Белгілі саясаткер Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін екенін айтты
2018 ж. 07 желтоқсан
6392
0
Қазақстанда Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін бе? Соңғы кездері әлеуметтік желі мен кейбір ақпарат құралдарында осы тақырып белсенді түрде талқылана бастады. Тіпті, кейбір отандық сарапшылар сайлаудың мерзімінен бұрын өтетіндігі Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан-ақ байқалған деген пікірлер айтып жүр.
Осы өзекті тақырып бойынша newsasia.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне белгілі саясаткер, «Жаңа Қазақстан» форумының өкілі Әміржан Қосанов өз пікірін білдірген болатын.
Қосановтың айтуынша, қазіргідей саяси жүйенің тұрақсыздығы кезінде Президент сайлауы келесі жылы өтуі әбден ықтимал.
— Бізде сайлау өткізу туралы шешім бір күннің ішінде қабылданып, апыр-топыр жүзеге асуы мүмкін! Өйткені саяси шешімдер қабылдау механизмі сондай! Оның үстіне кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде біз әлемдік чемпионбыз! «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, билік қит етсе, болды сарапшылар оның астарынан «сайлауға деген дайындықты «тап басып» жатады! Жалпы, өзін тұрақты сезінетін биліктің сайлауы да тұрақты, уақтылы өткізіліп тұруы керек емес пе? Сондықтан қазіргі саяси жүйе соншалықты тұрақты деп айту қиын болар. «Жел болмаса, шөптің басы қозғалмайды». Жұрт айтып жатқандай, сайлау келесі жылы болуы әбден ықтимал, — деді Қосанов.
Саясаткер, сондай-ақ, сайлаудың мерзімінен бұрын өтуіне қандай факторлар әсер етуі мүмкін екендігін де тілге тиек етті.
— Бүгінде билікке ашықтан-ашық қарсы шыға алатын оппозициялық партия жоқ. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай ендігі жерде президенттікке үміткерді тек қана партия ұсына алады. Сондықтан осы мезет баламасыз сайлау өткізуге өте-мөте ыңғайлы. Әлеуметтік-экономикалық жағдай барған сайын қиындап бара жатыр. Дағдарыстың бітетін түрі жоқ. Егер де сайлау уақтылы өткізілсе, ол кезде, яғни 2020 жылы, электоратты көңілін табу мүлдем мүмкін болмай қалуы мүмкін, — деп санайды саясаткер.
Естеріңізде болса, биылғы жылдың 31-і мамырында Қазақстан парламенті сенаты президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығын беретін заң жобасын мақұлдаған болатын. Заң жобасы бойынша Қауіпсіздік кеңесі төрағасына қауіпсіздік кеңесін басқару, отырыстары мен жедел жиналыстарын шақыру, Қауіпсіздік кеңес туралы жағдайды бекіту, сонымен бірге заңнамада қарастырылатын өзге өкілеттерді жүзеге асыру құқығы берілген. Осы орайда Әміржан Қосанов Прзедиент сайлаудан кейін «Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы позициясына ауысып, өзінің мұрагерін орнына отырғызып, алты жыл бойына оның орнығып, нығайып алуына көмектесуі мүмкін» екенін де атап өтті.
— Қазіргі Конституция бойынша, егер де президент белгілі бір себеппен өз міндетін атқара алмай жатса, оның орнына не Сенат спикері, одан кейін Мәжіліс төрағасы, одан кейін премьер-министр отырады. Және де, жаңадан сайлау жарияланбай, ол адам келесі сайлауға жейін, яғни алты жыл бойына қызмет атқара алады. Сондықтан, қазіргі президент өзі сайланып алып, содан кейін не тұңғыш президент, не Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы позициясына ауысып, өзінің мұрагерін орнына отырғызып, алты жыл бойына оның орнығып, нығайып алуына көмектесе алады, — деді «Жаңа Қазақстан» форумының өкілі.
Оның сөзінше, мерзімнен тыс сайлауға геосаяси себептер де ықпал етуі ықтимал.
— Бәлкім, біз білмей отырған басқа да, соның ішінде, геосаяси себептер болуы ықтимал. Осы тұста «сайлау жариялана қалса, Қазақстан оппозициясы не істемек?» деген заңды сауал туындайды. Мен о бастан барша демократтарды бірігуге, бірегей үміткер ұсынуға шақырып жүрген қазақпын. Бүгін де сол ойымды қайталап айтқым келеді, — деп түйіндеді сөзін Қосанов.
Алдағы жылға қатысты Ақорданың шешімі қандай болатынын біз тек сарапшылардың пікіріне сүйене отырып болжай аламыз. Бұл тақырыпқа қатысты Қазақстанның лауазымды тұлғалары да өз ойларын білдіріп келеді. Мәселен, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев британдық ВВС телеарнасының Hard Talk бағдарламасына берген сұқбатында «2020 жылы Назарбаев президент сайлауына түседі деп ойламаймын. Ол өте ақылды адам. Мүмкін, 2020 жылғы сайлау басқа кандидаттармен өтер. Сайлауға түседі деп ойламаймын. Бұл – менің жеке ойым. Әрине, бәрі Назарбаевтың өзіне байланысты» деп жауап берген болатын. Ал, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Назарбаев 2020 жылы сайлауға түссе Қазақстан одан тек ғана ұтатынын» айтқан еді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда бүкілхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткізілді. Оның үшеуі (1999, 2011 және 2015 жылдары) белгіленген мерзімінен бұрын өткен.