ПЕЛЕМЕН ОЙНАҒАН «ПЕРІ»...

Шындығында, Петр Федоровичты қаусаған шал деуге келе қоймайды. Жер ортасына келген кейіпкеріміз әрі-бері қозғалғанда шиыршық атып, ширақ қимылдап жүрді. Жас шағында шаршы топты шыр айналып, екі иығын жұлып жеген жаужүрек шабуылшы болғандығы әлі сезілнетіндей.

Алдымен ол бізді үй-жай, қора-қопсысымен таныстырды. Рет-ретімен күнделікті шаруаға сақадай-сай тұрған құрал-саймандар, жүзі жарқыраған өткір балта, ара, сүргі... ақыр аяғы тәртіппен сап түзеген күрек, айыр, балық аулайтын қармақтарға дейін қожайынның іскерлігінен, тындырымдылығынан сыр аңғартқан.

Бізді қызықтырған әңгіме, әрине, ол емес-тін. Үйге енген соң төрде, құрметті орында тұрған теңбіл допқа әлсін-әлсін қарап қойып, Петр Федоровичтен футбол төңірегінде сыр тарттық.

– Ой, біздің тұсымыздағы ойындар өзгеше еді-ау! – дейді ол. – Сәнді де мәнді, сұлу да тартымды, таза футбол сонда болатын. Жанкүйердің жанжүйкесіне жетіп, өнердің нағыз көкесін көрсете алмасаң алаңға несіне шағасың?! Қазіргі ойындарды қарап отырып, футбол емес, регби көргендей тыпыршып, мазаң кетеді. Бірін-бірі аяқтан тебісіп, киімдеріне жармасады. Тіпті, өзара әкіреңдесіп, жұдырық жұмсайтындарын қайтесің? Әлсіздіктен емес пе!

...Футбол дегенде ішкен асымды жерге қоюшы едім. Шешемді қан қақсатып, ертеңнен кешке дейін доп соңында жүгіруден жалықпайтынмын. Анығында, бізде жөні түзу доп дейтін доп та болған жоқ. Көбіне ішіне шөп тыққан балғарыны тепкілейтінбіз.

Бесінші класты бітірген соң елге таяу Орынборда тұратын ағамның қолына көштік. Мақтанып та қояйын, екі-үш жылдан кейін жылтыңдап, жергілікті «Локомотив» командасының құрамынан көріне бастадым ғой. Әрине, теңбіл доптың тылсым сырларына қанықтырып, финт көрсетуді, қарсыластардың ара-арасымен зыр жүгіріп, айнала беріп, қақпаға қақырата соққы жасауды үйреткен алғашқы жаттықтырушым Василий Скородумовқа қарыздар болатынмын. Топырағың торқа болғырдың кескіні күні бүгінге дейін көз алдымда тұр.

1951 жылы әскер қатарына алынған соң ЦСКА-ның қатарында ойнау бақытына ие болдым. «Динамо» стадионында ойнатып көріп, төрт жүз адамның ішінен жиырма бес жігітті іріктеп алып еді. Коля Трухачев, Саша Клыков, Володя Сорокумов деген сайыпқырандар есімде. Ағайынды Вася мен Толик Ченцовтарды да ұмытпаппын. Жылдамдықтары ересен болатын. Мәреден допты іліп алып, жебедей атылғанда... о-о-о, шаңын көресің, – доп секіріп қақпада жатады. Витя Капустин деген ұшқыр шабуылшы болды. Қазір тірі ме, білмеймін, хабарласпағалы он бес жылдай уақыт өтіпті...

Ескі достары еске түскенде Перт Федорович сонадай жерде тұрған үлкен жәшіктің ішін ұзақ ақтарып, іздегенін таппай келді.

– Әскерден қалған фотоальбомым, хаттарым болушы еді, сайтан алғыр, көшіп жүргенде жоғалтып алдым. Ойға оралған сайын іздеймін, жер жұтып кеткендей... жоқ!

Сөйтті де, айтып отырған әңгіме тақырыбынан ауытқып, сол кездегі әскери қызметі жайына ауысып кетті.

– Қазір құпия емес, айта беруге болатын шығар – біздің негізгі қызметіміз қолға түскен барлаушыларды алмастыру болатын. Өзге елдің өкілін алып барамыз да, өзіміздікін алып қайтамыз. Түркияға, Иранға, Францияға, Германияға, тіпті Америка Құрама Штаттарына да жолымыз түсіпті. Нью-Йоркке төрт күн аялдағанымыз есімде. Гудзон көпірінен өтіп, резидентті әлдебір ғажайып виллаға түсірдік. Тү-у-у, өмір деп солардікін айт!..

