Анар Төлеухан: "Басты міндетіміз - Тәуелсіздікке қызмет ету"
2018 ж. 30 қазан
3872
1
Мектеп оқушысымын. Ол кездерде аудан мектептері арасында өнерден, спорттан фестиваль өткізіледі. Бүкіл аудан жұртшылығы сол шараларды тегіс қызықтап, оқушылардың қатысқаны қатысып, ал қатыса алмай қалғаны жанкүйер ретінде алаөкпе болып жүгіріп жүреді. Мен спортқа емес, өнер жарысына қатысамын. Анам дайындаған біздің мектептің көркемөнерпаздары жылда жеңіске жетіп, ауылға "Шилі елі шалқыған, көз тартқан бай тұлғаң, мал қаптап төскейде, жайқалған алтын дән" деп "Шилі жастарының вальсін" шырқап мақтанышпен ораламыз. Ауылға жақындағаннан ән бастап, көліктің бортына қойылған отырғышқа отыра алмай, желпінген көңіл тіпті орнымыздан түрегілтіп кететін. Фестивальге бармаған ауылдың өзіміз құралпы басқа балалары біздерге қызыға қарап, ал кішкентайлар көліктің артынан жүрігіп отыратын. Бұл біздің балалығымыздағы қазір сағынышпен еске алатын тұс. Осы фестивальдердің қортынды концерттерін жүргізудің абыройлы міндеті ылғи менің маңдайыма бұйыратын. Аудан мектеп оқушыларының ең бір үздіктері өнер көрсететін, жюридің арнайы таңдауымен, іріктеп алған концертті жүргізу, ән айту, өлең оқудың арқасында мені кәдімгідей жұрт танып, үміт арта қарайтын болған. Ол уақытта Аудандық комсомол комитетінің хатшысы Койшы Сарсенкелди аға еді. Ол кезгі пионер, 6-7 сынып оқушысын сол райком комсомол хатшысы көре қалса тоқтап, қолын беріп амандасатын. Өзі қандай көркем, қандай шешен, жастарды соңынан ерте алатын жанып тұрған от кісі. Сондай ағаның құртақандай саған тоқтап, мән беріп, қолын беруі кәдімгідей еңсеңді көтертіп, өзіңе артылған сенім барлығын мойныңа жүктейтін. Егер менің бойымда елге қызмет етуге деген талпыныс болса, соны еккен адамның бірі осы Қойшы аға дер едім. Ол кісі көңілдерге сенім ұялата білді. Адам көргенін жасайды ғой. Кейін есейген сайын мен де сол Қойшы ағадан көргеніме бағып, көзінде оты бар, болашағынан үміт күтетін кішкентай бала, жас көрсем елеңдеп тұрамын. Өйткені, сенің назар салып, қуана, қолпаштаған бір ауыз сөзіңнің оны жақсылыққа ұмтылдырып қанаттандыратынын білемін. Қойшы аға менің "Ленин комсомолы Алаштың астанасы болған Семейде рухани жаңғырып жатыр күлейін бе, жылайын ба?" деген постыма "Ойланбай, орынсыз пікір білдіруге қарсымын. Тойласын, атап өтсін, ол тарих. Тарихтың да ақ, қарасы болады. Ол кезеңде де ел басында осы біздің ата, ағаларымыз болды. Бірі тізгінді дұрыс ұстады, еліне жұмақ заман жасай алды, ал бірі істегісі келді, көңілі түзу еді қолынан келмеді. Ол өмір заңы. Менде комсомол, партия қатарында тәрбиелендім, қызмет істедім. Өкініш жоқ. Комсомолдың арқасында қазақтың біртуар ұлы Мұхтар Шаханов ағамен таныстым, Жаман емес" деп пост жазыпты. Аға, сізді қалай құрметтейтінімді өзіңіз де білесіз. Осыны жазсам ба екен, жазбасам ба екен деп ойландым. Жазсам, айтар уәжім бар, мен ол посты ойланбай жазған жоқпын. Ал жазбасам, сіздің сөзіңізді айтты не, айтпады не деп елемегендей отыр қарындасым дегендей боламын ба деп қорықтым. Сондықтан жазайын деп шештім. Жұмыр жердің бетінде саны жағынан бізден әлдеқайда көп, 40-50 миллионға жеткен, алайда, тәуелсіз мемлекет атануды маңдайларына