Премьер-Министр «Ақ жол» фракциясының шенеуніктерге қызметтік баспана беруді ретке келтіру туралы ұсынысын қолдады
2019 ж. 23 қаңтар
2264
1
Премьер-Министр «Ақ жол» фракциясының шенеуніктерге қызметтік баспана беруді ретке келтіру қажеттілігі туралы ұсынысын қолдады – бұл оның фракцияның депутаттық сауалына берген жауабынан белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 19 желтоқсанда фракция мемлекет есебінен тұрғын үйге берілетін жеңілдіктерді асыра пайдалану мәселесі бойынша Премьер-Министрге өтінішпен хатпен жүгінген еді. Депутаттар Павлодар, Атырау, Өскемен, Шымкент, Көкшетау қалаларында, Батыс-Қазақстандағы Ақсай, Алматы облысының Жамбыл ауданында шенеуніктердің аса жайлы және құны жоғары тұрғын үйге ие болғаны жөнінде жанжал туғызған мысалдарды келтірген болатын.
«Бұл тек баспасөз бен қоғамға ғана белгілі болған фактілер. Шын мәнінде олардың саны қанша екенін – тек пайымдауға болады. Сол нысандардың қайсысы өз бағасымен сатып алынғанын, ал қайсысының жоғарылатылған бағамен қымқыру үшін пайдаланылғанын кім білсін. Тіпті «7-20-25» бағдарламасының өзі пәтерлердің құны бойынша шектеулер мен төлем міндеттілігін жүктейді, сәулетті тұрмысқа ұмтылған, ысырапшылдық пен астамшылыққа жол берген шенеуніктердің сынға ілігуі орынды.
Мұндай объектілерді оларда тұратын шенеуніктер, сондай-ақ өздері белгілеген талаптарға сай жеңілдікпен тұратындардың кейіннен жекешелендіріп алуын есептен алып тастауға болмайды», - деп айтылған сауалда.
«Ақ жол» фракциясы шенеуніктердің мемлекет есебінен тұрғын үй алу мәселесі бойынша мұндай тұрғын үйдің шектеулі көлемі мен бағалық параметрлері ретке келтірілуі тиіс деп санайды.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің қатаң критерийлерін бекітуді талап етті. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасының параметрлерін, я болмаса отбасы мүшелерінің тұрғын үймен қамтамасыз етілу стандарттарын негізге ала отырып іске асыру.
Үкіметтің жуырда ғана берген ресми жауабында «фракцияның мемлекеттік органдар мен ұйымдарға берілетін тұрғын үйлердің шектеулі көлемі мен бағалық параметрлерін ретке келтіру қажеттілігі туралы ұсынысы қолдау тапты» делінген.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Нұрлы жер» Мемлекеттік бағдарламасында белгіленген шектеулерді есепке ала отырып, қызметтік тұрғын үй ауданының шекті нормалары мен бағалық
параметрлерін әзірлеу бойынша шараларды қабылдайтын болады», - деп атап өтілген Бақытжан Сағынтаев қол қойған хатта.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.