Әсия Ыдырыс: Бүгінгі аула чемпиондары ертеңгі әлем чемпиондары болуы әбден мүмкін...
2021 ж. 04 қазан
6327
1
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды.Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет», – деп атап көрсеткен-ді. ҚР Президентінің маңызы зор осынау тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің әрбір аймағында көптеген істер атқарылуда.Бұл тұрғыда біз ҚР-ның абсалютті чемпионы, дзюдодан ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпионы, самбо бойынша Азия чемионы, дзюдо және самбо бойынша халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, білікті педагог-жаттықтырушы, «Біздің ауланың чемпиондары» жобасының авторы Әсия Ыдырыстың атқарып жүрген ауқымды істерімен оқырман қауымды толығырақ таныстыруды жөн көрдік.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Дәулет селосының жас спортшылары
– Әсия, «Біздің ауламыздың чемпиондары» атты жобаңызды қолға алуға не түрткі болды?– Біз «Денсаулық – зор байлық», «Дені сау ұрпақ – болашақ кепілі» деген сөздерді жиі айтып жүрсек те, көбіміз оның түпкі мән-мағынасына зер сала бермейміз. Балалардың денсаулығын спортпен шұғылдану арқылы одан әрі нығайта түсу қажеттігін біріміз ескерсек, біріміз қаперге ала бермейміз.Бүгінгідей түрлі ауру жер бетіне шыққан заманда, салауатты өмір салтын ұстана отырып, жастарды спортқа баулу арқылы ғана денсаулығы мықты ұрпақты тәрбиелеп өсіре аламыз. Еліміздің ертеңі де, жарқын болашағымыз да – бүгінгі балалар. «Отан отбасынан басталады» демекші, бүгінгі аула чемпиондары ертеңгі әлем чемпиондары болуы әбден мүмкін. Сондықтан да осы бағытта жұмыс істеуді қолға алдым.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Баянды селосының спорт сүйер жасөспірімдері
– Жобаның стратегиялық мақсаттарын атап көрсетсеңіз...– Басты мақсатымыз – балалар мен жасөсіпірімдердің жеке басын қалыптастыратын, салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық-әлеуметтік орта құру.Сондай-ақ, спортпен және дене шынықтырумен айланысу үшін бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Қала тұрғындарының спортпен және дене шынықтырумен айналысуға қызығушылығын арттыра отырып, салауатты өмір салтының негіздерін қалыптастыру.Мұндағы көздеген дүниеміз – кейбір адамдардың бойындағы зиянды әдеттер мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу және жою. Сонымен қатар, қала тұрғындары арасында аурушаңдық деңгейін төмендету.Жоба әр бала мен жасөпірімнің денсаулығын нығайта отырып физикалық белсенділігін дамытады, көпшіл және ұжымдасып жұмыс істеу мінезін қалыптастырады. Сондай-ақ, достыққа және ұйымшылдыққа бейімділікті дамыта отырып, депрессивті және агрессияға бейімділік сезімдерін төмендетеді.
БҚО Мұнайлы ауданы, Батыр селосы, Самал көшесінің жасөспірімдері
Спорттық жоба қатысушылары салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыра отырып, нашақорлық, маскүнемдік, қылмыс сынды жағымсыз әрекет деңгейлерінің төмендеуіне жол ашуда. Сонымен қатар, спорт мамандары арасында жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне түрткі болып отырған жайымыз бар. Айтуға тиіс басты нәрсе – қала тұрғындарының өмір сүру сапасының күн санап артып келе жатқандығы көңіл қуантады.– Жобаға қатысушылар түрлі топтарға бөліне ме?
– Иә, жоба қатысушылары арнайы үш топқа бөлінген. Атап айтқанда, 1 топ-6-7 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балалар, 2 топ-8-12 жас аралығындағы кіші мектеп жасындағы балалар, 3-топ - 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Жобаны жүзеге асыру барысында біз нашақорлық пен маскүнемдік бойынша қауіпті аймақтарға баса назар аударамыз. Сондай-ақ, көпбалалы отбасылардың балалары және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға айқын басымдық беріледі.
Жаңаөзендік "Біздің ауланың чемпиондары"
– Әсия, «Біздің ауланың чемпиондары» жобасын жүзеге асыру қаншалықты оңай немесе қиын болды? Жергілікті жұртшылық жобаны қалай қабылдады?– «Біздің ауланың чемпиондары» жобасы оп-оңай жүзеге асты дей алмаймын, әлбетте. Кез-келген жұмыс жемісті болуы үшін қаншама тер төгіледі деп ойлаймын.Ең алғаш рет 2019 жылы Ақтау қалалық әкімдігінің қолдауымен қаланың 24 алаңында жұмыс жүргізуді бастап кеттік. Бастапқыда біраз қиындықтар болды, әрине. Балаларды салауатты өмір салтына баулу үшін ең бірінші іс түсіндіру жұмыстарынан басталды. Әрбір үйдің есігін қағып, өзіміздің жобамыз туралы ата-аналарға толығырақ түсіндіріп айтуға тырыстық. Нәтижесінде ата-аналар мен балалардың жобаға деген қызығушылығы артып, аз ғана уақыттың ішінде біздің жобамыз, танымал болып шықты.
