Жүсіпова ханым неге орысша сөйлеп шала бүлінді?
2021 ж. 01 наурыз
11404
0
Павлодар облысындағы ең қазақы аудан - Баянауыл әкімінің орынбасары жаңа орынтағына отырмай жатып «сүрінді». Сүрінгенде, Әсия Сағындыққызы 26 ақпанда әлеуметтік желіде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмау бойынша өткізілетін іс-шаралар туралы» тақырыбында тікелей эфир өткізіп, бүкіл эфир бойы ресми тілде сөйледі, тек қоштасарда ғана «Сау болыңыз!» - деді.
Әсия Сағындыққызы бұл қызметке таяуда ғана тағайындалған, бұған дейін Тереңкөл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде Баянауылдың аты қазақшаға жетік орыс қыздарымен шығып жүр еді. Бірлік ауылында туған Марина Сахарова, «Сүйегім орыс болғанмен, етім қазақ», - дейтін орыс қызы Неля Кадык сияқты қыздарға жұрт сүйсініп отырғанда, Тереңкөлден келген Әсия орысша шүлдірлеп, «айды аспанға бір-ақ шығарды».
Жоғарыда аталған тікелей эфирді Баянауыл ауданы әкімдігінің Фейсбуктегі «Баянауыл ақпарат» ресми парақшасынан тыңдаған біраз жұрт орыстілді шенеунікке наразылық білдіріп еді, біраз уақыттан соң жарияланым астындағы пікірлер жойылып кетті. Жалпы, посттар астындағы сын-ескертпелерді өшіріп тастау «Баянауыл ақпараттың» жаттанды дағдысына айналғанын байқап жүрміз. Әкімдік «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген нақылды білмейтін сияқты.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
Павлодар облысы