Қазақстан Қытайдан 100 млрд теңгеден астам қарыз алмақшы
2019 ж. 07 наурыз
4364
1
Қытайдан алынатын қарыз депутаттардың күдігін туғызды Қытайдан тағы қарыз аламыз! Біздің Үкімет бұл жолы шығыстағы көршімізден 100 миллиардтан астам теңгені несиеге беруді сұрап отыр. Қомақты қаржыға шекарадағы 10 кедендік өткізу бекетін жаңартып, техникалық жабдықтар сатып алмақшы. Алайда депутаттар министрлердің қарыз алуға құмарлығына күдікпен қарап отыр, - деп хабарлады КТК арнасы.
Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінен 100 миллиард теңге несие алғалы жатқанын айтқаны сол еді, мәжілісмендер қабақ шыта қойды.
- Кейінгі кезде Үкімет сырттан қарыз алу тәжірбиесі тұрақты түрде ұстанып келе жатыр. Сондай-ақ, сырттан алынған қаражаттар көп жағдайда ұтымды пайдаланбайтындығы туралы айтылған. Осыған байланысты осы жобаны өзіміздің бюджет есебінен іске асыруға болады деген ой туындайды», - деді Мәжіліс депутаты Анар Жайылғанова.
Алайда Әлихан Смайыловтың жауабы дайын. Үкімет кеден бекеттерін қалпына келтіру жобасын қазынадан қаржыландыруға қауқарлы. Бірақ осынша ақшаны бірден берсе, бюджетке артық салмақ түседі. Сондықтан министр несиені 2 пайыздық мөлшермен 20 жылға Қытайдан алған жөн деп отыр.
- Өзге қаржы ұйымдары жылына 3,4 пайыздық мөлшерлемемен оның үстіне доллармен беруге келісіп отыр. Ал, біз юаньмен аламыз. Мұның тиімді жағы бар. Соңғы үш жылда біздің ұлттық валюта 10 пайызға, юань 5 пайызға әлсіреді. Демек, бұл жерде доллармен алғаннан гөрі юаньмен алған бюджетке түсетін ауыртпалықты анағұрлым азайтады, - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан Смаилов.
Әлихан Смайылов көрші ел беретін 2 миллиард юаньға Қытай, Түркіменстан және Өзбекстанмен шекарадағы 10 кеден өткізу бекетін жөндемек. Оның 9-ы автомобиль және біреуі темір жол бекеті. Бұл ретте депутаттар былтыр Алматы облысындағы бір ғана «Нұр жолы» бекетіне 70 миллиард теңге берген министрдің ісін сынады.
- 100 млрд теңгеге 10 өткізу бекетін жөндеп техникамен жабдықтамақсыз ба? Мәселен, Алматы облысындағы «Нұр жолы» бекетіне 70 млрд теңге жұмсайсыз? Неге мұндай айырмашылық шығып тұр? Қаржыны жеткізе аламын деп ойлайсыз ба? - деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов.
Министр жауапты қысқа қайырды. Оның айтуынша, «Нұр жолы» өткізу бекеті Орталық Азиядағы ең үлкен нысан. Оған қыруар қаржы бөлінуі де сондықтан.
Десек те, көп күмәнданған мәжілісмендер соңында Қытайдан қарыз алу туралы келісімді бірауыздан бекітіп берді. Ал қарызға алынатын 100 миллиард теңгенің 70 пайызына қытайлық құрылғылар алынса, қалған 30 пайызы кеден бекеттерін жөндеу жұмыстарына жұмсалады.
Министрдің айтуынша, Қытайға бұл несиеден бөлек берешегіміз жоқ. Тек кепілдендірілген қарыз бар. Көлемі 1 миллиард 200 миллион доллар. Бұл қаржы бірнеше облыс пен бас қаланың шұрық-тесік жолдарын жөндеуге жұмсалыпты.