Валерий Жұмаділов: Жеңіл атлетикадағы Еуропаның тәжірибесін пайдалану керек

Валерий Жұмаділов: Жеңіл атлетикадағы Еуропаның тәжірибесін пайдалану керек


Эстониялық қазақ Валерий Жұмаділов осыдан 9 жыл бұрын, 50 жасында Masters деңгейіндегі (ардагерлер арасында) әлемдік додаларға қатысып ғана қоймай, рекорд орнатып, жүлделі орындарға ие бола бастаған шақты ел назарын өзіне аударған болатын. Ерте жастан сопртпен айналысып, даңқы асқақтаған Валерий Жұмаділов кәсіби спортшы болғанда, бұл жаңалық еш таңданыс тудырмас па еді, мүмкін? 

Ал, бұл жерде бұрын ешкім білмеген атлет спорттың саңлақ ардагерлерін артта қалдырып кетіп жатты! Спорттағы жолын енді бастаған жас өрен секілді оның жетістіктері де ұдайы ұлғайып, бұрыңғы чемпиондарды ығыстыра бастады.

50 жастан асқан соң Валерий өз дистанциясын тапты, яғни, қысқы қашықтықтарды бағындырудан алдына жан салмады. Оған қоржынындағы жетістіктер саны да дәлел бола алады: 50-55 жастан асқандар арасындағы Masters деңгейінде Ресей, Белорусся, Балтия елдерінің чемпионы, 2018 жылы Мадридте өткен Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылғы Әлем чемпионатының финалисі. Спринтерлік жүгіруден тоғыз мәрте ұлттық рекорд орнатқан.

Айтпақшы, Валерий тіс қаққан спортшы ғана емес, танымал блогер ретінде де қалыптасып үлгерген: оның күш-жігеріне сенбейтіндерге дәлел әрі үлгі болу үшін, ол 50 жасында небары бірнеше жаттығудан соң айтарлықтай нәтижеге қалай қол жеткізгенін көрсететін видео түсіріп (120 келілік штанганы 5 рет көтереді, 100 рет отжимания жасап, 20 рет тартылады), оны ашық қол жетімді етіп әлеуметтік желіге жариялаған. Үздіксіз еңбектің арқасында Валерий Жұмаділовтың видеоблогы танымал болып, бүгінде 208 мың көрермен жинаған.


Валерий өзінің әлеуметтік желідегі арнасында жаттығулар туралы есептерді, жүгіру бойынша кеңестер, жүгіру техникасы, күш жаттығулары, тамақтану, спорттық жарақаттардың алдын алу бойынша танымдық видеолар шығарады. Ол барлық жағынан көрермендерді фитнеске, жүгіруге ынталандырады, ол өзінің үлгісімен спорт пен фитнес адам өмірінің сапасын қалай жақсартатынын дәлелдейді.

Осылайша, тек жеңіл атлетиканы ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтын, теңдестірілген тамақтануды, ең бастысы, көңілділік пен оптимизмді, қарт адамдар үшін өте маңызды және қажет өміршеңдікті насихаттайды.

Жұмаділов жаттығумен, спортпен, жеңіл атлетикамен айналысу ешқашан кеш емес екендігін, қозғалыс - тіршіліктің негізі екендігін өз мысалымен дәлелдейді. Өзіңіздің сүйікті ісіңізді, кәсібіңізді, тіпті өміріңіздің мәнін табу мен жаңа өмір бастауға ешқашан кеш емес.

60 жастан кейін адамдардың көпшілігі тыныш зейнеткерлікке, белсенді емес өмірге бейімделеді. Бірақ, Валерий Жұмаділов емес - ол Азия рекордын жаңарта отырып, Азия чемпионы болуды жоспарлап отыр! 60-та өсу перспективаларын жоспарлау өте маңызды, бұл нағыз жауынгерліктің белгісі.

Спортшы өзінің 60 жылдық мерейтойын тек спорттық жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар 2021 жылдың 28-29 тамызында Қазақстанның Павлодар қаласында бірінші рет шеберлер санаты бойынша бөлек чемпионат өткізді. Біздің елде мұндай жарыстар бұрын 35 жастан асқан спортшылар арасында өткізілгенімен, чемпионат болған жоқ.

