Федерация спортшылардың жағдайын ойлау керек - самбошылар
2019 ж. 29 қараша
2720
0
Қарашада Кореяда өткен самбодан Әлем чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы алтын медалсіз қалды. Самбодан Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) аға жаттықтырушысы Біржан Имахановтың айтуынша, қазақстандықтардың сәтсіз өнер көрсетуінің басты себептерінің бірі - әлемдік форум алдындағы оқу-жаттығу жиынын (ОЖЖ) дер кезінде бастай алмауы. ОҚЖ-ны ұйымдастыру мәселесіне Қазақстанның Спорт және жауынгерлік самбо федерациясы жауапты.
Қазақстанның самбо федерациясына жаңа басшылық келгеннен кейін, аймақтардағы спортшылар мен жаттықтырушылар көптеген сұрақтар мен мәселелерді өздері шешіп, федерация басшылары шетте қалуда. Спортшылар қажетті мәселелерді дер кезінде шешіп беретін жауапты адамдар мен кез-келген сұрақ бойынша көмек көрсете алатын ұйымның тұрақты кеңсесінің жоқтығына шағымданды. Сонымен, мұндай федерацияға самбо күресшілері керек пе?
- Әлем кубогының алдындағы оқу-жаттығу жиыны 23-ші қазанда Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде басталуы керек еді, - дейді халықаралық деңгейдегі көптеген спортшыларды жаттықтырған Біржан Имаханов. - Талдықорғанға келіп, қонақ үйге де кіре алмағанымызда қатты таң қалдық - барлық орындар бос емес! Біз үш күннен кейін ғана жайлы орынға қол жеткіздік. Бұл уақытта спортшылардың барлығы мүмкін болған жерлерде қонып жүрді: әр түрлі жалдамалы пәтерлерде тұрды. Біз бәрі ұсақ-түйекке дейін ойластырылған болады деп ойлап едік, бірақ қатты қателескен екенбіз.
- Бірақ жаттығу ол кезде жалғасып жатты ғой.
- Әлем кубогы - спортшылар мен жаттықтырушылар үшін негізгі қорытынды турнир. Және чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиынында спортшылар бірге тұруы керек. Таңертең белгіленген кесте бойынша барлығы тұрып, жалпы жаттығуларды орындап, кешке демалу керек. Түсінесіз бе, тәжірибелі жастағы спортшыларға мұндай бақылау қажет емес шығар, бірақ жастар әрдайым бақылауды қажет етеді. Тәртіп бірінші орында болу керек. Бізде өңірлердегі самбошылар мықты: Батыс Қазақстан өте жақсы жұмыс істейді, Қарағанды облысы мықты самбошыларды дайындайды, ақтөбеліктер де намысты қолдан бермейді және басқалар да бар. Олар нағыз шеберлер. Ал, біз оқу-жаттығу жиынына келіп, мұндай жағдайға тап боламыз.
- Үлкен жарыстың алдында бұл, әрине, өте жағымсыз жағдай. Бірақ түрлі жағдайлар болады ғой...
- Мұндай жағдайлар бұрын да болған. Осы жылдың қыркүйек айында федерация Үндістандағы Азия чемпионатына баруымызға кедергі бола жаздады. Біз визаны өте кеш алдық. Бүкіл құрама болып чартермен ұшуды жоспарлағанбыз, бірақ ол кезде визалар дайын болмады, сондықтан чартерден бас тартуға тура келді. Соңында Үндістанға әркім өз мүмкіндігінше барды. Әрине, барлығы бірдей жарыс өтетін жерге жете алмады. Біз Азия чемпионатында толық емес құраммен ел намысын қорғадық.
- Сіздің ойыңызша, бұл жағдайға кім кінәлі?
- Федерация жетекшілері. Үндістанға шамамен 90 адам ұшуы керек еді: жасөспірімдер, қыздар, ерлер, әйелдер және жаттықтырушылар. Визаларға тек бір адам жауапты болу керек! Бұл топ жетекшісі. Физикалық түрде бәрін жалғыз өзің жасауың мүмкін емес. Әрине, федерацияның кінәсі екені анық. Ол барлығын ақылмен ұйымдастыруы керек еді.
- Қазақстан самбосында әрдайым үлкен спортшылар, лем чемпиондары болған, қазір де бар. Қазақстандық самбоның болашағы туралы не ойлайсыз?
