.
8. Жаңа жүйе тек талантты балаларды іздеуге емес, сол балаларды өсіріп шығуға бағытталу қажет. Ол үшін футбол жаттықтырушыларының корпусы дайындалу керек.
Оқыту тек семинарлармен шектелмейтіндей, курстан кейінгі сүйемелдеу ешқашан жүргізілмеген. Жоғары оқу орындарында футбол жаттықтырушысы мамандықтар классификациясында жоқ. Бұл отандық үздіксіз кәсіби дамыту жүйесін әзірлеуді талап етеді. Бұл конструктивистік теорияға негізделуі керек.
Неге мен сізге осынша уақыт кетіріп, бағдарламаңызға талдау жасадым? Себебі кандидаттар ішінен тек Сіз ғана лайықсыз және менің осы жазған сынымды түсінетін және оны жүзеге асыра алатын Сіз ғана.
Мен Фазылбек Әбсаттарұлы және айналамдағы #футбол аудиториясы барлығы Сіздің кандидатураңызды қолдаймыз.
Фазылбек Әбсаттарұлы,
Фейсбук парақшасынан