Өскемендегі оралмандар қыс алдында баспанасыз қала ма?
2016 ж. 11 қазан
2932
0
Өскемен қаласы әкімі Ерлан Аймұқашевтің назарына!
Келесі кезек кімдікі?
Кеше кешкісін «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған Шығыс ауылындағы тағы бір үйдің күлі көкке ұшты. Бұл – қаңқасы да қалмай жанып кеткен төртінші үй. Бір шүкіршілігі – адам аман.
Кеше өртенген Достық көшесіндегі 20 үйде абырой болғанда адам болмаған. Отағасы жұмыста, әйелі жол жүріп кетіпті. Ал балалары көрші үйде қалған екен. Небары 20-30 минуттың ішінде қызыл жалын үйдің төбесін ортасына түсірді. Өрт сөндірушілер келген кезде «болары болып, бояуы сіңген» демекші, жанары жанып, жалыны қайтып қалған еді. Ал, өздері өшіруге құлшынған көрші-қолаңдарды жарқ-жұрқ еткен электр сымдары мен «газ балоны бар» деген үрей маңына жолатпады. Тек олардың қолынан келгені видео мен фотоға түсіру ғана болды. Басқалай мүмкіндік те жоқ болатын.
Ал жиналған жұрттың біразы үйдің сапасына налып, әлдекімдерді балағаттаса, кейбірі үрейін жасырмады.
«Менің үйім де, тура осылай қағаздан салынған, электр сымдары шатырдың ішінде шашылып жатыр» – десе, енді бірі «келесі кезекте қайсымыздың үйіміз өртенеді екен» – деп салды. Кезегін тосып жүрген сыңайлы. Шарасыздықтан ғой.
Бұл ауылдағы үйлердің электр қуаты 380 вольттық болғандықтан, қарапайым адам тұрғой анау-мынау электриктер жолай бермейді. Бұған дейін өртенген үйлердің екеуі күндіз, біреуі таңда, соңғысы кешке өртенді. Ал, шырт ұйқыда жатқан кезде өртенсе қайтпек? Құдай оның бетін ары қылсын. Соңғы сауал – Шығыс ауылында ең алғашқы жылы салынған 300-ге жуық қағаз үй тұрғындарының ойлағысы келмейтін қорқынышы. Бәріміз үреймен өмір сүріп жатырмыз.
Айтпақшы, өрт болып жатқанда тағы бір «білгіштер» айтады, «үйдің шатырының астында жатқан электр сымдары ары кетсе бес жылға шыдайды екен. Өйткені, ол жерде тұрақты температура жоқ, ыстық та, суық та келеді» деп. Бұл онсыз да үрейленіп тұрған елді, одан сайын үдірейтті. Себебі бәрінің үйіне бес жыл болып қойды ғой. Оған соңғы кезде арт-артынан өртеніп жатқан үйлерді қосыңыз.
Осының алдында, яғни, 30 тамыз күні өртеніп кеткен үйге ауыл азаматтары қол үшін беріп, асарлатып жүріп, үйінің төбесін жауып берді. Бірақ, бес жыл бойы жиған-тергені, дүние-мүлкі аз шығын болмады. Ол үйден халық кейбір дүниелерді алып шыққан еді. Ал кешегі үй құлыптанып тұрғандықтан ине-сабақ жіп те шықпады. Халық тағы да көметесер, бірақ, күңгірт тартқан күз аспаны оған мұрсат бере ме, белгісіз?! Қайырлы шығын болсын дейік.
Жиналған жұрт «айтайық», «барайық», «жазыңдар» десті. Сондағы айтайық дегені мынау.
Біріншіден, арнаулы мамандар жіберіп, үйлердің тоқ жолдарын қайта тексертіп берсе, қауіпті үйлерді анықтаса, дейді. Өйткені бұл үйлер мемлекет меншігінде тұрғандықтан, ешкім өз білермендігімен еш нәрсесін өзгерте алмайды.
Екіншіден, ауылда өрт сөндіру пункті болса дейді. Өйткені, қала ортасынан шыққан өрт сөндірушілер, қағаз үйдің жану қарқынына ілсе алмайтындары неше мәрте дәлелденді ғой.
Осы мәселені халалық әкімдік, болмаса, тұрғын үй шаруашылығы бір жақтылы етіп берсе, деп өтініш білдіріп отыр. Ертең алда-жалда бұдан да күрделі жағдай туса, ашынған ағайын кімнен жауап алары белгісіз... Үй өртенсе өшер, ел өртенсе кім өшіреді?
Мұратхан Кенжеханұлы,