Айдос САРЫМ: Отбасын саясатқа араластыру диктаторларға аса қауіпті
2017 ж. 22 қараша
3609
18
Осы күндері әлем елдерінің назары «қара құрлықтағы» Зимбабве еліне тіреліп отыр деп жазады "Жас Алаш". Әскерилердің бастамасымен елді 1980 жылдан бері басқарып келген Роберт Габриэль Мугабені биліктен аластату науқаны туралы хабарлар телеарналар мен басылымдардың басты жаңалығына айналып кетті. Оның ішінде Зимбабве эпопеясы әсіресе барша постотарлық, барша авторитарлық мемлекеттер мен қоғамдарға айрықша қызық болып тұрғаны анық. Мәселе тіпті авторитарлық биліктің ауысу жолында ғана емес, мәселе – біздің ел мен қоғамның осы елдің тәжірибесінен сабақ ала алуында. Олай болатын болса, Зимбабве деген қандай ел, Мугабе деген қандай басшы болды деген әңгімелер біздің қоғам үшін де қызықты, тәлім аларлық дүние.
Жалпы алғанда, Африка құрлығында ең бақытсыз мемлекеттер рейтингін жасар болсақ, оны осы Зимбабве басқарары анық. Африка елдерінің ішінде тәуелсіздігіне ең кеш қол жеткізген Зимбабве күні кешеге дейін Ұлыбританияның отары болды, ұзақ уақыт бойы ұлттық азшылықты құрайтын ақ нәсілділер Оңтүстік Родезия деген мемлекетпіз деп дәулет құрды. Ақыры қара нәсілділердің ұзақ уақыт бойы жүргізген қарулы күресінің нәтижесінде, әлем жұртшылығы мен халықаралық қауымдастықтың қысымының арқасында мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізді. 1980 жылы Африканың ең құнарлы, ең бай аймақтарының бірі саналған кешегі Оңтүстік Родезия Зимбабве деп аталып, отарсыздану үрдісін бастап, жердің үстіндегі және астындағы байлығын барша жергілікті халық игілігіне жаратамыз деген ұрандарды жалау еткен ЗАНУ және ЗАПУ аталған екі партия жеңіске жетті. Осы екі партияның арасындағы ұзақмерзімді саяси және қарулы қақтығыстан кейін билікке шона тайпасының өкілдерінен құрылған, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйеген, Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген ЗАНУ билікті басып алады. Билікке жету үшін Мугабе әртүрлі деректер бойынша Кеңес Одағына еліктеген ЗАПУ партиясының 50 мыңнан 100 мыңға дейін мүшесі мен жақтастарын қырып салған. Қанды жолмен билікке келген Мугабе кейін де өз қарсыластарының қанын төгуден еш қорыққан емес. Ұзақ уақыт бойы елді басқарып, сайлауда жеңіске жетуінің басты себебі де, сиқыры да осы.
Осылай 1980 жылдан бері елдің басшысы, бес рет қатарынан президент атанып, алдағы уақытта алтыншы мәрте сайлауға түсемін, өле-өлгенше билей беремін деген 93 жастағы Мугабені өткен аптада әскерилер үйқамаққа алады. Әскерилер «Біз президентке қарсы емеспіз, біздің мақсатымыз – оны екінші әйелі, билікқұмар Грейс Гуччидің теріс ықпалынан құтқару» деген ұран тастап, елдің барша маңызды мекемелері мен ұйымдарын басып алады. Үйқамақта отырған президентке олар «өз еркіңізбен биліктен кетемін деп мәлімдеңіз» деген талап қояды. Алдында абдырап қалған Мугабе аз-маз есін жиып, «маған теледидарға шығуға мүмкіндік беріңдер, өз партиямның құрылтайының мінберінен сөйлетіңдер» деп қарсы талап қояды. «Бітті, мәселе шешілген болар» деп шешкен зимбабвеліктер бұл жаңалықты қуана қарсы алып, көшелерге шығып, би билеп кетті. Алайда олардың қуаныштары ұзаққа бармады. Кәрі басшы, теледидарға шыққан Мугабе «мен биліктен бас тартпаймын» дегендей айбат төкті. Шұғыл түрде шақырылған ЗАНУ партиясының құрылтайы өз көшбасшысы Мугабені, оның әйелі Грейсті қатарынан шығарып, оған бір күн бойы ойланып, биліктен өз еркімен кетуге мұрша беріп отыр. Өйтпеген жағдайда билеуші партия оны биліктен күшпен тайдыратынын мәлімдеді. Осы аптаның аяғында зимбабвелік трагедия мен фарстың немен аяқталатыны белгілі болып қалуы ықтимал.