– Петр Федорович, бразилиялықтармен қалай кездестіңіздер?

– Ә... Иә. Ол да есімде. Онда бразилиялықтар әлем чемпионы бола қойған жоқ-тын. Бірақ ерекше ойын мәнерімен жер шары жанкүйерлерін тамсантып үлгерген. Әсіресе, ойын үстінде аяғымызға доп тигізбей қойған Қара маржан – Пелені қалай ұмытарсың?! Көз алдымда қалған көрініс – бұл «сайтан» жолындағының бәрін шыр айнала алдап өтіп, біздің айып алаңымызға дейін жетті де, допты соқпай, оңды-солды ойқастап жүріп алды. Не ойлағаны белгісіз.

Содан соң зуылдап, орта сызаққа қайта жөнелді. Кенет тұра қалды да, еңкейіп аяқ киімінің бірін шешіп, қаға бастады. Теңбіл доп теңкиіп тұсында жатыр. Ойын үстінде мұнысы несі деп, біресе Пелеге, біресе төрешіге аңтарылып қарап қалыппыз. Сәлден кейін қой десіп, ортаға қарай лап қойдық. «Пеле болса қайтейік, осылай да басына ма?!» деген ыза да жоқ емес-тін. Ол біз тақала бергенде еңсесін жаза беріп, допты біздің қақпаға жалаң аяқпен шірене тартып жіберсін! Көзі бақырайып тұрған қақпашымыз да тура «тоғыздық» бұрыштан сүңгіп бара жатқан допқа ышқына ұмтылды. Қай-дан?! Гол-л... Дүрліккен жанкүйерлер стадионды теңселтіп жібергендей болды.

***

Мен бұ кісіні көп іздедім. Кәдімгі бүкіл әлем мәшһүр футбол тәңірі, дүние жүзі жанкүйерлерінің сүйспеншілігіне бөленген теңдессіз ойыншы Пеленің өзімен жасыл алаңда доп додасына бірге түсіп, тізе қағысқан, тіпті, Лев Яшинді жер соқтырған Петр Комисаров Қарағанды облысында тұрады дегенді естіп, тілдесуге көңіл құлап, дегбірім қалмаған. Ақыры, Бұқар жырау ауданының орталығында тұратын аяқдоп перілерінің бірін әркім-әркімнен сұрастырып жүріп, таптым-ау.

Ол да бізді көптен күткен сыңайлы екен. Ортадан жоғарылау бойлы кетік шал қонақжайлық танытып, ырсия күліп тұрды.

***

– Осындай ғажапты да көргенбіз, бауырларым, – деді көкжиекке көз

тіге отырып. Әжім басқан қараторы жүзін мұң кіреукелегендей.

– Әрине, сонау матч сіздердің пайдаға шешілген шығар?..

– Жоқ-ә. Есеп есте жоқ, бірақ ойсырай ұтылдық. Бразилиялықтардың аты бразилиялықтар емес пе!

– Сіз қақпасынан «желден өзгені өткізбеген» Лев Яшиннің қақпасына доп соғыпсыз...

– Иә, иә. Ондай да болған, жігіттер. Бірақ оған қазір ешкім сенбейді де ғой. Десе де, шындық қымбатырақ.

...Әлдебір тойдың қарсаңы-тын. Мәскеу клубтарының құрамасымен ойнау үшін «Динамо» стадионына кірдік. Онда бүгінгі Лужники жоқ-тын. Сонда да жұрт мерекеге жиналғандай, сонша көп жиналушы еді ғой. Ол ойынға да жер қайысқандай халық келді.

Қарсыластардың қақпасын Яшин қорғаған. Жер дүркіреткен атақ-даңққа жете қоймаған кезі-тін. Әлем оны Мельбурндағы Олимпиададан соң ғана таныды ғой. Бірақ сонда да мықты еді. Мәскеу құрамасы қақпаға осал адамды қоя ма!