жазбаған, ол орындалмас армандай көрінетін ұлт жетерлік. Жаратқанның қалауымен қолға тиген тәуелсіздік қазақ баласының ең бір асыл мұраты еді. Менің аталарым 1937 жылғы репрессияның құрбандары. Әкемнің әкесі– Сәбденбеков Молдахан НКВД үштігінің үкімімен Сібірге айдалып бара жатқанында азап вагонында сүзектен демі үзіледі. Ал сүйегін қаныпезерлер жүріп келе жатқан пойыз үстінен лақтырып кетеді. Ит-құсқа жем болған атамның сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Ал шешемнің әкесі –Мәлік Бөкешов 1937 жылы Қостанай қаласында үштік үкімімен атылып кеткен. Молдахан атамның әкесі Сәбденбек пен оның ағасы Сейдәзім 1932 жылдың аштығының құрбаны болыпты. Әке-шешемнің қаршадай күнінен «халық жауының күшігі» деп көрмегені жоқ. Оларда балалық шақ болған жоқ. Балалығы ұрланған ата-анамның, немерелерін көрмеген аталарымның тағдырын тас-талқан еткен Кеңес үкіметі. Бұл менің ғана әулетіме қатысты емес, сол кезеңдерде қалың қазақ тартқан тауқымет. Басынан кешкен зобалаңды зар. Бірақ тарих. Кез-келген тарихты парақтағанда оның күнгейін де, көлеңкелі тұстарын да табуға болады. Көлеңкесі сол, бүгінде қазақ баласының саны көрші өзағалардан да аз. Ал өткен ғасырдың басында, патшалы Ресей заманының өзінде қазақ өзбектен көп еді. Кеңес үкіметінің халықты қынадай қырғаны анық, оны күштеп отырықшы етіп, діліне, дәстүріне қиянат жасады. Ал күнгейі ше? Аман қалған аз халық мектеп көрді, сауаттанды. Жасы өсті, жарлысы қатарға қосылды. Кентті жердің, қаланың мәдениеті келді. Сонымен бірге қазақтардың қазіргі бітімі қалыптасты. Бүгінгі күні жастары 40 тан асқан аға буынның сағына еске алатын жалындаған кездері өтті. Жастық шақта жинаған тәжірибемен бүгінге, азаттық күнге жетті. Кешегі күні комсомолды аңсағандардың жиылысын қоғам тәуелсіздікке атылған оқтай қабылдады. Журналист Жолымбет Мәкіш әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды. «Сөз жоқ, комсомол, пионер, октябрят ұйымдары – сол кездегі жүйені бір рамкада ұстап тұрған, адамдарды әдепке, тәртіпке үйреткен моральдық фундамент болды. Бірақ олар түптеп келгенде қазақты қынадай қырған, мәңгүрттеген идеологияға қызмет етті. Осындағы бір ағамыз да сұхбатында комсомолдың осындай жақсы жақтары болғанын, алашордалықтардың емес, комсомолдың 100 жылдығын атап өткені де содан, олардың сол мектепке деген құрметі болды деген сыңайда сарнапты. Былай қарасаң, бәрі дұрыс секілді. Бірақ олардың сол ескі тәртіппен келе жатқаны, өздерінің өскелең ұрпақты тәрбиелейтін сондай бір мектепті қалыптастыра алмағаны – сол бұрынғысын бұлдап жүргендей көрінетін баяғы комсомолдардың кемшілігі екенін де ашық айту керек. Өздері соған балама болатын бір ұйым құра алмай, жаңа жол, жаңа сүрлеу салатын уақыты болса да, әлі сол баяғы мақаммен сарнап, әлі сол әбден тапталып қалған ескі сүрлеумен келе жатыр. Қашанғы өткен империяның қаңсығымен мақтанамыз, ағалар-ау?» дейді. Психология ғылымында адамдардың өздерінің психикасына кері әсері бар жамандықтан қорғануы үшін пайда болған қалыпты рекциясын Стокгольм синдромы дейді. Ол не өзі? Психикалық ауытқуға, ауруға жатпайтын, алайда басқыншыға симпатиямен қарайтын психологиялық феномен екен. Көбіне террористердің