Шпекбаев пен Тұрғымбаевқа полиция генерал-лейтенанты арнаулы атақтары берілді
2019 ж. 06 мамыр
4627
2
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңіс мейрамымен құттықтап, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан айрықша мән бергенін атап өтті.
– Егемендікті, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғау – біздің армиямыздың және Күштік құрылымдардың басты бағдары. Бұл стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына – генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сіздердің сауатты басшылықтарыңызға байланысты. Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге арнаған сөзінде бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін атап өтті.
– Бұл Сіздердің тек кәсіби және жеке сіңірген еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сондай-ақ, одан да ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жаңа деңгейін білдіреді. Қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құру жолында барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Рәсім барысында 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені – Ғ.Нұрдәулетовке, М. Ахметжановқа; полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағы – А.Шпекбаевқа, Е. Тұрғымбаевқа; генерал-лейтенант әскери атағы – М.Алтынбаевқа; Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы – Ә.Жүсіповке; ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы – Д.Ерғожинге, Т.Әлімжановқа, М.Ирменовке, А.Төлеуовке, Б.Уәлиниязовқа; сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы – Б.Найзабековке; 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы Қ.Сөнтаевқа; генерал-лейтенант әскери атағы – Ә.Халықовқа, генерал-майор әскери атағы – М.Аймашевке, А.Ашировке, Ф.Бәденовке, А.Жұмағалиевке, Т.Қайырбековке, Т.Мұратбаевқа, А.Мұстабековке; контр-адмирал әскери атағы – С.Бекжановқа; 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені – Қ.Жақыпбаевқа, Б.Жүйріктаевқа, М.Сексембаевқа; полиция генерал-майоры арнаулы атағы Қ.Дәлбековке, А.Дүйсембаевқа берілді.