Түрмеде Ермегияевқа жағдай жасап берген басшылар жаппай қызметтен қуылды
2017 ж. 22 желтоқсан
3793
3
Қатаң тәртіптегі түрмеде шалқып өмір сүрген. Астанада жазасын өтеп жатқан «Экспо-2017» Ұлттық компаниясының экс-төрағасына жұмсақтықпен қараған колония басшылары жұмыстан қуылды,-деп жазды КТК арнасы.
ЕЦ 166/10 түзету мекемесінің лауазымды қызметкерлері Талғат Ермегияевпен ауыз жаласып, оған абақты ішінде қолайлы жағдай жасап келгені әшкереленіп отыр.
«Ермегияевке қамқорлық көрсету фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Орын алған тәртіп бұзушылық үшін 16 тұлға тәртіп жауапкершілікке тартылды.
Бір адам теріс уәждері бойынша жұмыстан шығарылса, 12-сі лауазымды орындарынан алынды. Қылмыстық атқару жүйесінің төрағасы мен оның орынбасарына өз қызметтеріне тиісті дәрежеде сай келмегені туралы ескерту жасалды»,-дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев
Бірақ, қызметінен айырылған түрме басшылары Ермегияевқа қандай қолайлы жағдай жасағаны құпия қалып отыр.
Болжам бойынша, экс-төраға қапаста теледидар мен түрлі жиһаздары бар жеке камерада тұрған болуы мүмкін. Енді осы былықтан соң, бұрынғы лауазымды қызметкерлер отырған түрмелерде қызметтік тексеріс басталуы ықтимал.
Ал, қапаста қонақ үйде тұрғандай өмір сүрген Талғат Ермегияевтың өзі былтыр маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Лауазымды топ-менеджер «Экспо» халықаралық көрмесіне бюджеттен бөлінген миллиардтарды жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған болатын.