- 2019 жылғы әлем чемпионатында біздің спортшылар Корея мен Испанияның самбошыларынан жеңіліп қалды. Бұл бұрын-соңды болған емес. Не біз бір орында дамымай тұрып қалдық, не самбодан ешқашан жоғары нәтиже көрсетпеген осы елдер үлкен қарқынмен алға жылжып кетті. Қалай болғанда да, біз артта қалып жатырмыз. Жақында біз самбодағы жетекші держава саналатын Ресеймен бәсекелестік! Қазір әлемдік спортта бірінші кезекте заманауи технологиялар тұр. Алайда, федерация тіпті оқу-жаттығу жиынын дұрыс ұйымдастыра алмай жатқанда, қандай технологиялар туралы айтуға болады!
- Федерацияға жаңа басшылық келгенге дейін бәрі жақсы болды, - деп жалғастырды ШҚО-ның самбодан аға жаттықтырушысы Біржан Имаханов. - Бұрыңғы федерация барлық аймақтармен тығыз жұмыс жасады. Қай өңірде мықты спортшылар бар болса, соларға үлкен қолдау көрсетті. Федерацияның бұрынғы басшылары тіпті спортшылардың қалай тамақтанатынын білетін. Қазіргі Қазақстанның самбо федерациясы спортшылар мен жаттықтырушыларға мән де бермейді. Мұндай жағдайда қазақстандық самбаның болашағы туралы айту қиын, - деп қорытындылады Имаханов.
Әдетте кәсіби спортшылар өз спорт түрлеріндегі ішкі мәселелер туралы көпшілік алдында айта бермейді. Үйдегі жағымсыз әңгімелерді сыртқа шығарғаны үшін ешкім де бастан сипамайды. Алайда ендігі кезекте самбошыларды ешкім тоқтата алмайтын сияқты.
2018 жылғы әлем чемпионы, 2018 жылғы Азия чемпионы Нұрбол Серіков: «Федерация менің жарақат алғанымды білетін шығар, өйткені мен Әлем чемпионатын өткізіп алдым, бірақ мен қалай емделіп жатырмын, қай ақшаға ем қабылдап жатырмын, ол ешкімді қызықтырмайды, мені ұмытып та кеткен болар. Маған федерацияның бұрыңғы басшылығы ғана қолдау көрсетіп жатқанын жасырмаймын: емделуімді төлеп, хабарласып рухани демеуде».
2015 жылғы әлем чемпионы Бейімбет Қанжанов: «Бұрын спортшыларға барлық жағынан қолдау көрсететін еді, бірақ қазір олай емес».
Әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров: «Егер федерацияның жаңа басшылығы болмағанда, мен әлі бірнеше жыл күресе алар едім. Мен олардың басшылыққа не үшін келгенін түсінбеймін? Мен қазіргі спортшылармен үнемі байланыстамын, олардың мұндай жұмысын ешкім қолдамайды, барлығы жаңа басшылықтың спортшылармен осындай қарым-қатынас орнатып жатқанына наразы».
Шынында да, неге? Бұған дейін Халықаралық самбо федерациясы деңгейінде танылған Қазақстанның FIAS самбо федерациясын Мәдениет және спорт министрлігінің құзырлы ведомствосы аккредитациядан айырды. Осыдан кейін арнайы ашылған жаңа заңды тұлғаның - Қазақстанның Спорт және Жауынгерлік самбо федерациясының президенті болып Рапил Жошыбаев сайланады және ол бірден ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінен аккредитация алуға қол жеткізеді.
Осы «ұйымдастырушылық шаралардың» барлығы тек бір ғана мақсатта - Жошыбаев мырзаның Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының вице-президенті болып сайлануына негіз ретінде жасалған сияқты.
Бірақ мұндай амбициялардан сонау кеңестік дәуірден бері өзінің үлкен дәстүрін үзбеген қазақстандық самбо секілді спорт түрі зардап шегіп жатыр. Бүгінгі таңда мемлекет спортқа, соның ішінде самбоға көп қаржы бөлуде. Федерацияның міндеті - спортшылар мен спорттың игілігі үшін барлық түйткілді мәселелерді жүйелеу, жұмысты дұрыс бағытқа қою. Ал, отандық самбода не болып жатыр? Тіпті, жарақат алған әлем чемпиондары да емделуге ақша іздеуге мәжбүр.
Асылбек Асқаров,
Қазақ үні