Бүгін Серік Сәпиев Олимпиада финалында алтынға таласады
2012 ж. 12 тамыз
2288
0
ЛОНДОН. 11 тамыз. BAQ.KZ – Ертең қазақ елі үшін аса маңызды күн! Бокстан Қазақстан құрамасының үкілі үміті Серік Сәпиев ертең Лондон Олимпиадасының ақтық сынына шығады. Оның қарсыласы - ринг қожайыны, яғни ағылшын боксшысы Фредди Эванс.
Жекпе-жек 12 тамыз күні сағат Астана уақыты бойынша 19:15-те өтеді. Бұл кездесудің тікелей көрсетілімі «Хабар» арасынан беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен түнде Сәпиев жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойды 18:12 есебімен тізе бүктірген болатын. Ал британдық боксшы жартылай финалда Әлем Чемпионы Тарас Шелестюкті (Украина) 11:10 есебімен жеңген.
Сонымен ертең Сәпиевті аса жауапты жекпе-жек күтіп тұр. Олимпиада алтыны қол созым жерде. Әрине кезінде Серіктің Әлем Чемпионы атағын үшінші мәрте алуына мүмкіндік бермеген Тарас Шелестюк сынды саңлақты ұтқан ағылшын да осал дей алмаймыз. Бұған қоса оның ринг қожайыны екені де тағы бір артықшылық. Ту сыртынан миллиондаған жанкүйері атой салып тұрғанда британдық барын салады бұл жекпе-жекте.
Бірақ, Серік те намысты қолдан бере қоймас. Оның да артында тілеуін тілеп қарақұрым қазақ тұр. Боксшымызға сәттілік тілейік! Ақ жол!
***
Серік Жұманғалиұлы Сәпиев (16 қараша, 1983 жыл, Абай қаласы, Қарағанды облысы) - боксшы, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, Парасат орденінің кавалері (2008 жыл), қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі.
Жартылай орташа салмақ пен бірінші жартылай орташа салмақта әуесқой бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007), күміс (2011) және қола (2009) медальдарының иегері, Бейжің және Лондон Олимпиадасында бокстан құрама команданың капитаны.
BAQ.KZ қашандағыдай дүбірлі додадағы қазақ спортшыларының әрбір жеңісін қалт жібермей назарларыңызға ұсынатын болады.
***Тақырып өзгертілді