ҚОЙ ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАНДАРДАН ҚҰТЫЛАМЫЗ ДЕСЕК
2017 ж. 29 қаңтар
5420
1
Әлгі, Ресейдің азаматтығын алып, қос азаматтықпен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы болып жүр деген адам туралы оқыған соң, менде мынадай ойлар туындайды:
1. Қазақстанда жұмыс істеп отырған шет ел елшіліктері Қазақстан заңдарын қатаң сақтауға міндетті ме, жоқ па? Елшіліктердің ҚР заңдарын сақтайтынын нақты қадағалап отырған қай орган, қай мекеме?
2. Егер міндетті болса, Қазақстан заңдары бойынша қос азаматтыққа тиым салынғанын біледі, қанша Қазақстан азаматтарының Ресей азаматтығын алғанын хабарлауға тиіс емес пе? Себебі, олар енді Ресей елшілігінің қадағалауына көшеді. Олай болса, Қазақстан азаматтығынан бірден шығарылуы керек қой. Ресей елшілігі Қазақстан заңдарын сақтап отыр ма?
3. Ресей елшілігі Ресей азаматтығына көшкен адамдар туралы мәліметтерді берген болса, Қазақстандағы өкілетті органдар қайда қарап отырды деген сұрақ туады.
4. Жалпы, Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп жатқан барлық адамдардың азаматтығын нақтылайтын қолжетімді ортақ қоржын бар ма?
5. А корпусына емтихан тапсыртатын талаптар қайда қалды? Ондай мемлекеттік қызмет атқаратын адамның азаматтығы тексерілмей ме?
Енді, сол, Ресей азаматтығын алды деген адамның өзіне келейік: әрине бұл дерек әлі тексеруден өтетін шығар. Егер, ол адам, шын мәнінде 1998 жылы Ресей азаматтығын алған болса, содан бері неге ешкім ештеңе білмеген? Ол адам Қазақстан заңдарын бұзды. Өрескел бұзды. Заң бойынша, ол өзге елдің азаматтығын алған сәттен бастап Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығарылуы тиіс. Яғни, ол адамды 19 жыл бойы Қазақстанда бой тасалап жүрген шет ел азаматы ретінде, не болмаса, Қазақстан заңын 19 жыл бойы үздіксіз бұзып келген Қазақстан азаматы ретінде жауапқа тартуға тиіспіз деп ойлаймын. Өзгелерге сабақ болады. Сол кезде "қой терісін жамылып жүрген талай бөрі" жамылғысын тастай қашатыны анық. Бір тазарып аламыз. Сондықтан, егер, ол адамның басқа ел азаматтығын алғаны расталса, міндетті түрде Қазақстан заңдарымен жауапқа тарту керек. Әйтпесе, болмайды. Сол кезде ғана біз Қазақстан заңдарын бұзған шет ел азаматтарын жауапқа тартудың нақты механизмдерін қалыптастыра алатын боламыз. Дәл осы жерде мәймөңке, жалпақшешелік жүрмейді.
Серік Жанболат,