Бұл чемпионатты өткізу - хобби, бұл Жұмаділовтің Қазақстандағы қоғамдық жұмысы. Өз хоббиімен бүкіл елге жақсы үлгі көрсетуге болатынын дәледеп шықты - жеңіл атлетика мен салауатты өмір салтын ұнататын 100-ден астам адам бұл додаға қатысты және 20 ұлттық рекорд орнатылды. Валерийдің өзі 100 метрге жүгіруде Қазақстан Республикасы үшін рекорд орнатты. Ал Жұмаділов орнатқан 200 метрлік жүгіруде Қазақстанның рекорды бұрын оның рекордтары тіркелген Ресей мен Эстонияның рекордынан да жоғары.

Және ол шынымен де Қазақстан Республикасында жеңіл атлетиканы насихаттауда зор еңбек атқарып келеді: бұл қозғалыс дамыған сайын қатысушылар көп болады, оған жаңа спортшылар тартылады. Чемпионат мотивация, жаттығу мақсаты ретінде өткізіледі. Бұған әлемдік тәжірибе де куә: мұндай чемпионаттарға көптеген адамдар қатысады. Ал келесі жылы Валерий Нұр-Сұлтанда жеңіл атлетикадан қысқы жарыстар өткізуді жоспарлап отыр.

Егер Жұмаділов өзінің видеоблогында тәжірибесі мол жаттықтырушы, тәлімгер ретінде танымал бола, Қазақстанда жеңіл атлетиканы насихаттаушы ретінде әуесқойларды бір тудың астына әбден жинай алады.

Спорттық құндылықтан басқа, Жұмаділов ісінің әлеуметтік маңыздылығын атап өту қажет. Егер Еуропаның үлгісі бойынша біз жеңіл атлетикамен жаппай айналыса бастасақ, және мемлекет бұған жәрдемдесетін болса, онда қазақстандықтардың өмір сүру сапасы, олардың денсаулығы мен өмірге көзқарасы жақсаратыны сөзсіз.

Алғаш рет Валерий әкесінің туған жерінің спорттық тағдыры туралы 2016 жылы Австралияда әлем чемпионатында осы жарыста Қазақстаннан шыққан жалғыз спортшы - Салтанат Түйтебаевпен кездескен кезде ойлана бастады. Себебі, небәрі миллион үш жүз мың халқы бар шағын Эстониядан Австралиядағы жарысқа жиырмадан астам адам барды.

Өкінішке орай, бұл Қазақстанда бұқаралық спорттың дамымағандығының, тіпті дұрыс емес өмір салтының көрсеткіші. Шынында да, Еуропада бұл спорт көбірек танымал, егде жастағы адамдар салауатты және белсенді өмір салтын ұстанады, сапалы және ұзақ өмір сүреді.

Жақында Алматыға қысқа сапары кезінде біз Валериймен аздап сөйлесіп үлгердік.


- Валерий, сіз қазір Қазақстан Республикасының Туы астында өнер көрсетіп жүргеніңізді естідік?

- Иә, осы жылдың қаңтар айынан бастап мен Қазақстан туының астында жеңіл атлетикадан 60 жас (немесе Masters 60) категориясы бойынша жарыстарға қатысып жүрмін. Мен Ресейде туып, Эстонияда тұрсам да, Қазақстанға ылғи тартып тұрады. Менің әкем Еркеш Жұмаділов Шығыс Қазақстан облысының Зайсан көлінен, қойшылар мен балықшылар елінен. Менің Қазақстанда туыс-туғандарым, аға-қарындастарым көп. Және бұл өздігінен жақсы. Шетелде мені «ұлтың кім?» деп жиі сұрайтын, енді ондай сұрақтар болмайды. Қазақстанның атынан сөйлеу бастамасымен мен өзім федерацияға жүгіндім және тез арада өтінішім мақұлданды. Енді менде бұдан да көп мүмкіндіктер болады, өйткені Азияда өтетін барлық жарыстарға қатысу мүмкіндігі туындап отыр.

- Қазақстан атынан сынға түсіп үлгердіңіз бе?

- 2021 жылы 13 наурызда Торун қаласында жеңіл атлетикадан ардагерлердің 30-шы чемпионаты өтті. Мен M55 санатында екі қашықтық бойынша - 60 және 200 метрге жүгіруден бақ сынадым. 60 метр қашықтықты 8.05 секунд көрсеткішімен, ал 200 метрде 26.12 нәтижесін көрсеттім, осылайша екі санатта де жеңімпаз атандым, сонымен қатар осы қашықтықтар бойынша Қазақстан Республикасының рекордын орнаттым.

