«Қалың қазақ өз күшін сезінуде» - Бейбіт Күлмағанбет
2022 ж. 20 қыркүйек
35701
0
Омар Жәлел Би атанды дегенді сынап- мінеушілерге айтайын деген бір- екі ойым бар еді. Қайдан шықты бұл талпыныс, бұл құлшыныс?! Жаңа Би-лерді халық болып сайлау?
БИ-лер , кейбір білгіштердің айтқанындай, тек тарихтағы сот мүшелері ғана емес, маңызды саяси шешім қабылдаған, әділетті қорғаған, ел тұтқасын ұстаған, халықтың ішінен шыққан тұлғалар. Сондықтанда, кешегі өткен БИ сайлауы, халықтың терең тұнығынан туған талпыныс. ӘДІЛЕТ символы болған БИЛЕРДІҢ әділеттігін сағынған қарапайым қазақтың жан құлшынысы! Әділетті сот, басқа билік тармақтарын қалыптастыру арманының көрінісі ! Жаңа ғылыми терминдерді қолдансақ, глобализм ағымдарына қарсы постмодернизмнің, халықтың төл тарихына негізделген әділетке деген ғаламат ұмтылысы . Барлық ұлттық түсінік, ұғым, символдар арқылы әділетті және түсінікті жүйе қалыптастыру арман-жігерінің ең төменнен келген жүрек қағысы.
Бұған дейінгі кезеңдерде, халықтың әділетті қоғам орнату арманын сырт Мәскеуден келген саяси күштер, орталық Алматы мен Астанадан құрылған партиялар әкеліп құратындай көруші едік, күтуші едік. Қалыптасқан Мемлекеттік органдар мен қәзіргі кездің партиялары саяси тауарын қымбатқа сататын саудагерлерден еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзіміз әбден жеткендей. Ұнатпаса, әңгір таяқ ойната алатынын да , қаңтарда жон арқасында сезінген ел , орталық биліктен аса жақсылық күту алдамшы түс екенін түсінгендей. Жағдай солай бола береді, егер билік өзгермей , әділет үғымын басқа тілде ойланып, басқа тілде жеткізуді жалғастыра беретін болса...
Қалың қазақ өз күшін сезінуде. Өзінің тарихи дамуында әділет символы болған БИ-лерді жаңғыртқысы келуде. Халық = БИ. Яғни, әділет түсінігі халықтан басталады деген ұғымды терең ой-санадан өткізуде. Төменнен, қалың қазақтың мүддесін қорғай алатын тұлғалар ізделуде, іздену ішінде... Олардың алғашқысы - Омар Жәлел Би болып сайланды. Алғашқы БИ-і, әділетке, яғни халыққа жақын бір азаматы. Бұл халықтық демократияның шалажансар туған баласы болып көрінсе де, шындық ретінде қабылдау ерте болсада , ең маңыздысы - ана тілінде тәрбие көрген, қазақ арасында өскен ойшылдары, қоғамдық лидерлері саясат додасына түсуі мүмкін деген сенімнің санада орын алуы. Яғни, қазақ халқы өзін-өзі БИ-ліктің, егеменділіктің қайнар бұлағы екендігіне сене бастауы ретінде қабылдасақ. Енді партиялар тек төбеден түсе құрылмас, төменнен, халық ішінен де шығар. Ләйім, солай болғай! Неғұрлым халыққа жақын болғандарын халқы би сайласын, тек мемлекет қызметінде жұмыс атқарғандар ғана Президент, әкім болу хаққына ие болулары бір ерекше "каста" құру сияқты көрінеді емес па? Халқына жақындары , әділетке де жақын тұратын шығар?
Кезінде, Рим империясының сенаты құлдар үшін арнайы киім тіккізгілері келген екен. Бірақ одан тез бас тартқан еді. Егер құлдар біркелкі киінсе, олар өздерінің көп екенін біліп, құлдық жүйе ұзаққа бармай күйрейтін еді.
Шамасы, біздің де біріміз қалмай, ұлттық киім киетін кезіміз келді-ау...
Қазақ Елі, болашақ ұрпақ, бостандықтар мен Демократия үшін.
Бейбіт Күлмағанбет,
Фейсбук парақшасынан