қолына түсіп жапа шеккендер тек аман қалуды ойлап, кепілге алушылардың іс-әрекеттерін ақтай бастайды, олардың идеяларын қабылдап, өздерін басқыншылармен теңдестіруге дейін баруын Стокгольм синдромы дейді. Бұл синдромның қауіптілігі сонда, оған ұшырағандар өздерінің болашағына қажетті іске де, тіпті қауіпсіздігіне де қарсы әрекет етуге дейінгі қарекетке бара алатын көрінеді. Ал қызылдардың қызыл жалауының көк туды көлеңкеде қалдыра жаздағандай екпіні шынымен ел қауіпсіздігі үшін алаңдарлықтай болды. Дәл осыны күткен көрші жоқтығына кім кепіл? Кешегі Алматыда комсомолдың 100 жылдығын дүрілдетіп өткізуді, «Біз лениндік комсомолдың жасампаз дәстүрін сақтап жүрміз, әлі де жалғастыра беретін боламыз. Біздер комсомолдар ісін, оның революциялық, жауынгерлік және еңбектегі тарихын ешқашан ұмытқан жоқпыз» деп Мәскеудің Съездер сарайында өтетін Комсомолға 100 жыл съезіне құттықтау жіберіп, кеуделеріне Ленин бейнеленген қызыл медаль тағып қуанғанын Стокгольм синдромына ұқсатқанбыз. Журналист Марат Тоқашбай «Комсомол - партияның қолшоқпары болды. Қазақ жеріндегі ашаршылық, саяси қуғын-сүргінге, қудалауға көз жұмды. Халықты бірге талады, бірге қанады. Қан төгетін, жан беретін жерге «комсомолсың» деп оққа байлады. Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарына қысым жасаудың өзіндік машинасына айналды. Қазіргі тілмен айтқанда «топ менеджерлері» болмаса қарапайым қатардағы комсомолдар еш жақсылық көрген жоқ. Сондықтан комсомолдың 100 жылдығы қазақ xалқының мерекесі емес» деген. Компартияның «қынулы інісі» қолшоқпары болғанды ар көрмей, жасампаз тарихымыз деп өз халқына жасалған қиянатқа көз жұмып, тарихымыз еді деп коммунистер зұлматына бас ию, қасиеттінің қасиеттісі, қастерлінің қастерлісі– Тәуелсіздікке, мемлекеттің ертеңгі қауіпсіздігіне жасалған ақтауға келмейтін қадам болды. Қайырын берсін тек. Қадірлі Қойшы аға, ешкімнің де өткен күндерді сызып тастай алмайтыны анық. Оның тарих екені ақиқат. Бірақ бүгінгі күнде өткенді еске алғанда коммунистердің қызыл туын желбіретіп, лениншіл комсомолды көкке көтеріп, жастық дәуренді еске алдық деп, оның жаманы мен жақсысын айырмай, ешқандай баға берместен, комсомолдың ағасы, коммунистер қырған жазықсыздарды ұмытуға бола ма? Аштықтан, айдаудан, атудан қырылғандардың құны кімде? Әлде комсомолдар коммунистік партиядан ірге айырып, оларды аға демей ме? Азаттық үшін құрбан болған Кейкі батырдың ерлігін кешегі Кеңес тұсында жазып, ұрпаққа жеткізген жазушы Ақан Нұрмановтың інісі Каратай Нурманов аға: "Кешегі комсомол кызметкерлері, бүгінгі ел ақсақалдары, жастық шақты еске алатын күнді даурықпай, саяси қоспасыз, қызыл боямасыз атап өтейік. Жас ұрпактың, тауелсіз еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілікті де ұмытпай, коммунистік идеялардан саналы түрде бас тартуға шакырамын. Бәріңе рухани жанғыру, мерекелік көңіл-күй, жастык жігер, мыкты денсаулық тілеймін.1975-1983 жылдар аралығында ауылдык, калалык комсомол-жастар уйымынын жетекшісі К.Нурманов" депті әлеуметтік желіде. Мен осы ойды жөн көремін. Менің ойымша бүгінгі күні бар қазақтың мойнындағы ең басты міндет-тәуелсіздікке қызмет ету.
Анар Төлеухан, Фейсбук парақшасынан