Билік Қазақстанды «жындыханаға» айналдырып, ойына келгенін істеп келеді - Амангелді Кеңшілікұлы
2021 ж. 13 қыркүйек
16657
8
Таяуда Чеховтың «№6 палата» әңгімесін қайта оқып шықтым. Орыс жазушысының классикалық туындысындағы суреттелетін жындыханадағы өмір Қазақстанның қазіргі тыныс-тіршілігінен аумай қалғандай әсер қалдырды.
Әңгімені оқыған болсаңыз, жазушының шығармасындағы қорқынышты кейіпкер Никитаны ұмытпаған шығарсыз. Ұмытып қалсаңыз, есіңізге түсіре кетейін.
Түрі сұсты, тұнжыраған қабағы қабаған итті еске түсіретін, бойы бір қарыс болғанымен жұдырығы томардай жындыхананың күзетшісі Никита тәртіпті сүйетін адамдардың санатынан. Тәртіп болу үшін ол жындыханадағы науқастарды аямай ұрып-соғады. Итше тепкілейді. Өйткені Никита тәртіп орнатудың басқа жолын білмейді, білгісі де келмейді. Жындыханадағылардың бәрі де Никитадан өлердей қорқады. Сондықтан да оның ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс.
Чехов өз әңгімесі арқылы сол уақыттағы қамшыдан басқа тәсілмен халықты басқаруды білмейтін Ресей билігінің санасыздығын аяусыз әшкереледі.
Шығарманың жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, әңгімедегі көтерілген мәселелер, (әсіресе Қазақстан қоғамы үшін) маңыздылығын, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біздің еліміздегі ресми билік те тәуелсіздік ала салысымен Қазақстанды «жындыханаға» айналдырып, елдің бүкіл құқын тартып алып, ойына келгенін істеп келеді.
Шамасы, таяу жылдарда біз осы жындыханадан шыға алмайтын шығармыз. Өйткені, бүгінгі қоғамда сау адамның сөзін сөйлегендерді қудалау, жынды адамның сөзін сөйлегендерді дәріптеу биліктің басты саясатына айналды.
Менің ойымша Назарбаев биліктен кетсе де ештеңе өзгермейді. Өйткені, ақыл-парасаты Чеховтың «№6 палата» туындысының кейіпкері Никитадан еш айырмашылығы жоқ билік елді езіп-жаншып басқарудан, жындыханаға қамалған қоғамды үрейлендіріп, қорқытып, ұстаудан басқа жолды білмейді. Бірақ, мұндай жынды қоғам биліктің өзі үшін де қауіпті. Ақыл-есі ауысқан адам өзінен басқа ешкімнің де сөзін тыңдамайды. Егер билік басына саудың сөзін сөйлей алатын азаматтар келмесе, жындыханада көтеріліс басталып кетіп, ақыры қантөгіске әкеліп соқтыруы ықтимал.
Амангелді Кеңшілікұлы,
Фейсбук парақшасынан