Жээнбеков пен Атамбаев арасындағы текетірес: Сарапшы пікірі қандай?
2018 ж. 20 сәуір
5199
0
Қырғызстандағы соңғы саяси жаңалықтар біздің сарапшылардың назарынан тыс қалып жатқан сияқты. Өткен жылы, Атамбаевтың басышылығы кезінде, екіжақты қатынасқа салқындылық орнағанда бірқатар әріптестеріміз сөз арасында, неге көрші елдердегі саяси ахуалға қызығушылық білдірмейміз, көрші елдердегі саяси процестерді сараптап, зерттемейміз деп айтып жатты. Сол кезде көбісі Қырғызстан бойынша бір сәтте маманға айналып, Қырғызстандағы жағдайды өздерінше талдап жатты да, кейін әдеттегідей басқа тақырыпқа ауысып кетті. Ал Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар біз үшін өте маңызды. Өткен жылы, президенттік сайлау науқаны алдында Алмазбек Атамбаев өз үміткері ретінде Сооранбай Жээнбековты бекіткенде, кейбір сарапшылар Жээнбековты Атамбаевтың көленкесі, Атамбаев ресми қызметтен кеткенімен де өзінің ықпалын сақтап қалып, Жээнбеков саяси қуыршақ рөлін атқарады деп болжам жасаған болатын. Алайда, соңғы оқиғаларға қарайтын болсақ, Жээнбеков 3-4 ай ішінде өзінің позицияларын күшейтіп, саяси кеңістікті толықтай өз бақылауына алуда. Яғни, саяси тактика, стратегия тұрғысынан сарапшылар үшін қызықты тағы бір кейс болуы керек. Себебі, Жээнбеков президент болып сайланған кезде, негізгі билік құрылымдары Атамбаевтың тікелей ықпалында болатын. Атамбаевтың негізгі үш тірегі болған, шешуші үш адамы осылардан тұратын: Фарид Ниязов - алғашында президент кеңесшісі қызметін атқарып, кейінен президент әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды, екінші тірегі - Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Абдил Сегізбаев болатын, оны да алдымен кеңесші етіп тағайындап, кейін МҰҚК төрағасының орынбасарлығына ауыстырып, одан соң төрағасы ретінде бекітіп, арнайы өсірген болатын. Үшінші, ең басты сенімді тірегінің бірі ол – Сапар Исаков болатын. Исаков алдынғы екеуі сияқты Атамбаевпен арнайы дайындалып, өсірген кадрларының бірі. Атамбаевтың әкімшілігінде бастап, біртіндеп қызметі өскен, президент әкімшілігін басқарып, қысқа уақыт ішінде бірден Үкімет басшысы қызметіне бекітілді. Ол қызметінде бірден белсенді PR стратегиясын жүргізіп өзің жаңа толқын саясаткер ретінде көрсетіп, «Таза коом» сияқты жаңа тың идеялардың авторы болды. Шындығын айтқанда, Сапар Исаков үкімет басына келгенде оған деген бірқатар үміттер болды. Себебі қанша дегенмен, ол орта буын өкілі, жас технократ, жан-жақты, білімді. Сондықтан ол либералды бағытты ұстанады деп күтілді. Бірақ, Атамбаевтың айналасындағылар белгілі бір идея, идеологияға емес, командалық, кландық мүдделерге жұмыс жасап, мемлекеттік мүддені ысырып қойып, сол жеке мүдделерінен аса алмады. Атамбаевтың командасы екі жыл, жарты жыл бұрын тактикалық жағынан ұтып отырғанымен, стратегиялық тұрғыдан жеңілістің алғышарттарын өздері дайындады. Неліктен? Себебі көптеген баламалы ұстанымдары бар күштерге саяси қысым көрсетілді, тіпті Атамбаевпен бірге революцияға қатысқан қайраткерлердің өздерін саяси алаңнан ығыстыра бастады, сыртқы саясатта бір жақты саясат ұстанып көрші, бауырлас елмен қарым-қатынасты бұзуға дейін барды. Осындай саясаттың “арқасында” бүкіл билік құрылымдарын бақылауында ұстап тұрған команда ең соңында өзіне бүкіл қоғамды, барлық саяси күштерді қарсы қойып алды. Екінші жағынан Жээнбековтың потенциалын дұрыс бағалай алмады. Жээнбеков дауды “үйден” шығармай, асықпай, өз позицияларын табанды күшейтіп қарсыластарын өздерінің ойын алаңдарында жеңе алды. Алдымен Ниязов қызметінен кетті, одан кейін