Мугабенің қандай жолмен болса да биліктен кететіні белгілі. Халқы мен өз партиясының зығырданын қайнатқан қарт диктатормен олардың жаңа ымыраға келуі екіталай деп жатыр сарапшылар. Олай болатын болса, Мугабенің өткен өмір жолы мен саясатын саралап, нақты қорытындылар жасап, болып отырған жағдайдан қажетті сабақ алуымыз міндет сияқты.
Бірінші сабақ. Диктаторлық билік елді біріктіре алмайды.
Еуропалық отарлаушылар Азия мен Африка елдерінен кеткенімен, олардың болашақ дамуы үшін аса қатерлі мұра қалдырып кетті. Өз билігін жүзеге асыру үшін отарлаушылар жергілікті халықтардың рулық, этностық, тілдік, діни қайшылықтарын жақсы пайдаланып келді, бір-біріне айдап салды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген Азия мен Африка елдерінде азаматтық соғыстардың орын алуы, билікке әскерилердің келуі, ең сорақы, ең сұмдық авторитарлық, диктаторлық режимдердің орнауына себеп болды. Билікке қол жеткізген кешегі азаттық үшін күресіп, қарулы көтеріліс жасаған жаңа басшылар КСРО, Қытай, АҚШ сияқты елдерді паналап, солардың айтағымен жүріп, елі мен мемлекетін әлемдік державалардың ойыншығына айналдырды. Елді біріктіру, тұтастандыру, шынайы демократиялық үрдістерді жүзеге асыру олардың миына да келмеді. Керісінше, олар тарихи қайшылықтарды, тілдік, діни, рулық, басқа да қайшылықтарды одан да бетер қоздырып, өз билігін күшейту үшін мықтап пайдаланып келді. Ұлттық мемлекет құрып, азаматтық қоғамды дамытудың орнына жергілікті билеушілер трайбалистік билік жүйелерін дамытты. Биліктің, саясаттың құрылымын архаикалық қатынастарға негіздеді. Рулық-тайпалық партиялардың құрылуына жол берді, билік органдарын тайпа өкілдеріне таратып квоталады, ұлттық байлықты осындай архаикалық институттардың басшыларының қолдарына шоғырландырды. Осы арқылы өз билігін күшейтіп, өз байлығын еселеп арттыра бастады. Экономикалық өсімі төмендеп, басынан бағы тайғаннан кейін осындай мемлекеттердің алпауыт елдердің ойыншығына айналып, азамат соғысын бастап кеткені де осыған байланысты. Сирия, Ливия сияқты мемлекеттердің құлдырап, ыдырауға жақындауының басты себебі, айналып келгенде, осы елдердің ұлттық мемлекет құра алмауында. Алдағы жылдары Азия мен Африкадағы біраз диктаторлық мемлекеттер тілдік, діни немесе рулық негіздерге сай тағы бөлініп, жаңа мемлекеттердің пайда болуы ықтимал дейді бақылаушылар мен сарапшылар.
Екінші сабақ. Диктаторлық билік экономиканы тежейді.
