ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ немесе АКАДЕМИКТІҢ АЙТАЛТАҚ ҰЛЫ
2017 ж. 03 наурыз
4345
20
Расын айтсам, Білім министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетін тізімнен алып тастады дегенге онша бір мән бермеппін. "Кезекті бір шу шығар, олай болуы мүмкін де емес қой" дегем де қойғам. "Әкем аты шапқан сайын өрлейді" демекші, бақсам мына әңгіме шынға айналып бара жатқанға ұқсайды ғой өзі.
Оу, Сағадиев мырза абайласаңызшы! Елбасының қабағына қарамасаңыз да, елдің қабағына қараңыз. Қазақтың тілі жоқ болса, сіз де, сіздің әкеңіз, болашақ ұрпағыңыз да жоқ. Сіз бәлкім, академиктің баласы, айталтақ боп өскен шығарсыз. Сол себепті де ұлттың жанын жан-жүрегіңізбен түсіне алмассыз. Министр болмай жатып-ақ, аффшордағы ақшалылардың қаралы тізімінен атыңыз шыққанда да үнсіз қалдық қой осы. Енді келді, жас адам жағасынан жармаспайық деп. "Бір апамнан, бір апам сорақы" демекші, сіздің реформаларыңыздағы сорақылықтың бітер түрі байқалмайды.
Сізді білмедім, алайда мына қазақтың ертеңгі күннен үміті үлкен. Біле білсеңіз, сіздің орынтақ та ең бір ұрымтал мансапқа жатады. Өйткені онда елдің болашағы тұр. Демек, сізге деген жауапкершілік те екі есе жоғары. Сіз керісінше, бәрімізді масқара қылдыңыз ғой. Әлде, "атың шықпаса жер өрте" деп, елдің есінде осылайша қалу мақсатын қойғансыз ба, алдыңызға. Сіз елдің де, Елбасының да алдында жауап бересіз әлі. Көптің наласымен ойнамаңыз. Ондайлардың соңы ешуақыт жақсылыққа апарғанын көрмек тұрғай, естіген пенде де жоқ. Әлде де болса, қалған-құтқан абыройыңызды сақтап қалыңыз. "Халық көнеден сұрайды, қайық кемеден сұрайды" деген. Ақыл сұрайтын кемеңіз бар ғой, шүкір...
Елубай Әуезов,
Фейсбук парақшасынан алынды