Дания Еспаева үгіт-насихат жұмысын Алматыдан бастады
2019 ж. 13 мамыр
3671
0
Қазақстан президенттігіне үміткер Дания Еспаева өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмысын Алматыдан бастады. Мұнда бірқатар кәсіпорындарды аралап, еңбеккерлермен кездесті, - деп хабарлайды abai.kz.
Күні кеше 11 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де президенттікке үміткер ретінде ресми тіркелген, ОСК төрағасы қолынан «кандидат» куәлігін алған азаматтар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Олар айналасы бір ай көлемінде елді аралап, ағайын-жұртпен кездеседі. Талап-тілектерін тыңдайды, сауалдарына жауап береді. Сайлау күні өзінің кандидатурасын қолдауға шақырады.
Жоғарыда айтқанымыздай, «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Дания Еспаева өзінің алғашқы сапарын Алматыдан бастады. Президенттікке үміткер Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған штаб өкілдері алматылық жұмысшылармен кездесті.
11 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де Алматыдағы «Ақсай нан» зауытында электоратпен кездесу өтті. Үміткер Еспаеваның сайлауалды штабы мен оны қолдаушы Мәжіліс депутаттары аталған зауыттың жұмысымен танысты. Тәулігіне 150 тонна нан пісіретін бұл зауытта қазір 1500 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өз тілектері бар. Шешілмей жүрген, шеше алмай жүрген мәселелері де аз емес.
Аналардың арманы – зейнетке ертерек шығу
Кешегі кездесуде зауыт жұмысшылары сол талап-тілектерін айтты. Сауалдарын қойды. Жауаптарын алды. Еспаеваға қойылған сауалдар аз болған жоқ. Солардың бір сыпырасы, міне: әйелдердің зейнет жасы, құжаттар рәсімдеудегі бюрократия, есепсіз қағаз жинау, тұрақты тіркеуге тұрудағы кедергілер т.б. Ашық диалог форматындағы кездесуде бұл сұрақтарға сәйкесінше жауаптар берілді. Сөзіміз сұйық шықпас үшін, сол сауалдардың бірлі-жарымын жазғанды жөн көрдік...
Алмагүл Құрманқұлова, жұмысшы:
-Жұмыс ауыр. Ертелі-кеш пеште тұрамыз. Мұнда алғашқы жыл жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Зейнетке шығайық десек, жасымыз жетпейді. Үкімет әйелдердің зейнет жасын көтерді. Бұл әділетсіз. Жасымыз болса біразға жетті. Қашанғы зейнет жасын қуалап жүрмекпіз. Зейнетке шыққысы келмейтіндер, мейлі, жүре берсін. Ал біз қара жұмысшылармыз. Біз әдемі киініп, офисте отырған жоқпыз. Қап-қап ұн арқалып, ыстық пештің басында жүрген аналармыз. Осында жастары 50-55-тегі әйелдер көп. Еспаева ханым бастаған депутаттар бізге бұрынғы зейнет жасын қайтарып берсе екен дейміз...
Әсел Сейітова, жұмысшы:
-Біз жас отбасымыз. Қазір Құдайға шүкір көп балалы анамын. 4 балам бар. Алматының шет жағында пәтер жалдап тұрамыз. Жер кезегіне тұрайық десек, бізден тұрақты тіркеу сұрайды. Отбасымызда алты адамбыз. Алтауымызды кім тұрақты тіркеуге тұрғызады. Ешкім! Тұрақты тұрмақ, уақытша тіркеуге тұру қиын. Ресми органдарға барсақ, ана жаққа бір, мына жаққа екі қуалап, құжат жинатқызады. Мейлі жинатсын, ал одан пайда болса кәне?! Теледидардан қарасаңыз, бір ғана құжатпен мәселе шешіледі деп жатады. Шындап келгенде мүлде олай емес. Оны бізге сол жердегілердің өздері де айтты. Қашан қағаз жинау тоқтатылады екен...
Дания Еспаева мен оның сайлауалды штабы азаматтардың барлық сұрақтарына жауап берді. Азаматтардың мәселесімен айналысуды «Ақ жол» партиясының қалалық филиалына жүктеді.
Базардағы жұрттың базынасын тыңдады
Сайлауалды штаб өкілдері 12 мамыр күні Алматыдағы «Жібек жолы» базарында болды. Мұнда мәселе ушыққан. Түсінікті болу үшін қарапайым сөзбен жазайық...
Райымбек даңғылының бойында орналасқан бұл базардың біраз бөлігі бұрын Алматы облысы, Қарасай ауданына тиесілі болған. Сол кезде жергілікті басшылар, әкім шешімімен бұл жерге базар тұрғызуға болады деген қаулы шығарады. Сөйтіп «Жібек жолы» базары салынады.
Ал Алматыдағы баяғы «Баянауыл» базарын бұзу туралы шешім шыққанда, ондағы саудагерлер тентіреп қалған еді. Қалалық әкімдіктің кеңесімен көбісі іргедегі «Жібек жолы» базарына ауысқан. Базар басшылығы саудагерлерге алғашқы 3-4 айда тегін орын берген. Саудагерлердің айтуынша, қаладағы басқа орындарға қарағанда, мұнда жалға беру құны қалта көтерерлік әрі қолайлы жағдай жасалған.