Архаикалық, нарық заңдарын жоққа шығаратын, жарты әлеммен қақтығысып, санкцияға түскен мемлекеттердің экономикасы мен экономикалық құрылымы құрдымға кетеді. Осыдан 50-60 жыл бұрын жер жұмағы саналған Зимбабвенің экономикасы әбден құлдыраған. Жыл өткен сайын халқы кедейленіп, тіпті отар кезіндегі жағдайын аңсайтын жағдайға жетіп отыр. Елді билеп отырған Мугабенің жақындары мен билеуші кландар жемқорлықты өнер мен дәстүр дәрежесіне дейін жеткізген. Санкциялық режимде өмір сүргендіктен, бұл елге шетелдік инвестициялар мүлдем келмейді, өз тауарын әлемдік нарықтарға жеткізе алмайды. Авторитарлық билік қолынан іс келетін, білімді элиталарды елден безуге итермеледі. Туған-туыстар, пара арқылы жасақталатын билік жүйесі экономиканы мүлдем құлдыратып тастады. Зимбабве – бүгінгі күні инфляция бойынша әлем чемпионы. Осыдан 10 жыл бұрын елдегі инфляция 231 миллион пайызды құрағандықтан, айналымға «миллиард доллар», «триллион доллар» деген купюралар жүре бастады. Елдің ұлттық банкі ақшаны басып үлгермегендіктен, оның бірден, бір мезетте құнсыздануы себепті бұл мемлекет «ұлттық валюта» атаулыдан бас тартып, АҚШ долларына, көрші елдердің валюталарына көшіп кетті. 15 миллионға жетер-жетпес зимбабвеліктер Африка құрлығындағы ең кедей мемлекеттің бірі саналады. Адам басына шаққандағы ұлттық жалпы ішкі өнім бүгінде 500-600 АҚШ долларына шығады.
Үшінші сабақ. Диктаторлар ешкімге сене алмайды.
Осы кезге дейін Мугабе биліктің барша тармақтарын өзі жасақтаған. Билеуші партияға өзіне сенімді адамдарды ғана қойды. Министрліктер мен аймақ басшыларын тек өз серіктестерінің қатарынан жасақтады. Армия мен полицияға тек өзіне сенімді адамдарды тағайындады. Барша сайлауды өз сценарийі бойынша өткізіп, парламентте өз партиясына көпшілік орындарды алып берді. ЗАНУ партиясы Мугабе құрған саяси-экономикалық режимнің негізгі бенефициары, яғни қызығын көрушісіне айналды. Осыған қарамастан, елдің армиясы, полициясы, билеуші партиясы өзіне қарсы шықты. Мугабені кетіреміз деп шешім қабылдағаннан кейін ЗАНУ партиясы құрылтайының барша делегаты би билеп, ән айтып, қуаныштарын жасыра алмады. Өмір бойы сайлауда «басымдықпен жеңіп келген», ұлт көшбасшысы, көсемі атанған, әуежайына өз атын берген, ескерткіш қойған, көше мен мектепке атын берген Мугабені қарапайым халық өкілдері, зиялы қауымы да қолдамады. Олар да билеушінің кеткенін билеп қабылдады. Күні кеше ғана Мугабені халықаралық дәрежедегі бейбіткер, мәмілегер деп таныған, қытайлық «Нобель сыйлығы» саналатын «Конфуций сыйлығының иегері», Маоның жолын жалғастырушы Мугабені қорғауда Қытай мемлекеті де асқан белсенділік танытпады. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының «ізгі ниет елшісі» деген атағының да ұзаққа бармасы анық. Осы ұйымның өкілі кеше ғана «Мугабе өз елінде біреудің денсаулығы туралы уайымдағаны шын болса, ол тек өзінің денсаулығы болатын» деп мысқылдап жатыр.
Төртінші сабақ. Отбасын саясатқа араластыру диктаторларға аса қауіпті.
