АЛТЫН ҚЫЗДАР! Лондон Олимпиадасының чемпиондары З. Чиншанло, М. Манеза, С. Подобедова және О. Рыпаковаларға
2012 ж. 08 тамыз
3232
0
Қандарыңда ойнап жігер әрі айбын,
Көз мейірін қандырдыңдар талайдың.
Қалың елдің мақтанышы өздерің –
Алтыны да өздерің ғой арайлым!
Жеңістерің маған қанат бітірді,
Басқаларға мен биіктен қараймын.
Күткен арман орындалды сарқыла,
Бақытсыңдар менің туған халқыма!
Маңдай тердің арқасында, Арулар,
Бүкіл дүние қолын соқты даңқыңа!
Тамсанамын күн дидарлы жүздерге,
Мінезіңе тұрған асау Антына!
Еш шегінген жоқсыңдар ғой бір адым,
Сүрінбеуді жүрсем-тұрсам сұрадым.
Құмарым боп жеңістерің сендердің,
Тұманды елдің түрді аспанын – Ұраным!
Сендер толқып тұрған шақта Алтын ап,
Қуаныштан ағыл-тегіл жыладым!
Сол қуаныш - алып-ұшып жырлатқан,
Алыптарды етеміз ғой кіл мақтан.
Маңайынан өте алмайтын кей мықты,
Темірлерді ойнаттыңдар зіл батпан.
Ай да, түнде жұлдыздар да құттықтап,
Балқып туды таулы тұстан нұрлы ақ таң!
Мая, Света, Зульфиям ше кекілді,
Ольга ару айдын құсы секілді.
Төртеуіне теңеу таппай, достар-ау,
Сөз маржанын теріп келем не түрлі.
Шағылдар да, шатқалдар да шаттанып,
Сайдан соққан самал сүйді бетімді!
Айналамды тербетеді ғажап үн,
Қараңызшы алабұртқан ажарын.
Төрт қыз үшін бар дүниемді атадым,
Сүйіншіге не сұрайсың, қазағым!
Жарайсыңдар, жарқыл қаққан төрт жұлдыз,
Тарихына жазған таңдап таза әнін!
Нұрғали Ибрайым,
ОҚО, Шардара қаласы,
А. Иманов атындағы жалпы
орта мектебінің директоры.
Мая МАНЕЗА
Света ПОДОБЕДОВА
Ольга РЫПАКОВА