Қарсыластардың айып алаңында қызған бір шабуыл үстінде қорғаушы допты өз қақпасының сыртына шығарып алды. Маған сол қақпадан бұрыштама соғу тура келген. Қиыстап келіп, бар күшіммен шиыра тептім. Яшин қақпасының арғы бұрышын жанап, иіріліп барған доп «ондыққа» гүмп ете түссін! Қақпашы да секірген. Бірақ кеш еді. Әдеттегіше оқтай атылған допты біздің шабуылшылардың бірі баспен соғады деп күтсе керек. Қапы қалған ол күйініштен қолбағын жерге бір ұрды...

Кейін өзінің мені тауып алып:

– Қатырасың, ей, бұйрабас! Маған әлі ешкім де дәл сөйтіп доп соғып көрген жоқ, – деп шашымнан тарқтап, күлгенін білемін. Екі езуім екі құлағыма жетіп мәз болып қалдым. Сол доп бізге жеңіс әперген еді. Әлгі сәт есіме түссе бүгінге дейін өзім де жынды кісіше жатып алып ұзақ күлемін. Ондайда рахаттанып, күні бойы көңілді жүремін. Футбол да, біле білсеңіздер, творчество, жігіттер! Оның да ләззаты бар.

Бобров, Бесков сияқты сол кезеңнің жұлдыздарымен ойнаған шақтарымды да ұмытпақ емеспін. Жаттығудан соң қалып, солардың шеберліктеріне ден қоятынбыз. Бір ғажабы, олар атақ-даңқ буына мастанып, екі аяғы аспаннан салбырап түсе қалғандай, жан баласын менсінбей, шіреніп жүретін бүгінгі кейбір спортшыларға ұқсамайтын. Халықтан бөлінбейтін. Білгенін үйретуден ерінбейтін. Сонша қарапайым келетін. Несін айтасың. Адам еді ғой олар. Адам...

Әскер мерзімі біткен соң Орынборда сарғая күтіп отырған шешеме қайтуды жөн санадым. Ел чемпионы бола алмадым. ЦСКА алтын медаль алғанша бірнеше матчты жіберіп алдым. Олай-бұлай жүріп-тұратын әскери қызметіміз кедергі болды. Шектеулі уақыттың арасында спорт шеберлігіне де тапсырып үлгермегем. Оның үстіне бірді-екілі табыстарым болмаса үлкен спорттың маған қол емес екенін өзім де сезетінмін.

Сөйтіп шешеме келдім де, көп ұзамай Қарағандыға көштік. Кейінгі Горбачев шахтасында отыз екі жыл бойы табан аудармай еңбек еттім. Футболды онда да ойнап жүрдім, әрине. Шахтада тұрған төрт жеңіс кубогында менің де үлкен үлесім бар. Кейін кездейсоқ апатқа ұшырадым.

Күрделі операцияларды бастан кештік. Жеке өмірім де аса тәтті бола қоймапты. Біреулер теріс қарап кетті. Бір жақсысы, өмірімде ішімдікке де үйір болмаппын, шылым да шекпеймін.

Міне, енді көріп отырсыздар, бұл дүниеде бар-жоғымыз белгісіз, ептеп күн көріп жатырмыз. Бірақ бала күннен серік болған футболды ұмытқам жоқ...

– Сонда, Петр Федорович, футболды әлі де қызықтап тұратын болдыңыз ғой?

– Әрине, жас шақта өміріңмен біте қайнасып кеткендей спортты қалай ұмытарсың. Бірақ кейде зеріккенде ойнап жүрген балаларды қақпаға тұрғызып қойып, өз-өзімді «тексеретін» сәттерім болады. Бір ғажабы, сайтан алғыр, әлі де жап-жақсы тебемін...

Кезінде әлемнің таңдаулы сайыпқырандарымен үзеңгі қағысып, айтулы өнерімен көрерменге талай қол соққызған Петр Федорович Комиссаров әбден қартаса да, үйіндегі тіршілігін күйттеп, шаруасын шаруалап, бұйығылау күндерін кешіп жатыр. Оған өкінбейтіндігін де айтқан. Әйтеуір, әр құбылыстың айқын кезеңдері болатыны секілді, жастық шағының белгілі сәттерін ізсіз өткізбепті. Ол соған қуанады. Биік шыңдарға әркімнің шығуы шарт емес шығар – қанағатшылдығына сүйінеді.

Тек кейінгі ұрпақ мейлі «пері» десін, мейлі «сері» десін, бір кездері артында қалдырған азғантай еңбегіңді ұмытпай, еске алып жүрсе болады да. Өмірдің сәні де сонда емес пе...

Құлтөлеу МҰҚАШ,

Қазақ үні