Еуро-2012 - нағыз футбол мейрамы
2012 ж. 18 шілде
1646
0
Жақында Польша мен Украина алаңдарында өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының ширекфинал матчына барып келудің сәті түсті. Киевте өткен Италия мен Англия құрамаларының матчы. Өз топтарынан суырылып шыққан Еуропаның қос мықтысы жартылай финалға жолдама үшін барын салды. Негізгі және қосымша уақыты тең аяқталған ойынды пенальти арқылы итальяндар жеңіп кетті. Осы сапарда түрткендерімді сіздермен бөлісейін.
Қазақстан украиндық қыздың көзімен
Бізге жолсерік болған Анна есімді қыздан “Қазақстан дегенде ойыңа ең алдымен не келеді?” деп сұрағанымда “газ және мұнай”, “қонақжайлық” және “Астана.kz” КВН командасы” деген жауап алдым. Әдетте біз мұнай және газ деуші едік, украиндіктер үшін газ бірінші болғандықтан Аннаның жауабына еріксіз жымидық.
Смирнов
әлі де аңыз адам
Ойынға барар жолда Норвегиядан келген футбол фанаты
Ронимен таныстым. Әңгімеміз футбол және жалпы спорт төңірегінде болды. Қазақстан туралы білетінін айтты. Әсіресе қысқы спорт түрлерінен жұлдыздарымыз туралы әңгімесі ұнады. “Кезінде қазақстандық шаңғышы Смирнов норвегтердің даңқты шаңғышысы Бьорн Дэлидің басты қарсыласы болды ғой” дейді Рони. Ванкувер олимпиадасында күміс жүлде алған Лена Хрусталеваны да біледі екен, Хрусталева норвег қызы Тора Бергерден кейін келген еді мәреге.
Қонақжай Украинаның табысы 500 миллион еуро
Украина бұл чемпионатты дұрыс өткізе алмайды деген скептикалық ойлар болған еді көпшілікте. Елдегі саяси жағдай және футбол хулигандары кері әсер етеді деп күтілген еді. Әзірше ешқандай митинг және фанаттар қақтығысы тіркелмеді. Украина халқы мұндай чемпионатты өз елдерінде өткізулерін мақтаныш көріп, қолдарынан келгенше тырысып бағуда. Көшеде ерікті топ волонтерлар толып жүр, барлық туристерге бағыт-бағдар көрсетіп, аудармашылық қызмет көрсетіп көмектесуде. Тәртіп сақшылары да көп. Украинаның барлық аймақтарынан шақырылған. Қауіпсіздік жоғары дәрежеде. Туристердің алаңсыз қыдыруы үшін барлық жағдай жа-
салған. Нәтижесінде осы турнирдегі Украинаның табысы 500 миллион евро!
Біртілді Украина
Украина көшелеріндегі барлық жазулар тек қана украин тілінде. Орысша ештеңе көрмейсіз. Тіл саясаты дұрыс қойылған екен. Иә, халықтың көбі әлі де орыс тілді. Бірақ, украин тіліне деген маңыз барлық жерде, салада білінеді. Менімен бір топта болған орыс ұлтының өкілдері қысымшылық көргендерін айтады. “Орысша түсінбейміз, украинше сөйле” деп тұрып алады екен жергілікті халық.
Украина ұтылмады
Спорттық көрсеткіші бойынша иә Украина өз тобында 3-ші болып, ширекфиналға шыға алмады. Бірақ, осы турнирдің арқасында экономикалық тұрғыдан да, қоғамдық тұрғыдан да ұтты. Қаншама турист келді, Украинаның қандай ел екенін танып кетті. Осы чемпионат үшін жаңа спорт комплекстері салынды, халықтың спортқа деген әуестігі өсті. Ұлттық құраманың арқасында халық біртұтас бола алды, патриоттық дами түсті.
Аршат ОРАЗОВ