Қасымов «отставкаға кетесіз бе?» деген сұраққа жауап берді
2018 ж. 14 қыркүйек
3002
0
ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов отставка туралы шешімді президент қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Біз әскери адамбыз, президент қалай шешеді, соған бағынамыз. Бұйрық берілген жерде істейміз»,- деп қысқа қайырды министр ОКҚ-де өткен брифингте.
Айта кетсек, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен кейін қазақстандықтар ішкі істер министрлігіне реформа керектігін айтып, Қалмұханбет Қасымов бастаған басшылықтың отставкаға кетуін талап еткен еді.
Қазақстандық спортшы осы жылдың 19 шілдесінде Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты.
Аталған факті бойынша үш адам ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Алғашқы екеуі ұрлық, қарақшылық және адам өлімі бойынша, ал әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін айыпталып отыр.