Жалпы алғанда, Мугабеге өз партиясы мен айналасының қарсы шығуының басты себебі – отбасының саясатқа белсенді араласуы деп жатыр сарапшылар. Елдің ұлттық байлығын жекешелендіріп, мансап сату арқылы қор жинаған Мугабенің жақындары соңғы жылдары ел саясаты мен экономикасының ең белсенді мүшелеріне айнала бастады. Бірақ осы жылдар ішінде тек Мугабе мен оның отбасысы ғана байып, күш, қор жинаған жоқ. Мугабенің айналасындағылар да байып отырды, қор жинады, қайраткер атанды. Президенттің жанындағылар да өздерін кереметпіз, ақылдымыз, ел басқаратын жайымыз бар деп өсті. Олардың да өз айналасы, өз нөкерлері мен жақтастары пайда болды. Осы орайда, Мугабенің екінші әйелі, кеше ғана президент әкімшілігінде қарапайым хатшы болған Грейс Мугабенің саяси амбициялары, саясатқа араласуы барша элитаны да, қоғамды да өзіне жау қылды десе де болады. Кеше ғана «Егер Құдай Мугабені өзіне алып кетер болса, біз оның өлігін сайлауға түсіреміз, халық оған дауыс береді» деп ұрандаған Грейс келіншек бүгін шетел безіп кетті.
Бесінші сабақ. Диктатура қоғам мен мемлекетке қауіп.
Өз елінде «Қолтырауын» аталған Мугабе билігі ең алдымен халқы мен мемлекетіне қауіп төндіріп отыр. Әлемнің барша дамыған мемлекетімен жауласқан, нарықтық экономика мен капитализмді жау санайтын диктатордың экономикалық «жетістіктері» турасында жоғарыда айтып өттік. Өзі билік құрған жылдары Мугабе көптеген оппозиция серкелерін өлтіріп, түрмеге жапқаны, тіпті жауларының етін жегені туралы да айтылып жүр. Ондаған мың адамды қырудан тайынбағаны да белгілі. Елдегі жағдайды жөндеймін, абаттандырамын деп жүздеген мың адамды жерсіз, үйсіз қалдырғаны да белгілі. Өз ұлтының алтын уақытының қырық жылын ұрлаған мұндай билеушінің ерте ме, кеш пе, дүниеден өтері бұрын да белгілі болатын. Енді бүгінде Мугабенің кететіні тарихи фактіге айналған күні елдің болашағы туралы ойланатын кез келген сияқты. Себебі диктаторлар ешбір мәселені шеше алмайды. Олар сол мәселелер мен проблемаларды тұмшалап, келесі ұрпақтардың иығына жүк қылып кетеді. Соңғы қырық жылда қордаланған мәселелер елді тығырыққа ғана тіреп отырған жоқ, оның тамырына балта шабуы ықтимал. Себебі ертеңгі күні осы проблемалардың барлығы шыға бастағанда елде жаңа азаматтық соғыс өршіп кетуі әбден мүмкін. Бұл дегеніміз – адам шығыны ғана емес, мемлекеттің мүлдем жойылып кетуі деген қауіп.
Әрине, Қазақстан әлемге, оның ішінде Зимбабвеге ақыл үйрететін мемлекет емес шығар. Бірақ, біз, Қазақ елі, осы әлем тарихынан, Зимбабве тарихынан сабақ алып үйренуіміз керек.
Айтпақшы, бүгінде біздің президентіміз Н.Назарбаев әлемдегі ең ұзақ билікте отырған саясаткерлердің бірі болып табылады. Алдымызда тек Камерунды 42 жыл билеген Поль Бийя, Экваторлық Гвинеяны 38 жыл билеген Теодоро Обианг Нгемо Мбасого, Анголаны 38 жыл билеп келе жатқан Жозе Эдуарду душ Сантуш, Уганданы 32 жыл басқарған Йовири Мусевени ғана бар екен. Егер ертеңдері «Африка көктемі» басталып кетсе, әлемдік рейтингті бастайтын жайымыз бар екен…
Айдос Сарым,
«Жас Алаш»