Халықтың құрбандық мал сатып алу қабілеті төмендеген - белгілі журналист
2018 ж. 22 тамыз
3757
0
Құрбан айттың бірінші күнінде құрбандық шалатын бірнеше орындарда болдым. Қой сатып тұрған малшылармен, делдалдармен сөйлестім. Таңертең дәу, ірі қойдың бағасы Алматыда 55 мың, Астанада 65 мың тегеге дейін жетті. Түске дейін сатушылар көбіне 30-35 мыңға беріп жатты. Алматының төңірегінде, «Думан» ықшамауданы жақта, түс ауа бір қойдың орташа бағасы 25 -28 мыңға төмендеді. Сатушылармен тілдесіп «Таңертеңнен бері қанша қой саттыңыз?» деп сұраймын. Н. деген жігіт: «58 қой әкеліп едім, жетеуі ғана өтті!». Б. деген жігіт: «52 қой әкеліп едім, жартысы да өтпеді, енді Құрбан айттың қалған күндерінде баға төмендей береді. Бұрынғы жылдарға қарағанда биыл қой алушылар аз!» дейді ренішпен.
Алматыдағы қой соятын 22 орынға Құрбан айттың бірінші күні 300-ден 2500-дейін қой әкелінген. Ұзын саны шамамен 48-50 мыңдай болады. Бүгін сатылғаны шамамен 27-30 мың. Халықтың бұрынғы жылдарға қарағанда құрбандық мал сатып алу қабілеті төмендеген. Бұл халықтың экономикалық жағдайының нашарлағанын байқатады. 2 млн халқы бар Алматыда Құрбан айттың алғашқы күні 30 мыңдай қой сатылса, бүкіл Қазақстанда құрбандық 300-400 мыңдай, тіпті әрі кетсе 500 мыңдай ғана болады екен. Әлгі кейбір айтқыштар айтатындай «миллиондап» қырылып жатқан қой жоқ. Елімізде бүгінде 18 млн бас қой бар. Жыл сайынғы өсімі – 5-6 млн қозы десек, құрбандық соның оннан бір бөлігі ғана. Тегінде қой малының өз ажалынан өлетіні мүлде сирек екендігін ескерсек, бұл жұртты шошытатын көрсеткіш емес!
Марат Байділдәұлы, Қазақ үні