Жер шарын қозғаушы қандай күш?
2016 ж. 28 наурыз
5166
0
Жердің өз осінен айналу периоды 23 сағ 56 мин 4,1 сек. Жердің өз осінен айналуы себебінен Жерде күн мен түн ауысса, ал оның осінің орбита жазықтығына көлбеулігі мен Күнді айналуы салдарынан Жерде жыл мезгілдері өзгеріп отырады.
Жер эллипстік (дөңгелекке жуық) орбита бойымен 29,765 км/с жылдамдықпен 149,6 млн км орташа қашықтықта 365,24 орташа күн тәулігі ішінде күнді бір рет айналып шығады. Әйтсе де, жер шарының осындай қозғалыстары үздіксіз өзгеріп тұрады және өте тұрақсыз болады. «Ежелгі биологиялық сағатқа» жүргізілген зерттеуге негізделгенде, Жердің күнді айналу жылдамдығы барған сайын тездеп, өз осін айналу жылдамдығы жылдан-жылға баяулап барады. Мысалы, жер шарының күнді айналу периоды 440 миллион жылдың алдында 412 күн болса, 370 миллион жылдың алдында 398 күн, 65 миллион жылдың алдында 376 күн болған. Ал, қазір бір жыл тек 365,25 күн екені белгілі. Жер шарының өз осін айналу жылдамдығы ақырындап бара жатқаны аспан денелер физика ғылымының есептеу әдістері арқылы дәлелдеуге болады. Ғалымдар бұл құбылысты күн мен айдың жер шарында тасу-қайту құбылысын туғызу әсерінің нәтижесі деп түсіндіреді. («Тылсым сырлар». Нұрлан Мұқатай)
Адамдар кварц сағатты ойлап тапқаннан кейін, кварц сағат арқылы уақытты есептеп, күн мен жер шарының салыстырмалы қозғалысын бақылап өлшеді және жер шарының өз осін айналу жылдамдығының бір жылдың ішінде кейде тездеп, кейде ақырындайтын периодтық өзгерісте болатындығын, көктемде өз осін айналу жылдамдығының баяулап, күзде жылдамдайтынын байқады.
Ғалымдар ұзақ уақыт бақылау-өлшеу арқылы, жер шарындағы мұз бен атмосфераның маусымдық өзгерісі жер шарының өз осін айналуының периодтық өзгерісіне қатысты. Бұдан басқа, жер шарының ішкі бөлегіндегі материялардың қозғалысы, мысалы, жеңіл элементтердің көтеріліп, ауыр элементтердің шөгіп жер шарының орталығына қарай жиналуы, балқымалардың атылу сияқты құбылыстар жер шарының өз осін айналу жылдамдығына әсері болады деп санайды.
Жер шарының жылдық айналысы күнді және өз осін айналуы сияқты бір қалыпты жылдамдықта болмайды. Бұл жер шарының жылдық айналыс орбитасының күнге ең жақын нүктесі мен ең алыс нүктесінің ортасынан қашықтығының парқы мөлшермен 5 миллион шақырым келетін эллипс тәрізді болғандығында. Жер шары күнге ең жақын нүктеден ең алыс нүктеге қарай жылжыған кезде, күннен алыстай беретіндіктен, күннің тарту күшінің ықпалы әлсіреп, жылдамдығы баяулайды. Ал, алыс нүктеден жақын нүктеге жылжыған кезде керісінше жылдамдығы тездей түседі.
Жердің жылдық айналыс орбитасы мен жер осі вертикаль болмайды және жер осі де тұрақты емес. Ол, бейне, жер шары орбитасында шыр айналған зырылдауыққа ұқсайды. Жер осінің екі басы да үнемі кеңістіктегі мәлім бір бағытты көрсетіп тұра бермейді. Жер осі бағытының мұндай қалыпсыздығын жер шарының қозғалысы туғызады. Ғалымдар жер осінің кеңістіктегі орбита ізінің мүлде шеңберді бойлап қозғалмайтындығын, қайта, шеңбердің іші-сыртына ауытқып периодты қозғалатындығын байқады.
Жер ғаламшары тағы Күн жүйесімен бірге құсжолы жүйесінің құрамында ғаламды кезеді. Жер шары міне осылайша ғаламда тоқтаусыз қозғалыс жасап, мәңгі дамылсыз өмір сүреді. Оның осы тынымсыздығы ол пайда болған сәттен басталған болуы мүмкін. Жер шарының қазіргі күн жүйесіндегі қозғалысы жөнінен айтқанда, оның қозғалыс жылдамдығы баяулап немесе тездесін, бәрібір ол күннің, күн жүйесіндегі басқа планеталардың және айдың тарту күшінен алыстап кете алмайды. Ал, адамдар осы бір өздері мекен еткен Жер ананың құпияға толы сырларын білуге талпынумен келеді. Олар, жер шары әуел баста қалай қозғалған? Болашақта оның қозғалысы қалай болады? Өз осін айналу жылдамдығы барған сайын баяулай бере ме? - деген сұрақтарға жауап іздеумен келеді.
Дәл қазірге дейін алғашқы қозғаушы күш көзқарасы тек жорамал ғана. Ньютон өзі байқаған үш үлкен қозғалыс заңы мен бүкіл ғаламдық тартылыс заңына қорытынды шығарған соң, осыдан кейінгі бар зейін қуатын жұмсап, алғашқы қозғаушы күш жөнінде ізденген және оны зерттеген.
Ең соңында ол: «ғаламдық қозғалыс механизмін Алла «жобалаған» және жаратқан, әрі оған тұңғыш рет күш сыйлаған, оны қозғалтқан» деген зерттеу қорытындысын шығарған. Алайда, қазіргі ғылым алғашқы қозғаушы күшті мойындамайды және нақты түсіндіріп те бере алмайды. Осылайша жер шарының, бүкіл ғаламның қозғалыс сыры адамдарға әлі күнге дейін жұмбақ болып келеді.
Дерек көзі: ҚазАқпарат