Ғалым Боқаш. САЯСАТСЫЗ САЛЫСТЫРУ
2016 ж. 30 мамыр
4673
9
Стамбулдың 17 миллиондай халқы бар. Бір мэр, бір бас хатшы мен жеті орынбасары 26 департамент директорын жұмсап еркін басқарып отыр. Мэр қаланың аузы дуалы ақсақалдарынан бастап, еті тірі кәсіпкерлеріне дейінгі көзі қарақты жәмиғатын жақсы таниды. Жөнделіп жатқан жолдың, салынып жатқан үйдің есебін біледі. Қай мешітте қандай уағыз айтылатынынан, қай театрда қандай спектакль қойылатынынан қал-қадарынша хабардар. Назарына ілінбей қалған жайттарды әр сала бойынша орынбасарлары екібастан жетік біледі дегендей. Әлемдік ірі туризм орталығы саналатын, күн сайын ондаған мың саяхатшы қабылдайтын қаладағы динамикалық даму мен экономикалық өсу туралы айтпай-ақ қояйын.
Енді 17 миллиондай халқы бар кейбір мемлекетті президент пен оның тұтас бір әкімшілігі, әкімшілік жетекшісі мен әлгінің сүрініп-қабынып жүрген орынбасарлары, премьер мен оның алып үкіметі һәм канцеляриясы, вице-премьерлер мен министрлер һәм олардың шұбырған орынбасарлары, ондаған облыс әкімі мен олардың жүздеген орынбасары һәм аппарат жетекшісі, жүздеген қала мен аудан әкімі және олардың өздерінен бірнеше есе көп орынбасарлары, мыңдаған көмекшісі, қисабына қиял жетпейтін департамент директорлары, олардың шопырсыз жүре алмайтын орынбасарлары, осыншама адам бір-біріне сілтей қол қойып төменге сырғытатын халықтың арыз-өтінішіне калька тілінде түсініксіз жауап хат жазумен айналысатын қарасы қалың бас мамандар, және осынау алып маховикті айналдыруға өзінше үлес қосып әкімнің баяндамасын жазып жүрген кеңесшілер мен шай тасып жүрген сансыз секретарьшалар армиясы "басқарып" отыр. Бұл биліктің орталық тармағы тұрмақ, облыстық деңгейдегі басшылары мен орынбасарлары ел ішіндегі бір мәселемен танысуға сау етіп келе қалғанда соңындағы нөкерлерінің шаңы бір аптаға дейін тарамай тұрады. Әлгі облыстық әкім-қара (президент былай қалсын) жылына жүздеген мың литр бензин жағып джиптерімен құйындата құйғытып жүргенде қарамағындағы әр ауылдан бір-бір белсендінің болсын атын жаттап та үлгермей қызметтен кетіп жатады.
Осы бір шабармандар шапқыншылығына ұшыраған елге қарап отырып, "қанша дегенмен мемлекеттің территориясы қаладан үлкен болады, басқарушыға да барып-кел, шауып-келсіз қиын ғой" деп іштей уәж тапқансимын. Бірақ атқарушы биліктің территорияға емес, нақты адамға қызмет ететіні ойымнан шықпайды. "Айналып келгенде алдарындағы адам саны 17-ақ миллион ғой?" дейді ішкі дауысым. Ал енді ол қисынды ары кетсе жарты-ақ миллион халқы бар облысты басқарып отырса да, ат үстінде шіренгенде үзеңгі шыдатпайтын "қайраткерлерге" һәм олардың нөпір нөкерлеріне ұқтырып көріңіз.
Ғалым Боқаш
Фейсбук парақшасынан
*Тақырып өзгертілді