- Эстонияда бұқаралық спортты дамыту деңгейі қандай?

- Эстонияда материалдық-техникалық база жаман емес. Мысалы, Таллинде шағын мектеп стадиондарын есептемегенде, 450 мың тұрғынға арналған үш заманауи жеңіл атлетика алаңы мен бес жаңа стадион бар. Қалашықтар, шағын қалалар мен тіпті ауылдардың әкімшілік орталықтарында көптеген жаңа стадиондар мен ареналар бар. Жарыстар ол жерде тыныш және еш алаңсыз өтеді, ешкімге ұзақ уақыт кезекте тұрудың қажеті жоқ. Жалпы, 1975 жылдан бастап спорт ардагерлерінің чемпионаттары өткізілетін бұқаралық спортқа, салауатты өмір салтына тарту тұрғысынан Батыстың тәжірибесін қабылдау қажет.

- Спортпен, жеңіл атлетикамен қалай шұғылдана бастадыңыз?

- Жалпы, бұл 90-шы жылдардың басы, өте қызықты уақыт, көптеген жаңа нәрселер, жаңа мүмкіндіктер, жаңа хобби пайда болған кез. Сол жылдары мен психологияны оқыдым, йоганы, оразаны, таңертең жүгіруді, итеру жаттығуларын жақсы көретінмін, мен қызметтен кеткен соң Таллинге оралып, бұл жаттығуларды жалғастырдым. Менің ұлым 8 жаста болғанда, мен оны каратэге апардым, уақытты өткізу үшін мен жақын маңдағы спортзалға бара бастадым. Бірте-бірте төзімділік пен күш қалай өсе бастағанын сездім, темірмен жаттығуларды жақсы көрдім. Мен он бес жыл бойы әуесқойлық фитнеспен айналыстым, бұл менің жеңіл атлетикаға келуімнің негізі болды.


- Спортпен, ораза ұстаумен, суық сумен шынығуды әдет қылған Поль Брэгг есіме түсіп отыр. Айтпақшы, ол өз әдістері туралы кітаптар да жазды. Оқырмандарға не тілей аласыз?

- Бірте-бірте өзіңізге бірнеше пайдалы әдеттерді сіңіруіңіз керек. Шылым шегу мен ішімдікті шамадан тыс пайдаланудан бас тартыңыз. Таңертең бір стақан таза су ішуге үйреніңіз, мүмкін лимонмен. Көбірек қозғалуды әдетке айналдырып, жаяу жүруден бастаңыз. Аптасына 3 рет 40 минут бойы жаяу жүруді әдетке айналдырыңыз. Бірақ жай ғана жүре бермей, спорттық жаттығу ретінде киініп, тез жүріңіз. Импульсті шамамен 110-120 соққыда ұстаңыз. Жүру жаттығуын аяқтаған соң, «отжимание» тәсілін қолданыңыз, одан кейін дене мүшелерін созу қажет. Егер осыған сәйкес сіз диета мен ұйқыны бақылай бастасаңыз, онда бір айдан кейін сіз оң өзгерістерді байқай бастайсыз.

 - Бұл жақсы денсаулық пен ұзақ өмірдің кепілі ғой...

- Иә. Егер сіз ұзақ жылдар бойы осындай өмір салтын ұстанатын болсаңыз, онда сіздің денсаулығыңыздың барлық көрсеткіштері, барлық қан анализі, қант, холестерин профилі жақсарады, жүрегіңіз бен қан тамырларыңыз сау болады, бұлшықеттер, буындар күшейеді. Қант диабеті мен қатерлі ісік қаупі төмендейді. Сіз өзіңізді қайтадан жас және энергияға толы сезінесіз. Содан кейін спортпен де шұғылдана аласыз. Егер бәсекелестік сіздің мақсатыңыз болмаса да, салауатты өмір салты сізге көп пайда әкеледі. Ақыр соңында, біздің өміріміздегі ең бастысы - денсаулық, ал қалғаны соңынан болады. Салауатты өмір салтын ұстана отырып, сіз өмірге, жұмысқа, отбасына деген қажетті қуат көзін тапқандай боласыз. Өзіңізді жеңе алсаңыз, өмірде де көп табысқа жетесіз. Бәріңізге соны тілеймін!

- Рақмет сұхбатыңызға! Өмірде де, спортта да сәттілік тілеймін!

Дастан ЕЛДЕС,

Қазақ үні