Нұргелді Әбдіғани. "Ақ жол" - нақты істері көп партия
2020 ж. 03 желтоқсан
5684
0
Қырғыздың мықты бір «құдылы» (сатирашы) бар. Есім-сойы – Тынар Құрбаналиев. Солақай саясатты, соны жасап отырған саясатшыларды сахнада іреп-союдың нақ шебері. Тынар байкенің қайсыбір жылғы Атамбаев-Текебаев текетіресі туралы «100 қой» деген интермедиясы қырғыздың өз ішінде қызу сөз болған. Айдаудағы 100 қойдың алдына түсіп алып, қораға үйіріп тыққан бір «теке» мен қойшы «атасы» туралы кеп. Кейін, сол қойларына ие бола алмай қалған «атасы» туралы «Атам байып кетсін» деген де әзіл шығарған...
Кешегі «бывший банкирдің» «анда бар да мында бар» дегенін көріп, Тынар байкенің әлгі интермедиясы еске түскені... Сонда деймін-ау, «бар дегенге бара беретін» адамдардың өзіндік принцип, позициялары жоқ па? Кез келген адам қандай да бір партияға мүшелікке өту үшін әуелі сол партияның ұстанымдары мен өздерінің принциптерін салыстырып, сәйкесе ме, жоқ па, сосын барып шешім қабылдаулары керек қой?.. Бар дегенге бара берсе, олардың анау «футболка-кепка» киіп алып анда-мында дедектеп жүретін биліктің «массовкаларынан» парқы қайсы?..
Ал «Ақ жолға» келсек, әсіре эмоциясыз пікірім: «Ақ жолдың» өзімен тең басқа партияларға қарағанда нақты істері көп! «Ақ жол» парламенттегі азшылық топ. Болғаны 7 депутаты бар. (Енді шешім қабылдардағы күш пен мүмкіндікті өздеріңіз-ақ, пайымдай беріңіздер). Алашты, Алашорданы зерттеп жүрген дәудей-дәудей тарихшылардың келіп сүйенетін жері. «Ақ жол» өзін Алаш жолын жалғастырушы деп айтады. Бұлай айтуға құқылы. Себебі, Алаш қайраткерлерінің мұраларын насихаттауда атқарып жатқан жұмыстары баршылық! Аттарынан атан түйе шөгердей тарихшы, зерттеушілердің еңбектерін кітап қылып шығарып беріп жатқаны факт. Парламентте Советтің қанқұйлы басшылары қазақтың жартысынан көбін қасақана қырып салған ашаршылықты «ГЕНОЦИД» деп тану туралы ұсыныс қылған (бірнеше мәрте) жалғыз партия «Ақ жол».
Өстіп-өстіп тізбелей беруге болады. Бірақ, айтпағым ол емес. («Бывший банкирдің» жолай сүйкенгені «Ақ жол» болғасын осы партия туралы айтып отырмын).)Қандай да бір партияны қолдаңдар деуге құқылы емеспін. Әркімнің өз басы бар. Әркім өз таңдауын өзі жасайды.
Айтпағым: Жалпы Парламент сайлауы сөзсіз маңызды және әрбір азамат өзінің нақты ұстанымдарын анықтап, осы шараға белсенді араласуы керек-ақ. Серік аға Ерғали: «Әр азамат көпір үстінде емес, екі жағалаудың бір жағын таңдағаны мақұл», депті. Рас. Бір таңдауын жасау керек. Бірақ, өзі таңдауы керек! Ал таңдау жасарда: «Олар осы күнге дейін не істеді», деген сауалға да бір жауап іздеп көрсе, тіпті жақсы... Қызыл эмоцияға салып, «модаға» ілескен болып, «ел деген соң мен де деп едім» десеңіз – анау қырғыз Тынар бейкенің жүз қойынан сіздің де, біздің де айырмамыз қайсы?.. Өз ойым...