Комсомолдарды қолдаған үшін Ермекбаев пен Сағадиев жауап берсін
2018 ж. 05 қараша
2990
2
Қазан айы қызыл коммунистер үшін қызыққа толы болды. Астана мен Алматыдан тартып, әр ауыл-аймаққа дейін комсомол тойын тойлап төбелері көкке жетті. Тәуелсіз елдің төрінде тамырына балта шабылған кеңестік кезеңді сағына еске алғандарға жұртшылық жаппай қарсы тұрған. Алайда, сырдың суы сирағынан келмейтін сабаздар елдің жанайқайына пысқырған да жоқ. Айтқандарынан қайтпай, жоғары деңгейде комсомол күнін мерекеледі. «Ит үреді, керуен көшеді» деген әдемі мақал бұл жерге еш жараспайды. Себебі, халық ит емес, бұлар да өмір керуенінің тура жолында жүрген жоқ...
Абыз болар жастарында ақылынан алжасқан «ақсақалдарға» ауыр сын айтқандар аз болған жоқ. Кеңестік кер заманның күйін шерткен көкелерді қоғам қайраткерлерінен тартып, қарапайым халыққа дейін жерден алып-жерге салды. Қаттырақ айтқан, сойып салды. Бірақ, бұған бола беті қызарып, бұнымыз қате болыпты-ау деген бірі болса, қанеки! «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген қазақтың қадым заманғы дала заңы бұларға жүрмейді. Өйткені, қазақстандық коммунистер үшін ата тарихтың бас-аяғы кеңестік ғасыр ғана. Тіпті тәуелсіздікті де мойындамайды.
Сол үшін тойланып болған комсомол тойын айтып сөз шығындамай-ақ қояйық. Ендігі мәселе, мемлекеттік деңгейде тойланып, тәуелсіз елдің тұрғындары жаппай қарсы болған мерекеге жауапты органдар неге жауап бермейді? Жан-дүниесімен коммунизм иедеясына уланған комсомолдар халық айтты екен деп алған бетінен қайтатын емес. Сол үшін бұл бассыздыққа енді ел билігі жауап беруі керек.
Себебі, коммунистер бұл мерекені өзара ың-жыңсыз тойлаған жоқ. Егер бес-он комсомол оңаша жиналып, жас кездеріндегідей шампанын атып, баянын тартып (өз сөздерімен айтқанда жастық шақтарын еске алып) қайтса еш қарсылығымыз жоқ еді. Алайда, бұлар комсомол тойын мемлекеттік деңгейге көтеріп жіберді ғой. Республикалық ірі театр сахналарында дүбірлі концерттер берді. Телеарналардан төбе көрсетіп, газет-журналдарда көлемді мақалалар жариялап үгіт-насихат жасады. Мұнымен қоймай тәуелсіз елдің әскерлеріне комсомол туын көтертіп, оқушыларға қызыл галстук байлады. Демек, комсомол тойына өздері барып қатыспаса да, мемлекеттік жауапты органдар жауапқа тартылуы керек. Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, комсомолдардың жастық шағын еске алуы мынадай деңгейде өтсе, есейген шақтарын еске алуы қандай болмақ? 2022 жылы бізді бұдан да үлкен той күтіп тұрмасына кім кепіл?!
Ел билігінің елдегі осы келеңсіздікке не үшін жауап беруі керек екенін айттық. Бірақ, әлі бірде-бір елағасы халыққа түсінік берген жоқ. Тек ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ғана аталған іс-шараларды Қазақстан коммунистік партиясы ұйымдастырғанын айтып, мемлекеттік бюджеттен бір тиын бөлінбегенін мәлімдеді. Ресми билік өкілі болса да ел пікіріне бей-жай қарамағаны үшін Абаевқа айтар алғысызмыз шексіз.
Алайда, мұнымен біздің айтарымыз әл-әзірге таусылмай тұр. Барлық іс-шараға Қазақстан коммунистік партиясы мұрындық болды делік, сонда Алматыда комсомол туын тәуелсіз елдің әсерлері көтеріп тұрғанын қалай түсінуге болады? Әлде Қазақстан қарулы күштерін һәм оның басшысы Ермекбаевті коммунистік партия басқаратын болған ба? Мектептерде ұйымдастырылған кездесулер ше? Қолында еш билігі жоқ коммунистердің пәрмені елдің Білім және ғылым министрлігіне, министрі Ерлан Сағадиевке де жүре ме? Елдің саяси-мәдени өміріне мүлде араласпайтын, қоғам дамуына мүлде пайдасыз, ел алдында еш беделі жоқ осы партияны ел билігінің неге мұнша құрметтейтіні тағы түсініксіз.
Өзін халықтың қызметкері санайтын кез-келген билік халықтың пікірімен санасуы керек. Елбасы әр сөзінде мемлекеттік қызметкерлер халықты жазалаушы емес, халыққа қызмет көрсетуші болу керек екенін айтып отырады. Демек, билік халыққа жылап-жылап қоятын жас бала секілді емес, талап-тілегі орындалатын ел иесі ретінде қарау керек. Сол үшін комсомолдың 100 жылдығын тойлауға рұқсат берген облыс-қала әкімдіктері, тәуелсіз Қазақстанның әскерлеріне комсомол туын көтерткені үшін Қорғаныс министрлігі, мектепте, жоғарғы оқу орындарында коммунистермен өткен қып-қызыл кездесулер үшін Білім және ғылым министрлігі ресми мәлімдеме жасап, халық алдында түсініктеме беруі керек. Коммунистік сарында хабар таратып, үгіт-насихат жүргізген телеарна, газет-журналдар да жазасыз қалмағаны жөн.
Бірақ, біздің елде халықтың тілегі төрге шыға қоюы екіталай. Халықты қойша өргізіп, қойша жусатқысы келетін кейбір билік иелері ел пікірімен санасады дегенге сену қиын. Сонда да елдің нағыз иесі ат төбеліндей шенділер емес, қара орман халық екенін түсінетін кез жетті емес пе? Әлде қарға-қарғаның көзін шұқымайды деп, билікте жүрген көне коммунистер бұрынғы саптастарының көңілін жықпай қолдау көрсетіп отыр ма? Халық арасында «Бүгінгі билік иелерінің бетін тырнасаң комсомол мен коммунистерді көресің» деген түсінік қалыптаспас үшін атқамінерлер атқа қонса екен дейміз. Тәуелсіз Қазақстанды бір шетке ысырып қойып, комсомол туының түбіне топтасқандардың бұдан былай халықты тағы қорламауына кепілдік беруі керек.
Қуаныш Қаппас
Дереккөз: Abai.kz