ӨМІРІНЕ ЕҢ РИЗА ЖАНДАР ШЫМКЕНТТЕ ТҰРАДЫ - Айбар Олжай
2023 ж. 20 сәуір
23457
1
Оңтүстік пен солтүстік. Бақыт нүктесі қайда?
Қазақстан бойынша өміріне ең риза адамдар Шымкентте тұрады. Экономикалық зерттеу институты Азия даму банкімен бірлесе жасаған ауқымды зерттеуін аяқтады. Зерттеу "Өңірлік теңсіздік" мәселесін қарастырған. Оған 140 қала мен 4 мың ауыл қатысты.
Бүгінгі өміріне қанағаттану, бір сөзбен айтқанда "шүкіршілік индексі" бойынша Шымкент 7,91, Атырау 7,90, Ақтөбе 7,68 ұпай жинаған. Үздік бестікке сонымен бірге Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы кірді.
Шымкенттің бірінші орында болуы - "бақыт ақшамен есептелмейді" қағидасының рас екеніне көз жеткізеді. Адамның өмірі өзіне ұнауы үшін міндетті түрде материалды жағдай емес, көбіне ішкі рухани тепе-теңдік факторлары әсер ететін сияқты.
Қазақстандағы өз өмірі өзіне ұнамайтындар шоғырланған басты мекен - Павлодар. Оның индексі - 6,58. Аутсайдерлер үштігіне Павлодармен қатар, Абай облысы (6,88) мен Астана қаласы (6,94) кірді.
Астананың шүкіршілік индексінде кенжелеп қалуы бөлек зерттеуді қажет етеді. Астана неге бақытсыз жандар мекені атанды? Бұл үлкен сұрақ. Егер шешім қабылдайтын орталықта стресс деңгейі биік болса, саяси басқару сапасы төмендеп кетеді деген тұжырымдар бар. Сондықтан әр ел өз астанасында қанағаттану және бақыт көрсеткіштерінің орта деңгейден жоғары болуына күш салады.
Айбар Олжай,
Фейсбук парақшасынан