Әзімбай Ғали: Елбасы Қытайда қазақ мәселесін көтерді деп ойлаймын
2018 ж. 19 маусым
4686
0
Президенттің Қытайға баруы тек кредит алу, экономикаға қарқын беру мақсатынан басқа қазақ мәселесін көтерді деген ойым бар. Қытай өз ішкі істеріне араласуды жақтырмайды, бірақ содыр саясат жүргізген Шыңжанның Қытай билеушісі өз билік тарапынан қатты сыналды да, орнынан алынды. Қандастарының Шыңжанда жаншылуы Қазақстан тарапынан адекватты бағалау алды деймін.
Сыртқы Істер министрлігі тарапынан Қытайға дипломатиялық нота тапсырылған, Алматыда бірнеше бейресми протестік акциялар да болды. Қазақ, қырғыз пен ұйғыр тараптарынан бейресми саяси протестік шаралар өткізілді. Сол сияқты халықаралық институттарға жергілікті ұлттардың жаншылуы халы туралы әлемдік Халықаралық ұйымдарға арыз- шағымдар мен өтініштер жіберілді.
Ал АҚШ пен Европалық Одақ бұл құжаттарды пайдаланып Қытайға қосымша санкциялар салуы ықтималдығы бар. Осыдан кейін бара келе қазақты жаншу жұмсарады- ау деп ойлаймын. Қытай коммунистік жүйеден пәлендей қайтпаған мемлекет, оның үстіне оның империялық дәмесі де бар. Қытай ұлттық азшылықтар мәселесін түпкілікті қытайландыру арқылы шешпек. Басқа ұлттық азшылықтардың біразын жұтып үлгірген, бірақ мұсылмандарды қытайландыру ассимиляциялау жолын әлі тапқан жоқ, тіпті тибеттіктерді де сіңіре алған жоқ. Мүмкін оған ұзақ кезең керек сияқты. Қытайдың даму қарқыны бара келе бәсеңдей береді: экономикалық қарқын 12%- тен 6%- ке түсті.
Біздің ойымызша, Қытайдың экономикалық өсуінде социализмге тән "қосып жазу" көтеріліп келеді. Бара келе Қытай нарықтық пен саяси либерализм, құқық пен өзін өзі басқару жүйесінен таю процесі күшейіп келеді. Олай болса олар осы бағытты сақтаса тығырыққа барады. Түбінде Қытай КСРОның кейпін киеді, дағдарысқа түсіп ыдырайды. Қытай жақын болашақта бірқатар мемлекеттерге агрессивті пиғыл көрсетеді. Сонымен бірге, Қытайдың саяси дәстүрінде өзі жіберген қателіктерін өзі батыл мойындайтын дәстүрі бар. Сондықтан қауыіптер мен бірге үміттер де бар.
Әзімбай Ғали, Фейсбук парақшасынан