Депутат Зайсан шекара заставасына Қасым Қайсеновтың атын беруді ұсынды
2018 ж. 05 қазан
3389
0
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ШҚО-дағы Зайсан шекара заставасына Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың есімін беруді ұсында. Бұл туралы ол 2018 жылғы 3 қазан күні Парламент Мәжілісі отырысында жария еткен депутаттық сауалында мәлімдеді. "Қазақ үні" ақпарат агенттігі аталмыш депутаттық суалдың толық нұсқасын ұсынады.
ҚР Премьер-Министрі
Б.Ә.Сағынтаевқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Біздің депутаттық сауалға «Qazaqstan Ardagerleri» Қауымдастығының өкілі, Кеңес Одағының Батыры Николай Кремеништің ұсыныс хаты негіз болып отыр.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап көрсетті.
Бұл ретте батыр бабаларымыздың биік рухы халық, әсіресе, жас ұрпақ арасында патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына, Отанға деген мақтаныш сезімін ұялатуда. Сондай ұлты ұлық тұтатын, болмысы батырлықпен біте қабысқан тұлғаларымыздың бірі – Қасым Қайсенов.
Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған даңқты партизан, білікті барлаушы, көрнекті жазушы Қасым Қайсаұлы Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында дүниеге келді.
1940 жылдың қысында әскер қатарына шақырылады, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлау мектебіне жіберіледі. Барлау ісінің қас шебері ретінде дұшпан басып алған аумақтарда партизан қозғалысын ұйымдастырады, жауға торуылдар жасап, тұтқиылдан ұрыс салады.
Қасым Қайсенов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық еді және соған ұсынылған. 1943 жылы қыркүйекте Днепрдің оң жағалауы үшін қан-қасап шайқаста ол ерен ерлік жасады, арқыраған арынды өзеннен өз партизан отрядымен бірінші болып өтіп, жау тылындағы Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын тартып алып, Қызыл Армияның негізгі күштері келгенше өліспей-беріспей ұстап тұрды. Алайда сол қырғында ауыр жарақат алып, артынша Днепрден бірінші боп өткендегі, Букрин плацдармын дайындаудағы ерлігі ұмыт қалды да, ең жоғарғы атақ-дәрежелер өзгелер қанжығасында кеткен. Оның құжаты араға уақыт салып, партизан штабының архивінен табылған. Қ.Қайсеновтың қарамағындағы 13 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
1941 жылғы қараша – 1944 жылғы маусым аралығында Қасым Қайсенов жау тылына төрт рет десантпен түсірілген. Украина, Белоруссия, Румыния, Карпат тауында шайқас жүргізіп, жерді фашистерден азат етуге сүбелі үлес қосты. 1995 жылғы 9 мамырда
Елбасы Н.Назарбаев өз Жарлығымен Қасым Қайсеновке еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманы» атағын табыстады. Елбасы өз құттықтауын жолдап, еліміз 100 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Қасым Қайсеновтей қаһарманымызға қанша марапат көрсетсек те, көптік етпейді.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Зайсан шекара отрядының 2017 әскери бөліміне қарасты шекара заставасын «Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» деп қайта атау мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын.
Шығыс Қазақстандағы шекаралық заставаға тек осы өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы саналатын батыр Қасым Қайсеновтың атының берілуі алда келе жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына үлкен тарту болар еді. Және бұл елдің шетінде, желдің өтінде жүріп, Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, бал бөбектердің тыныш ұйқысы мен күміс күлкісін қорғаған сардарымыз бен сарбаздарымыздың рухын көтеріп, жүректеріне мақтаныш сезімін ұялатары сөзсіз.
Құрметпен,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі
Бақытбек Смағұл және өзге де депутаттар