Әкежан Қажыгелдин Брюссельде қандай мәселелерді көтерді?
2018 ж. 11 сәуір
9985
15
Көп қазақстандықтар үшін еліміздің елге танымал бір топ журналистері мен саяси сарапшыларының Бельгия астанасы Брюссель қаласында шет елдегі оппозициялық бағыттағы қазақтармен кездесіп жатқаны туралы хабар тосын жаңалық болды. Алайда, мемлекеттік құрылымдар мен билік бұдан хабарсыз болды дей алмаймыз. Себебі, алдын ала визалар мен билеттер алынып, қонақүйлерге тапсырыс беріліп жатқанда, бұл жағдай оларды түшкіргеніне дейін бақылап отыратын биліктің назарынан тыс қалыпты деу ақылға қонбайды. Сондықтан, бұл кездесуге біздің билік тарапынан «үнсіз келісім» болған сыңайлы.. Әйтпесе, оларды жібермеудің небір амалдары құрып қалды деймісіз...
Енді, келесі ойды осы ойдан өрбітер болсақ, онда «Билік не себептен бұған келісті?» деген заңды сұрақ туындайды. Ең қиын әрі түйінді сұрақ осы ма деймін. Оған шамамаен мынадай болжамдар жасауға болатын шығар:
Біріншіден, бұл мәселе Еуропарламентпен алдын-ала келісілген іс-шара болғандықтан, билік тарапы қазақстандық делегацияға қатаң шаралар қолданудың соңы қандай «жауапқа» ұласатынын ұққаннан болуы мүмкін;
Екіншіден, Әкежан Қажыгелдин мәлім еткендей, ондағы көтерілетін мәселенің бірі − «ұрланған қазақстандық капиталды елге қайтару» мәселесі. Ал, бұл мәселені өткен жылы да, биыл да Елбасының өзі бірнеше мәрте биік мінберден айтқан болатын. Ендеше оған билік неге қарсы болуы керек? Оның үстіне, ол мәселе жанама түрде болса да Әблязовке де, Храпуновқа да қатысы бар емес пе?
Үшіншіден, Қазақстаннан барған 7-8 адам ол жақтан қосылған соншама адаммен бірігіп «Жаңа Қазақстан» деген партия құруы мүмкін дегеннің тек қауесет екенін, олардың ондай қадамға ешқашан бармайтынын билік алдын ала білгенге ұқсайды.
Төртіншіден, өздеріңіз байқап отырғандай, онда жиналған қазақстандық саясаттанушылар «құр айқайдың» адамдары емес екендігі. Өзімізге белгілі Айдос Сарым мен Расұл Жұмалы да, Дос Көшім де елімізде саяси мәселені мәдениетті түрде қоя алуымен ерекшеленетін тұлғалар. Бір жағынан олар өздерін «ұлтшыл-патриоттар» қатарына жатқызады. Сол сияқты, саясаткер Әміржан Қосанов та кейінгі кезде өзінің конструктивті ұсыныстарымен жиі шыға бастады. Ал Ермұрат Бапи − ақпараттық қолдау көрсетудің хас шебері. Міне, осыдан-ақ ол кездесуге тосқауыл қою қазақстандық билікке еш тиімсіз екенін көреміз.
Бесіншіден, Еуропарламенке ұлтшыл азаматтардың көптеп шақырылуы − «қазақстандық ұлтшылдықтың» «мемлекетшілдікпен» ұштасып кеткеннін, ұлттық қозғалыстың мемлекеттік дамудың ажырамас бөлігіне айналғанын білдіреді. Ал, ол позиция, айналып келгенде, президент Н.Назарбаевтың өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен және биыл ғана айтылған «Қазақ халқының мемлекеттік жауапкершілігі» сөзімен үндесіп жатыр.
Шын мәнісінде, табиғат заңы бойынша еліміз билік ауысуының транзиттік кезеңіне − ол қаласа да, қаламаса да − үздіксіз жақындап келе жатыр. Оны сезген ОСДП партиясы биыл «Сайлау туралы» жаңа Заңды қабылдауды ұсынды. Брюссельдегі «ақылдасу тобы» да бұл мәселені айналып өте алмайды деген ойдамын. Бірақ, олар «Сайлау туралы» заңның өзгермейтінін білмейді емес, біледі. Сондықтан, олар осы − қолданыстағы, әділетсіз сайлауға саңлау ашып қойған заң аясында «әділ сайлауды қалай өткізу» мәселесін де талқылап, оның тактикалық жағына тоқталуы мүмкін. Бұдан Қазақстан билігіне төніп тұрған еш қауіп жоқ!
Кешелі бері, әлеуметтік желілерде біраз ағайын «ашулы» кейіп танытып жатыр. Олар кездесушілерді «ақордашылдар» деп кінәлауда. Бірақ онымен келісе алмаймыз. Себебі, елдің болашағы талқыланатын кез келген шараны біз құптауымыз қажет. «Неге мен емес!» деген амбицияның бұл жерде еш қажеті жоқ! Ол азаматтар Брюсселге «қыдырып қайту» үшін бармаған болар − Брюссель оларға таңсық қала емес!
Әбдірашит Бәкірұлы,
Abai.kz