Сегізбаев кетті, одан соң Қырғызстанның бас прокуроры қызметінен босатылды, осыдан соң Сапар Исаков қызметінен кетірілді. Исаковтың бұлай қызметінен алынып тасталғаны бәріне күтпеген жағдай болды. Өйткені, бірнеше күн бұрын Атамбаев жетекшілік ететін СДПК фракциясы оның үкіметінің жұмысына жақсы баға берген болатын. Бірақ, басқа оппозициялық фракциялар оның жұмысын теріс бағалап, сенімсіздік вотумын жариялап жіберді, ал алдынғы күні ғана премьердің жұмысына қанағаттанған СДПК фракциясы мұны мойындауға мәжбүр болды. Жээнбековтың аппараттық ойындағы мықтылығы коалицияны бұзбай, керісінше, коалицияны кеңейтіп жіберді. Бүгін коалицияға Республика-«Ата жұрт» блогы да енді. Яғни, Атамбаевтың және оның жақтастарының әлсіздіктерін өздеріне қарсы пайдалана алды. Әрине, бұл ретте Жээнбековтың қысқа уақыт ішінде ресурстарды жұмылдыра білу қабілеті, қысқа мерзімді арзан PR жетістіктерге әуестенбеуі, асықпай өз саясатын жүргізіп, нәтижесінде негізгі құрылымдардың тетіктерін өз бақылауына ала алды. Бұл ретте, қайтадан Исаковқа оралатын болсақ. Өткен жылы Исаков бұл қызметке тағайындалғанда оған үлкен сенім, үміт болғаны рас. Сапар Исаковта қырғыздың саяси тарихында ең үздік, жаңашыл, реформатор үкімет басшысы ретінде қалуға барлық мүмкіндіктері болды. Алайда қарапайым саяси дәстүрлерді ұстанбаған, саяси бәсекелестерімен санаспаған, тек өз күшіне сеніп, тек имиджілік әрекеттермен әуестеніп кеткен Исаков түпкі нәтижесінде қырғыз тарихында қысқа мерзімде және сенімсіздік вотумымен алғаш рет қызметінен босатылған тұңғыш премьер-министр ретінде қалды. Қырғыз заңдарына сәйкес, оған тіпті экс премьер-министр деген статустын өзі берілмейді екен, заңға сәйкес бұрынғы премьерлерге берілетін әлеуметтік, медициналық жеңілдіктер Исаковқа қолданылмайтын болып шықты. Тағы бір атап өтетін жайт, бүгін сенімсіздік вотумын жариялаған кезде Исаков соңғы сөз алу үшін Жогорку кенештің спикеріне жолданған хаты қанағаттандырылмады, яғни соңғы сөз де берілмеді. Бұл кезінде одақтастар мен жақтастар жинай алмай, саяси қарсыластарын тындау керек екенін, диалог қашан да маңызды екенін кеш түсініп, саяси жалғыздық жағдайында қалып қойған Сапар Исаковқа сабақ болары сөзсіз. Дегенмен, Исаковты есептен алып тастау ерте. Бүгін жеңіліске ұшыраса да, ол үлкен тәжриебе жинап, үлкен саясатқа қайта оралғаны бір бөлек, тіпті қайтадан белгілі бір уақыттан кейін реванш жасауы мүмкін. Кім не десе де, Исаков жаңа трендтердің негізін салған, жаңа тың бастамалармен шыққан саяси қайраткер ретінде бәрібір де қырғыз елінің саяси тариxында үлкен із қалдырды. Өзі бүгін қоштасқанда айтқанындай, оның ең бір басты капиталы - оның жасы, 40-тығ үстінде, демек бәрі алда. Ал жалпы, бұл процесс қырғыз демократиясының қалыптасып келе жатқаның тағы бір белгісі. Әрине, саяси тұрақсыздық, қордалана түскен экономикалық проблемалар, үкіметтің жиі ауысуы, саяси топтардың бір-бірімен есеп айырысуы - қырғыз мемлекетінің дамуына кедергі жасауда. Жоғарыда айтылған проблемалар реформалардың іс жүзіне асуына, керек болса олардың тежелуіне алып келуде. Сонымен қоса, бұл жағдайлар мерзімінен бұрын парламенттік сайлаудын да өтуінің ықтималдығы арттыра түсті. Дегенмен, осындай кемшіліктерге қарамастан, бұл - қырғыз демократиясының сонымен қатар артықшылықтарын да көрсетеді, себебі негізгі саяси күштер өзара қанша қырқысса да, белгілі бір ережелерге сәйкес, жаңа саяси және xұқықтық процедуралардың аясында әрекет етуде, ал бұл мүлдем жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Ерлан Қарин, Фейсбук парақшасынан