Бейжің-2022: Ел намысын қорғайтын спортшылардың толық құрамы белгілі болды
2022 ж. 26 қаңтар
5085
0
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті 2022 жылы Қытай астанасы Бейжің қаласында өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың толық құрамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтсақ, Ақ Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайды. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының (FIS) шешімі бойынша, Қазақстан командасына шаңғымен жарысудан қосымша бір жолдама берілді. Бұл тағы бес дисциплина бойынша бақ сынауға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, фристайл-могулдан тағы бір квота бөлінді.
Шаңғы жарысы - Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга. Фристайл-могул - Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.
Шаңғы акробатикасы - Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев.
Тау шаңғысы - Ерлер арасында Захар Кучин (слалом мен гигантты слалом) мен әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая бақ сынамақ.
Шаңғымен секіру - Сергей Ткаченко мен Данил Васильев, сондай-ақ, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаров жарыс жолына шықпақ.
Биатлон - Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин.
Шорт-трек - Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.
Осылайша, қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды. Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталып, 16 ақпанда мәресіне жетеді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.