Алайда кейін базар орналасқан территория қала құрамына қосылады. Ал жаңағы базар салуға шешім шығарған әкім мемлекеттік комиссия (ГАСК) басшылығына ауысады. Сонан жаңағы өзі құрылысына рұқсат берген базардың қызыл сызықта орналасқанын желеу етіп, базардың бұзылатынын айтады. Сот сондай шешім шығарады.
Саудагерлердің айтуынша, базар салу туралы шешім шығарғанда, бұл жер қызыл сызықта болмаған. Енді сот шешімімен 2000 адам жұмыссыз қалмақ.
Саруар Ноғайбаева, саудагер:
-Мен жеке кәсіпкер болып, осы «Жібек жолы» базарында істеймін. Біз бұл жерге 2015 жылдың қаңтар айында көшіп келдік. Рысқұлов көшесіндегі «Береке» базарынан бізді көшірді. «Базар жабылады» деді. Ешкім көмек берген жоқ. Қыстың көзі қырауда, сауда жоқ кезде біз қарызданып жүріп көшіп келдік.
Алғашқы жылдары бізге қиын болды. Жаңа орын. Сауда жоқ. Басымызда несие бар. Біз сол несиені жабу үшін тағы қарыздандық. Сол қиыншылықтарды өткеріп, енді-енді орныға бастадық. Біздің әрқайсымыздың үйімізде оқушы бала бар. Енді бізге тағы да көшесіңдер деп жатыр. Осы базарда 2000 адам жұмыс жасайды. Олардың 1500-і жеке кәсіпкер. Біз тоқсан сайын Үкіметке салық төйлейміз. Менің өзім әр тоқсанда 500 мың теңгедей салық төлеп отырмын. Ертең көшетін болсақ, балаларымызды кім асырайды? Несиелерімізді кім төлеп береді? Ешкім. Көш дегенге көше салатындай бір сөмке зат емес қой. Темір терсектер. Бізге көшу үшін 3-4 миллиондай ақша кетеді. Камаз, кран жалдайтындай, бізде ондай ақша жоқ. Екіншіден, біздің қайда көшетініміз де белгісіз. Тұрақты көшіп баратын жер де жоқ.
Бізге базарларың талапқа сай емес дейді. Алматыда 250 базар бар. Барлығында біздегідей темір контейнерлер тұр. Теледидарды қарасаң, шағын кәсіпкерлерге көмек көп дейді. Мен базарда жүргеніме 15 жыл болды. 5-6 контейнерім бар. Осы 15 жылда сол айтқан көмектің бірін де көрмеппін. Керісінше, өз бетімізбен күн көріп жүргенде, бізге қысым көп жасалады.
Осы базарда көп балалы аналар көп. Жалғызбасты аналар көп. Барлығы да саудамен күнін көріп, отбасын асырап отырғандар. Менің қарамағымда 4-5 жігіт бар. Олардың бастарында не үй, не жер жоқ. Отбасын осы базармен асырап отыр. Ертең бізді жабатын болса, олар қайтіп күн көреді. Осындағы жұрттың көбі квартиранттар. Олар қайтпек? Біздің сұрайтынымыз, біреу ғана. Бізге тиіспесін. Біз өз жұмысымызды жасап келеміз. Үкіметтен бір тиын сұрап отырған жоқпыз...
Жібек Әжібаева, ҚР Саудагерлер палатасының вице-президенті:
-Бүгінгі кездесу еліміздегі қордаланып қалған әлеуметтік проблемаларды көрсетті. Сондықтан, біз «Ақ жол» партиясының басшылығына мынадай ұсыныстарды айтпақпыз: Біріншіден, қызыл сызық деген мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолданса екен. Өйткені, мегаполистер мен облыс орталықытарының ортақ проблемасы осы – қызыл сызық. Жергілікті басқарушы органдардың кейбір шешімдері күмәнді. Тіпті, осы мәселе төңірегіндегі жемқорлық, түсініксіз шешімдер қоғамдағы кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде.
Қазіргідей экономикалық дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнесті қолдау үшін потент мәселесін де шешу керек.
Үшіншіден, мемлекеттік шенеуніктердің өз шешімдері үшін жауапкершілік жүктеу мәселесін көтеру керек. Себебі, кейбір жергілікті басқарушы органдағы шенеуніктер лоббилік ұстанымдағы шешімдерді шығарады да, артынша оның сәтсіздігі үшін жауапкершілік жүктемейді. Аяғында таяқты шағын және орта кәсіп өкілдері жейді. Әкім қате шешім шығарды ма, ол сол шешім үшін жауап беруі керек! Бұл мәселеге қатысты көптеген фактілер бар.
Базардағы кездесу бірнеше сағатқа созылды. Саудагерлер өз талап-тілектерін Дания Еспаева мен оның штабына хат түрінде жеткізді.
Әрі қарай кездесу Алматыдағы 65 жылдың тарихы бар «Темір-бетон» зауытында жалғасты. Штаб өкілдері 500-ге жуық жұмысшысы бар зауыттың жұмысымен танысып, еңбеккерлермен кездесті. Мұнда да жұмысшылар зейнет жасы, әлеуметтік көмек, тұрғын-үй және жер кезегі секілді бірқатар мәселелерді сөз етті. Өздерінің өтініштерін үміткер Дания Мәдиқызына аманаттады.
Әрі қарай Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт-насихат жұмысы Талдықорғанда жалғасатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Дания Еспаева Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президенттікке үміткер ретінде тіркелген тұңғыш әйел кандидат. Ол Мәжіліс депутаты. Ол «Ақ жол» партиясының өкілі.
Ал Президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымы күні өтеді.