Шешендер ер баланы қалай тәрбиелейді?
2016 ж. 10 қыркүйек
3431
0
1994 жыл. Қасіретті Чешен соғысының алды. Қазақстаннан бір топ журналист Грозный қаласында жүрміз. Ингушетиядан келе жатырмыз. Ол жақта қанды шайқас жүріп жатыр. Грозный қаласында тыныштық деген аты ғана. Әсіресе түнде қаланың әр пұшпағында патырлатып атысады. Кімде кім атып жатқаны түсініксіз. Түнде терезеңнің түбінде автомат дарылдап жатқанда ұйықтау да қиын екен. Бір чешеннің үйіне тоқтадық. Ол бізді жанын салып күтті. 4-5 жасар ұлы асыр салып жүгіріп жүрген. Бір уақытта әкесінің наганын көтеріп жетіп келіпті. Зілдей қаруды әрең көтеріп кезеніп тұр. Біз, жайбырақат дастархан басында отырған басымыз, жеп отырған тамағымызға қақалып қала жаздадық. Сәби ғой, шүріппені басып қалса жетіп тұр.
-Менің әкемнің наганы,-деп қоятынын қайтерсіз. Әкесінде қапер жоқ:
-Пәлі, мынау жастықтаң астындағы менің наганымды алып жүр ғой. Әй, ұлым, орнына апарып қой, байқа, оқтаулы.
-Әке, мен наганды өзімнің жастығымның астына қоямын. Түнде мына қонақтарды күзетемін,-дейді әлгі сәби кәдімгідей болып.
-Дұрыс балам, қонақтарды күзеткенің дұрыс. Екеуміз күзетеміз. Бар, апарып қой,-деді әкесі өзі құралпы кісімен тіл қатысқандай.
Баласы маңғазданып тұрып ауыр наганды қос қолмен көтеріп кете барды. Ертең ұлтының ұланы болатын бала ғой мынау! Үйге келген қонақты күзету - үй иесінің міндеті екенін қайдан біліп тұр десеңші,ә?! Өзін үйдің иесі сезінген сәби, ертең өзін сол жердің иесі де сезінетініне күмән жоқ.
Серік Жанболат,
Фейсбук парақшасынан алдынды