ЭКСПО-ның үйлері жас отбасыларға берілуі тиіс
2018 ж. 11 ақпан
4172
4
ЭКСПО-да салынған 1347 пәтер неге баспанаға мұқтаж жастарға бұйырмайды?
Осы сұрақ кешегі 2017 жылдың басында Алматыда дүркіретіп өткізілген Универсиядадан кейінгі 1748 пәтердің тағдырын көргеннен кейін ойландырып қойды. Былай қарасаңыз, екі іс-шарада мемлекеттік, сізбен біздің салығымызға жасалған дүние.
Тек Алматы Әкімдігі ерекшеленіп, 1748 пәтерді баспанаға мұқтаж жандарға – жас отбасыларға, жас мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік саладағы, әскери-арнайы қызметтің өкілдеріне, мүгедек балалары бар немесе жалғыз басты аналарға, көп балалы отбасыларға, жетімдерге, оралмандарға жеңілдетілген бағамен шаршысына – 1036 теңгемен 20 жылға дейін жалға беріп, артынша 5 жылдан кейін сатып алу құқығымен 33 млрд. теңге тұратын 14 тұрғынүй кешенін берді. Ал сол баспана иегерлерінің 50 пайыздан астамы жастар санатына кіретін отбасылар екен. Яғни, осынысымен Бауыржан Қыдырғалиұлы бастаған Әкімдіктің ұсынысы халықтың мүддесіне қарай шешім қабылданды. Бұл ерлік емей немене...
Ал, Астанаға келсек, мемлекеттік тапсырыспен салынған 42 тұрғынүй кешеніндегі 1347 пәтер осы жылдан бастап нарықтық бағамен сатылымға түседі екен. Оның алдында 2017 жылы сол пәтерлердегі 2,7 млрд. теңге сатып алынған жихазды аукцион арқылы көтерме бағамен сатқан болатын. Әрине бояуы кеппеген жихазды сатып алуға асыққан тұрғындар көп болды. Дегенмен, бұл да халықтың қаржысына алынған үй жабдықтарын өзіне қайта сату бұл не сасқаны деп қалдық?! Енді келіп, сол сізбен біздің қаржымызға салынған пәтерлерді өзімізге қайта сатпақшы ма? Бұл қаншалықты ақылға қонымды қылық? Мен егер тұрақты салығыма үй салдырсам, оны маған нарықтық жоғары бағамен пысықайлар қайта сатса, менде қандай көңіл-күй қалыптасады? Дәл осылай тұрғындарда да қандай әлеуметтік көңіл-күй орнығып, мемлекетке деген сенімділік қалыптасады? Егер осы тәжірибеге алматылық үлгімен жасалса қазынаның бюджеті тесіле қоймайды ғой. Астанада онсызда 47 мыңнан астам (2017 жыл, тамыз айының көрсеткіші) баспанаға кезекте тұрғандары бар. Оның ішінде көбі пәтер жалдап жүрген жас мемлекеттік отбасылы қызметкерлердің ахуалына, түрлі пәтерге мұқтаж жандардың мәселесіне қарай жеңілдетіліп берілсе құба-құб болмайтын ба еді?! ЭКСПО-ның мемлекеттік имиджін көтеруде, инвесторларды тартуда, жаңа технологиялық бағыт алуына орасан зор ықпалын тигізгеніне бір марқайдық. Ал енді сол тойдан қалған сарқытын балаларына бөліп бергендей, тұрғын үйлерін халқына жеңілдікпен бөліп беруге болатын шығар. Осы жағын елордамызда тағы да таразыға салып, оң халықтық шешім қабылдаулары тиіс сияқты. Себебі, халықтың меншігі халықтың еншісінде қалуы тиіс деген қағида бар. Ал үйсіз тентіреп жүрген жастарды қолдау №1 мәселе екенін ұмытпаған абзал!
Мақсат Жақау,
аймақтанушы