Біздің миссия қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту - Бекболат Қаржан
2020 ж. 23 ақпан
1873
0
Владислав бауырымыз жайлы Қордайдағы дүңгендерге қазақ тілін үйретуге дайынмын деген мақала шыққанын көріп қуанып қалдым. Біздің қазақ қоғамы, қазақ ортасы осындай мәдениетті әрі альтернативті бастамалардың барлығын бірауыздан қолдап, қоғамға үндеу жасап, «Бір тіл-Бір Ел-Бір тағдыр!» деген мәңгілік қағидаға жұмыс жасай беруіміз керек. Себебі шаңырақ қазақы орта мен мемлекет құрушы ұлт қазақтікі болғандықтан, өзге диаспоралар да бізге қарайды. Біздің мәдениетті, біліммен жасалған жоспарлы қадамдарымызға елдегі барлық диаспоралар әрқашан да назар салып отырады. Біз олардың назарын аудара білуіміз керек. Осы тұста билік демей, басқа демей, идеологиялық процесті өзіміз жүргізе беруіміз керек. Әлеуметтік желі, фейсбук те оған таптырмас құрал болуға жарайды. Қазақ тіліне өз еркімен жақындай берген өзіміздің орыстілді қазақтарымызды да, басқа диаспора өкілдерін де тарта білуіміз керек. Осындай миссияның тізгіні негізінен мемлекетті құрушы ұлт – қазақ ұлтының қолында болуы керек. Осы бастамаларды бастап кетсек, елдің иесі, отанымыздың тұтқасы, өзге диаспоралардың қазақ тілін үйренуіне үлгіні көрсететін боламыз. Біз осы тұста өзіміздің мәдениетімізді, деңгейімізді көрсете білсек, басқа диаспоралар бізді сыйлайтын болады. Владислав бауырымның қазақ тілінің тағдыры үшін білек сыбана кіріскені мені үнемі шабыттандырып отырады. Бұл бауырымыздың осы қадамы бізді ұялтатындай күйге салып отыр. Жалпы бұл азамат құрметке, алғысқа лайықты істі әлдеқашан бастап кеткен. Кей кезде Владтың артынан да бір сөздер айтылып жатады. Бірақ, оған мән берудің керегі де жоқ. Біздің миссия қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен абыройын, статусын жоғарылату. Қазақтың кең пейілділігі мен дархандығын Владиславтай түсінер азамат кем де кем. Сізді қазақ халқы туған тілі үшін қызмет етіп жүргеніңіз үшін құрметтейді. Қазақтың дархан көңілі бәрін де құшағына сыйдырған, сыйдыра да алады.
Бекболат Қаржан, Фейсбук парақшасынан