– Жоба жемісті жұмыс істеуі үшін де үлкен күш қажет шығар...
– Қазіргі таңда жоба бойынша спорт саласының жоғары білімді мамандары, уақытша жұмыссыз жүрген және кесімді-ақы төленетін жұмыс істеуге ниет білдірген жаттықтырушылар, тегін қайырымдылық шеберлік-сағатымен танымал спортшылар, кесімді-ақы төленетін тағылымдама мен практика ретінде спорт мектептерінің, колледждердің және академиялардың соңғы курстарының студенттері қызмет атқаруда.Осы жобамыздың аясында 80-ге тарта маман жұмыспен қамтамасыз етілді. Болашақта қолына диплом алған жас мамандардың басқа салаға кетіп қалмай, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызып отырмыз. Балалармен жұмыс істеу арқылы олардың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі артып, көптеген спортты жанына серік еткен жастарды тәрбиелеп шығаратыны анық.
– Балалардың қандай спорт түрімен айналысуына жағдай жасалған?
– «Біздің ауланың чемпиондары» жобасының аясында балалар йога, гимнастика, турниктегі жаттығулар, үстел теннисі, волейбол, бадминтон, футбол, баскетбол, дартс, асық-ату, арқан-тарту секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады.
– «Біздің ауланың чемпиондары» жобасының тиімді тұстарын тілге тиек етсеңіз...
– Өздеріңіз білетіндей бүгінгі күні ата-аналардың дені таңнан кешке дейін жұмыста жүруге мәжбүр. Біздің қолға алған жобамыздың қолайлы тұсы –балаларының спортпен шұғылдануы үшін ата-аналар ары-бері балаларын тасып, әуреге түспейді. Аулаға шықса болды, арнайы мамандар олармен бірге жұмыс істеп, балалардың кәсіби тұрғыда спортпен шұғылдануына бағыт-бағдар береді. Баланың барлық қауіпсіздігіне біздің мамандарымыз жауапты болады.
Балалардың мектептегі 3 сағат денешынықтыру сабағымен, біздің бес-алты жаттығуымызды қоса есептегенде спорттағы белсенділігі европалық стандартқа сай келеді екен. Бұл ата-аналар үшін де балалар үшін де тиімді деп ойлаймын.Біз балаларды тек ғана салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, оларға тәрбие беруге де тырысамыз. Балаларға бір-бірімен, ұрыспау, төбелеспеу сияқты қарапайым нәрселерді айтып, барынша тәртіпті болып өсуіне септігімізді тигізіп жатқан жайымыз бар. Барлық күш-жігерлерін спортқа арнау керектігін түсіндіріп, осы бағытта нақты жұмыстар жүргіземіз. Спорттық жарыстардың жиі өткізілуінің тағы бір пайдалы тұсы – ата-аналар мен балалардың арасындағы тығыз қарым-қатынастың орнауына ұйытқы боламыз. Шындығында көп ата-аналар, жұмысбастылықтың салдарынан балаларына жеткілікті деңгейде көңіл аудара алмай жүруі мүмкін. Ал спорттық жарыстар кезінде уақыт тауып, барлығы балаларын қолдап, қуаттауға келеді. Балаларының жеңіс тұғырынан көрінген сәттегі ата-аналардың жүзіндегі қуанышты көріп, мақсатымыздың орындалғанына қуанып қаламыз.
– Балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында нақты қандай істер атқарылуда?
– Жоба қатысушыларын жас ерекшеліктеріне қарай бөліп, тұрақты түрде түрлі жарыстар өткізіп келеміз. Әрбір жаз айын өте қызықты өткізуге тырысамыз. Біздің жобамызды жүзеге асырып жатқан Ақтау қаласындағы 24 ауладан бөлек, басқа да аулалардың балалары қатысуға өтініш білдіріп жатты. Бүгінгі күні 35 шағынауданның балаларымен жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, футболға деген балалардың қызығушылығы өте жоғары. Жарыстар кезінде тіпті 300-ге жуық балалар қатысып, өте жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып жатады. Футбол қазір тіпті, шағынаудандар арасында өткізіле бастады. Әрбір жеңімпаз командаға ауыспалы кубокты және дипломдар мен медальдар табыстап, марапаттап отырамыз. Сонымен қатар, әрбір жарыс барысында балаларды одан әрі ынталандыра түсу үшін демеушілер арқылы арнайы сыйлықтар жасап, қуантып тұрамыз.
Маңғыстау облысы Басқұдық селосының футбол сүйер балалары
2019 жылдан бері, Ақтау қаласының шағын аудандарында жүзеге асып келе жатқан осынау әлеуметтік жоба, 2021 жылдан бастап Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың қолдауымен облыс көлемінде де қолға алына бастады. Бүгінде балалар мен жасөсіпірімдер ғана емес, зейнеткерлерді де спортпен айналысуға бағытталған шағын бағдарламаларымыз жұмыс істеуде.– Әңгімеңізге рахмет! Көп аймақтарда кездесе бермейтін бірегей жобаның ғұмыры ұзақ болсын!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz